2017 жылы жағдайымыз жақсарады деп айтуға әлі ерте

2017 жылы жағдайымыз жақсарады деп айтуға әлі ерте
06.03.2017
497
Өндіріс

2017 жылы жағдайымыз жақсарады деп айтуға әлі ерте

Соңғы екі жылдағы «қара алтын» бағамының құлдырауы салдарынан туындаған әлемдік нарықтағы дағдарыс – негізгі табыс көзі мұнай өндіру болып табылатын елдер мен компаниялардың экономикасына елеулі өзгерістер енгізді. Алдағы уақытта мұнай бағамының бұрынғыдай жоғары деңгейде мүмкін болмайтындығы баршаға анық. Себебі, сұраныс пен ұсынысқа қарай бағаның құбылуы әлемдік нарықтың негіздеріне тікелей байланысты болып отыр.

Нарықтық экономика жағдайына байланысты 2015 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Ұлттық Банкі теңгені еркін айналымға жіберді. Енді ұлттық валюта бағамының ауысу динамикасы мұнай бағасының өзгеруімен де  байланысты.
Бүгінде мұнайдан өңделетін өнімдердің бағасын нарық арқылы реттеу кезеңіне бірте-бірте көшу үстіндеміз. Мәселен, 2016 жылдың 4 тамызынан бастап ішкі нарықтағы дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу жүйесі алынып тасталды.
«Өзенмұнайгаз» АҚ «қара алтын» өндіруші компания ретінде әлемдік және отандық мұнай нарығының елеулі бір бөлігі болып есептелінеді. Олай дейтініміз – қабылданған міндеттемелерге сәйкес, экспортты және ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз етіп отыр. Демек, мұнай нарығында орын алатын кез-келген өзгерістер компания экономикасына тікелей әсер етеді.
2015-2016 жылдардың қорытындысы бойынша, компания әлі дербес және нарық өзгерістеріне жедел жауап беретін қабілетке ие емес екендігін байқатты. Соның нәтижесінде өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай қаржылық қорының жоқтығы білінді.
Мысалы, 2015 жылы мұнайдың бір баррелінің орташа бағасы 52,5 долларды құраса, теңгенің орташа айырбас бағамы бойынша 1 АҚШ доллары 222 теңге көлемінде болды. Сол кезеңде компанияның  таза ақшалай шығыны (-52) млрд.теңгеге жеткен еді. Былтырғы жылы мұнайдың бір баррелі орта есеппен 43,7 доллар болса, теңгенің орташа айырбас бағамы бойынша 1 АҚШ доллары 342 теңгені құрады. Бұл кезеңнің таза ақшалай ағыны шамамен 34 млрд.теңгені құрады. Нәтижесінде 2015-2016 жылдардағы таза шығын көлемі (-18) млрд.теңге шамасында болды. 
2016 жылдың қорытындысы бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ қаржылық оң көрсеткішке «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ басшылығы мен Маңғыстау облысы әкімдігінің тікелей қолдауы арқылы жеткендігін айта кеткен жөн. 
Атап айтқанда:
 • Ел Үкіметінің 31.08.2016 жылғы қаулысына сәйкес, 2016 жылға «Өзенмұнайгаз» АҚ пайдалы қазбаларды өндіру салығының ставкасы 13-тен 9 %-ға дейін төмендетілді;
• Бюджеттен қосымша құн салығын қайтару;
• Мұнай бағасына қарай экспорттық-кедендік баж салығының дифференциалдық әдіске көшуі;
• «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында тікелей мұнай өңдеу процессингіне көшу нәтижесінде, мұнайды ішкі нарыққа өзіндік құнынан төмен емес баға арқылы сату жүзеге асырылды. 
Жоғарыда аталған іс-шараларды қоспағанда, 2016 жылы компанияның қаржылық нәтижесі (-42) млрд. теңге көлемінде шығын болып, өзін-өзі қаржыландыру деңгейіне жете алмас еді.
2017 жылы жағдайымыз жақсарады деп айтуға әлі ерте. Өйткені, бекітілген бюджет параметрлеріне сәйкес, теңгенің орташа айырбас бағамын 1 АҚШ доллары – 320 теңге мөлшерімен алғанда компанияның шығынсыздық нүктесі барреліне 59 АҚШ долларын құрайды.
Анықтама: Шығынсыздық нүктесі – компанияның табысы шығындарды (ағымдағы және күрделі) жабуға ғана жеткілікті болып табылатын Brent маркалы мұнай бағамының ең аз көрсеткіші, яғни, компания нөлге жұмыс істеуі үшін қажетті мұнай бағасы. 
Қазіргі уақытта әлемдегі мұнай баррелінің бағасы шамамен 55-57 доллар екені баршаға аян. Мұнай бағамы компанияның шығынсыздық нүктесі деңгейінен төмен. Соңғы екі жыл ішінде Brent маркалы мұнай бағасының құбылуы – сұраныс пен ұсынысқа әсер ететін әлемдегі оқиғалар аясында болды.
Мысалы, 2015 жылдың соңында әлемдік нарықта артық мұнай көлемі тәулігіне 2 млн. баррельге дейін өсті. Оған АҚШ-тағы тығыз қабаттардан өндірілетін мұнай (сланцевая нефть) өндірісінің қарқынды өсуі және мұнай экспорттаушы мемлекеттер ұйымының (МЭМҰ/ОПЕК) квотаға өзгеріс енгізбей тұра, керісінше өндіріс көлемін одан әрі арттыруы әсерін тигізді. Ал мұнай сұранысына келер болсақ, әлемдік экономиканың өсу қарқынының баяулауы, АҚШ-тың мұнай қорларының ара-тұра артуы және т.б. әсер етті.
2016 жылы мұнайдың төмен бағамдары одан әрі сақталуына байланысты (2016 жылғы қаңтар айында мұнайдың бір баррелінің бағамы 25 АҚШ долларына дейін төмендеді) мұнай экспорттаушы елдер (МЭМҰ, Ресей және басқалар) нарықтағы мұнай өндіру көлемін қысқартуға келіссөздер жүргізген болатын. Нәтижесінде Вена қаласында 2017 жылдың 1-ші жартыжылдығының соңына дейін, тәулігіне 1,2 млн. баррель мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы келісімге қол жеткізілді. Соның салдарынан мұнайдың бір баррельге есептегендегі бағасы 55 АҚШ долларына дейін өсті.
Бағаның өсуінен 2017 жылдың ақпан айындағы ақпараттарға сәйкес, АҚШ-тағы мұнай қондырғыларының саны 597-ге жетті. Бұл 2015 жылдың соңынан бері қарай рекордтық көрсеткіш болып отыр.
МЭМҰ бас хатшысының соңғы мәлімдемесі бойынша, Венадағы келіссөздерінің шешіміне қарамастан және оның орындалысы деңгейін ескере отырып, нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың теңесуі әзірге әлде-қайда ерте екендігін айтты. Өйткені, нарықтағы тұрақтандыру жөніндегі мәміле бойынша өз міндеттемелерін МЭМҰ елдері 90%-ға орындаса, оған кірмейтін елдер 50% шамасында орындауда. Жетекші аналитикалық агенттіктердің мәліметінше, Венадағы келісімнің тиімділігін бағалау тым ерте және оның аяқталуына әлі 4 айдан астам уақыт бар.
Осылайша, бір жағынан Венадағы келіссөздер нәтижесі нарықтағы мұнай бағасын тұрақтандыруға оң серпінін берсе, екінші жағынан АҚШ-тың тығыз қабаттардан өндірілетін мұнай өндірісінің өсуі кері әсерін тигізуде.
«Bank of America Merill Lynch» сарапшы-ларының айтуынша, американдық мұнай өндірушілерін «қолда» ұстау үшін МЭМҰ және Ресейге мұнайдың баррелінің бағасы 40 доллар деңгейінде ұстауға көнулері қажет делінген. Егер де мұнай бағамдары қайтып, барреліне 60-70 доллар диапазонына келсе, АҚШ-тағы мұнай өндірісі көлемі жыл сайын тәулігіне 720 мың баррельге артады, оның салдарынан 5 жылдың ішінде нарыққа күнделікті 3,5 млн. баррель мұнай қосады. Ол шамамен әлемдегі сұраныстың үштен екі бөлігін қамтиды.
Жоғарыдағы фактілерді ескере отырып, жетекші сарапшылар мен ірі мұнай өндіруші елдер болжамдарында айырмашылық байқалады, болжамдарға сәйкес, алдағы уақытта мұнай бағасы барреліне 30-дан 70 долларға дейінгі диапазонда болуы мүмкін. Бірақ мұнай бағасының әлемдік нарықта өзгеруі, ең алдымен сұраныс пен ұсынысқа байланысты екендігін ұмытпағандығымыз абзал.
Аталған құбылмалы кезеңде «Өзенмұнайгаз» АҚ үшін ең өзекті мәселе қаржылық тұрақтылықты сақтап қалу болып табылады. 
2015-2016 жылдардың қорытындысы бойынша қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ететін қор көлемі 54 млрд. теңгені құрады. Аталған сома шығындарды жабу үшін акционер тарапынан көрсетілген қаржылай көмек болып табылады. Бірақ «Өзенмұнайгаз» АҚ үшін кемінде жылдық персонал шығындары (еңбекақы, Ұжымдық шарт бойынша төлемдер және т.б.) шамамен 80 млрд. теңге көлемінде ақшалай қор жинауы қажет, ол мұнай бағамдарының төмендеуі кезеңінде компанияға жұмысшылар алдындағы міндеттемелерді бір жыл бойы толық орындауға мүмкіндік береді.
Жоспарлы қаржы қорын қысқа мерзімде жинау үшін ағымдағы теңгенің орташа айырбас бағамы динамикасын ескере отырып, мұнайдың бір баррелі жыл бойы 97 АҚШ долларын құрауы тиіс. Ондай бағаның алдағы уақытта бола қоюы екіталай. Немесе 2017 жылға жоспарланған кен орын шығындары мен мұнай өндіру деңгейін сақтай отырып, үш жыл бойы мұнайдың бір баррелі 68 АҚШ долларынан төмен емес деңгейде болуы тиіс.
Егер шығынсыздық нүктесіндегі «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның шығындар құрылымын қарасақ:
• Мұнай бағасына байланысты салықтық жүктемелер (пайдалы қазбаларды өндіру салығы, ренттік салық, экспорттық-кедендік баж салығы) – 35%;
• Монополиялық қызметтер шығындары (мұнай тасымалдау және электроэнергия) – 17%;
• Кенорын шығындары (ағымдағы және күрделі) – 48%;
Салықтық жүктемелер құрамындағы ренттік салық және экспорттық-кедендік баж салығы мұнай бағасына тікелей тәуелді. Сондай-ақ, ағымдағы ережелерге сәйкес, компанияның экономикалық көрсеткіштеріне қарай пайдалы қазбаларды өндіру салығының төмендетілген ставкасын қолдану қарастырылған. Қазіргі таңда төмендетілген ставканы тұрақты түрде қолдану мақсатында салық кодексіне өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Әлемдік және ішкі нарыққа шикі мұнайды тасымалдау шығындары Қазақстан және Ресейдің монополиялық компаниялары қызметінің тарифінен құралады. Тарифтер электр энергиясының тарифі сияқты мемлекет арқылы реттеледі.
Компания шығындарының 48% кенорын шығындары, оның жартысынан көбі компания персоналына арналған шығындар (9509 адам) және Жаңаөзен қаласында орналасқан ҚМГ еншілес ұйымдарының (шамамен 5100 адам) жұмыс көлемімен байланысты шығындар. Қалған бөлігі негізінен Жаңаөзен қаласында орналасқан сервистік компаниялардың және отандық тауар өндірушілердің қызметі мен тауарларынан құралады.
Осылайша, салықтық жүктемелер акционер тарапынан көрсетілген қолдаулар арқылы мұнай бағасына байланыстырылған болса, ал кен орын шығындарының көлемі компанияға тікелей байланысты. 
2015-2016 жылдардағы дағдарыс кезеңіне қарамастан, компания жұмыс орындарын сақтап, еңбекақы және әлеуметтік төлемдерді индексация арқылы арттырып, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында орналасқан ҚМГ еншілес ұйымдардың жұмысшыларын қажетті жұмыс көлемімен қамтамасыз етіп отырды. Сонымен қатар, басқа да кен орын шығындары бойынша олардың экономикалық тиімділігін ескере отырып, шығындарды оңтайландыру бағытында жұмыстар жүргізілді.
Жоғарыда айтылғандай, қазіргі таңда мұнай өндіруші компанияларына әлемдік мұнай нарығында орын алған ережелер мен өзгермелі теңге бағамдары өз талаптарын қойып отыр. Сол себептен «Өзенмұнайгаз» АҚ-да нарықтың бір бөлігі ретінде осы өзгерістерге бейімделуі қажет. 
Компанияның қаржылық тұрақты-лығын қамтамасыз ету бағытындағы басты басымдық төмендегідей болуы тиіс:
• Дағдарыс кезеңінде қаржы қорының мөлшері жылдық персонал шығындары деңгейінен кем болмауы;
• Кен орын шығындарын тиімді пайдалану, мысалы, қарапайым есеппен жұмысшылардың жылдық еңбекақысын индексациялауға жұмсалған қаражат көлемін жабу үшін, компания жылына кем дегенде 100 мың тоннаға дейін мұнай өндіру көлемін арттыру қажет. Ал ҚМГ еншілес ұйымдарының тарифтерін индексациялау нәтижесінде көтерген жағдайда мұнай өндіру көлемі 130 мың тоннаға артуы қажет.
«Өзенмұнайгаз» АҚ Жаңаөзен қаласындағы негізгі кәсіпорын ретінде, нарықтық жағдайға қарамастан, көптеген әлеуметтік жүктемелерді көтеріп келеді. Бірақ, бұдан әрі қарай жоғарыда айтылған қисынды себептерді ескере отырып, алдағы уақытта белгіленген мөлшерден тыс қосымша жүктеме,  жұмыспен қамту, еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерді көбейте беру жөніндегі міндеттемелерді «Өзенмұнайгаз» АҚ экономикалық тұрғыдан артық жауапкершілікті әрі қарай алып жүруге қауқарлы емес болса, өзінің мойнына ала алмайды.

Жасұлан Балуанов, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының 
экономика және қаржы жөніндегі орынбасары

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх