‘‘Ембімұнайгаз’’ АҚ өткен жылдың жұмысын қорытындылады

‘‘Ембімұнайгаз’’ АҚ өткен жылдың жұмысын қорытындылады
28.03.2017
379
Өндіріс

‘‘Ембімұнайгаз’’ АҚ өткен жылдың жұмысын қорытындылады

«Ембімұнайгаз» АҚ 2016 жылдың қорытындысын шығарып, алдағы жоспарларын межеледі. Бұл туралы бас директордың жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары А.Жақсыбеков баяндады. Жиынға мұнайгаз өндіру басқармалары мен қосалқы құрылым өкілдері қатысты.

Өткен жылы төрт мұнайгаз өндіру басқармаларындағы игеріліп жатқан 34 кен орнынан 2 млн. 832 мың тонна мұнай өндірілді, бұл жоспардан 10 мың тоннаға артық. Жоспардың межеленген көлемнен артық орындалуына ұңғымалардың өнімділігін және қабаттардың мұнай беруін арттыруға бағытталған ұйымдастыру-техникалық, геологиялық-техникалық жұмыстардың қалыпты орындалуы ықпал еткен. Осы мерзімде бұрғылаудан 47 жаңа пайдалану ұңғымалары іске қосылды. Мұнай өндіру деңгейін қалыпты ұстау мақсатында ұңғымаларды күрделі жөндеу және ағымдағы жерасты жөндеу уақытында өткізіліп отыр. Күрделі жөндеуден 246 ұңғыма, жерасты жөндеуден жоспардағы 3344-тің орнына 3398 ұңғыма артығымен өз мерзімінде өткізілді. Күрделі жөндеуден қосымша 122 мың тонна мұнай өндіріліп, артығымен өндірілгені 36 мың тонна болды. Ұңғымаларды аралық жөндеу 275 тәулікті құрады. Бұл да жоспардағыдан артық. 
Жалпы, өндіріс жөнінде айтқанда, Ембі кеніштерінің басым бөлігі ұзақ жылдар бойына мұнай беріп келе жатқанын атап өткен жөн. Сондықтан да суы көп, жабысқақтығы, шайырлығы тағы бар. Алайда, соған қарамастан барлық кеніште де жоспар ойдағыдай орындалып отыр. Оған өндіріске тың технологияларды енгізу арқылы қол жеткізіліп келеді. «Ембімұнайгаз» АҚ жыл сайынғы өндірістік жоспарында жаңа техника және технологияларды тексеруден өткізу үшін өндірістік-тәжірибелік сынақтар өткізеді. Осы жұмыстардың негізгі мақсаттары – мұнай өндірудің өзіндік құнын азайту, яғни электр қуаты, жанар-жағар май, қуат шығындарын қысқарту, ұңғымалардың жөндеу аралық кезеңін ұзарту және тауарлық мұнайды өз мақсаттарына пайдалануды азайту шараларын орындау. Қарнақты терең сораптарды интеллектуалды басқару жүйесі, коррозияға карсы жабынмен қапталған сорапты компрессорлы құбырлар, қарнақты терең сораптардың сызықтық жетегі, қарнақты қырғыш айналдырғышымен, қуысты қарнақ жабдықтары өндірістік-тәжірибелік сынақтардан өткізіліп, осындай технологиялық жабдықтар өндіріске енгізілді. Сонымен қатар қойнауқат мұнай өнімділігін арттыру мақсатында Забурын кен алаңында полимерлік суландыру технологиясы бойынша өндірістік-тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, өндірісте тиімді технологияларды енгізу арқылы мұнайды өндірістік қажеттілікке пайдалануды азайтып, оның нарықта сатылуына мүмкіндік жасалып отыр. Сондай-ақ, барлау-бұрғылау жұмыстары да уақтылы жүргізіліп, оң нәтижелерін беріп келеді. Алдағы жылдары терең бұрғылау жұмыстары да жүргізілмек.
Өндірісті келешек дамыту бағытында да нәтижелі жұмыстар бар. 2016 жылы «Қайнармұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасына қарасты «Уаз» кен орнында интеллектуалды кен орны концепциясы сынамалы жобасы аясында ұңғыма жабдықтарының жұмысын оңтайландыру арқасында электр энергиясы 33 пайызға, ұңғымаларды жөндеу шығындары 25 пайызға кеміді. Биылғы жылы осындай кен орындары санын Прорвадағы 4 кен орнында қолдану жоспарланып отыр. Материалдық-техникалық жабдықтау және жабдықтарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жобалары бойынша да нәтижелі істер бар. «Көріп отырғанымыздай, келешек даму аясында жүргізіліп отырған барлық жобалар шығындарды азайтып, еңбек өнімділігін арттыру, ең бастысы жұмысты жеңілдетуге бағытталған. Ал үнемделген қаражат жұмысшылардың жағдайын жақсартуға жұмсалады», – деді А.Жақсыбеков. 
Қазіргі таңда компания Прорва кен орнында қуаттылығы 150 млн. шаршы метр ілеспе мұнай газын күкірттен тазарту қондырғысы құрылысын жүргізуде. Жоба Прорва тобы кен орындарындағы ілеспе мұнай газын алауларда жағуды тоқтатып, 100 пайыз залалсыздандыруды көздейді. Ал ол өз кезегінде мұнайдың тұрақты түрде өндірілуін арта түседі.  Бұл жаңа зауытта тауарлы газ, тауарлы түйіршіктелген күкірт және тұрақты газ конденсаты өндіріледі. Тағы бір жоба ол – газпоршенді электрстанцияларын салу. Ол өндірістік шығындарды азайтып, электр энергиясының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Компанияда қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік мәселелеріне де үлкен маңыз беріліп, барлық талаптар сақталуда. Жалпы өндірісте негізгі бағыт шығынды азайту, қолда барды күтіп ұстау және еңбек өнімділігін арттыру болса, кадрлық бағытта мамандар біліктілігін арттыру жақсы жолға қойылған. Ол әлеуметтік салаға да ұласып, жұмысшылардың еңбек етуіне және демалуына барлық жағдай жасалған. 
Жалпы, әлеуметтік бағытта көптеген жұмыстар жасалуда. Соның бір парасы – қазақстандық мамандарды дайындау. Ол бойынша дуалды оқыту және стипендиялық бағдарлама жобалары жүзеге асырылуда. Дуалды оқыту жобасы аясында 39 стажерге «Ұңғымаларды зерттеу операторы» біліктілігі тағайындалып, оның ішінде төртеуі Компанияға жұмысқа алынса, APEC Petrotechnic колледжінің аз қамтылған отбасынан шыққан 5 студентіне ай сайын шәкіртақы төленеді. Сондай-ақ, Компания еліміздің 143 студентінің жыл сайын оқу ақысын төлеп келеді. Жұмысшылардың ем алуы мен демалуына да жағдай жасалып, 2016 жылы 1600 жұмысшы шипажай емдеу орындарына барып демалып қайтты. Осындай және басқа да жеңілдіктердің игілігін компания зейнеткерлері де көріп отыр. 
2016 жылы жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында Қоғам бойынша 2017-2020 жылдарға арналған әлеуметтік нысандарды жаңарту Бағдарламасы қабылданып, оның аясында көптеген жұмыстар жасалады. Соның ішінде С.Балғымбаев кен алаңында 150 орындық, Қисымбай кенішінде 50 орындық асхана салынып, Құлсары өнеркәсіптік аймақтағы жатақханаға қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, сонымен қатар  біраз жатақхана-асханалар, басқа да әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтеді, модульдік ғимараттар алынады. 
Компания қайырымдылық және демеушілік бағытта да нәтижелі жұмыстар атқарып, спортты қолдау, қоғамдық ұйымдарға, балалар үйіне, аз қамтылған отбасыларына көмек беру тұрғысында кең қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы мұндай шараларға 280 млн. теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ, Атырау облысының инфрақұрылымын дамыту бойынша облыс бюджетіне жыл сайын қомақты көлемде қаражат бөлініп отырады. Бұл өлкенің дамуына мұнайшылардың қосқан сүбелі үлесі болмақ. Жалпы, қазақ мұнайының қарашаңырағы саналатын «Ембімұнайгаз» АҚ бүгінгі күні өзінің өндірістік, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін толықтай жұмсап, жұмысшыларының жағдайын жақсартуға да барлық мүмкіндікті жасап отыр. «Біз себепсіз ешбір адамды жұмыстан қысқартпаймыз, бірақ тәртіп мәселесі қатаң сақталуы тиіс. Тәртіп бұзғандармен ешқандай ымырашылдық болмайды, осыны мықтап ескерген жөн. Және қай жерде де қауіпсіздікке ықыласпен қарауға тиіспіз, жазатайым оқиғаға жол берілмесін. Ал әлеуметтік жеңілдіктер әлемдегі нарықта мұнай бағасының түсуіне байланысты экономикалық қиындықтарға қарамастан төмендемейді», – деп қорытты сөзін А.Жақсыбеков.
Жиын соңынан жұмысшылардан келіп түскен тендерді уақтылы өткізу, өндірісішілік жолдар құрылысы, кей кен орындарында жаңа асхана, жатақхана салу, рационализаторлық ұсыныстарды материалдық ынталандыру және басқа да көптеген сұрақтарға толық жауап берілді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх