Мұнайшылар маршалы

Мұнайшылар маршалы
22.02.2017
354
Әлеумет

Мұнайшылар маршалы

Бөлекбай Сағынғалиевтың туғанына биыл 90 жыл толады

Адамдық пен азаматтықтың, кісілік пен түсініктің қамшы салдырмас боз жорғасындай болған тұмарлы тұлға, тек мұнайлы Ембі өңірі емес, тұтастай республиканың мұнай өндіру саласын қалыптастыруға баға жетпес үлес қосқан ұйымдастырушы басшылардың бірегейі Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиев еді десек, артық айтқандық болмас еді. 

Ардақты азамат саналы ғұмырын мұнай-газ саласының дамуына арнады. Ол кісінің қарамағында еңбек етіп, үлгі-өнегесін көрген кейінгі толқын ізбасар інілері – біздер де ардагер мұнайшының үлкен қайрат иесі болумен қатар, елін сүйген, елі сүйген азамат екеніне куә болдық.  
Қазақ мұнайының ардагері, үш мәрте «Еңбек қызыл ту», «Октябрь революциясы» ордендерінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген және КСРО-ның құрметті мұнайшысы, бұл күнде есімі қазақ мұнайының тарихында алтын әріппен жазылған, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Теңіз кен орнын бірінші ашушы – Бөлекбай Сағынғалиев арамызда болса,  биылғы жылдың мамыр айының 5 жұлдызында 90 жасқа шығар еді. Соған орай ардагер аға туралы ойымызды ортаға салғанды жөн көрдік.
Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиев 1927 жылы 5 мамырда Атырау облысының (бұрынғы Гурьев) Мақат ауданы Доссор ауылында дүниеге келген. Ол өзінің жарты ғасырдан астамғы еңбек жолын елде Ұлы Отан соғысының оты шарпып, әр үйдің есігін «қара қағаз» қағып жүрген 1944 жылы аупарткомның 1-хатшысының көмекшісі, «Казмұнайбарлау» тресінде тексеруші-бақылаушы қызметтерінен бастаған. Орта мектепті Доссордан бітіріп, 1946 жылы Академик И.М.Губкин атындағы Мәскеудің мұнай институтына түсіп, 1951 жылы оны ойдағыдай бітіріп шыққаннан кейін елге оралып, өзі туып-өскен Доссор мұнай кәсіпшілігіне мұнай өндіру шеберінің көмекшісі болып орналасты. Бұрыннан негізі бар, түсінігі мол жасқа жаңа жұмысты игеріп кету қиынға соққан жоқ. Қошқар, Мақат, Доссор, Қаратон мұнай кәсіпшіліктері басқармаларында бас инженер, 1958 жылы «Қазақстанмұнай» бірлестігінде мұнай-газ өндіру бөлімінің бастығы, 1960-1963 жылдары Қазақ халық шаруашылығы кеңесінің мұнай және газ өнеркәсібі бөлімін басқарды. 1963-1971 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «Казақстанмұнай» одақтық-республикалық бірлестігі бастығының орынбасары қызметтерінде болды.

«Қазақ мұнайының қара шаңырағы» атанған бүгінгі «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамын тапжылмай 15 жыл бойы басқарған Бөлекбай Сағынғалиұлының елімізде мұнай саласының өркендеуіне қосқан үлесі орасан зор. Аталған кезеңде Ембі өңірі, Еділ-Жайық арасындағы кен алаңдары «қара алтын» өндіруді анағұрлым ұлғайтып, тарихта қайталанбас із қалдырды. Мұнайшылар жерасты байлығын игерудегі 70-80 жыл бойы көрмеген әлеуметтік жетістіктерге ие болды. 
Жер асты байлығын игеруде төменгі мұнай қабаттарымен бірге тұзасты тұнбаларын іздеу-барлау жұмыстарында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. 
Мұнайды кең көлемді іздестіру жұмыстарының өміршеңдігін арттыру үшін жаңадан екі Балықшы және Прикаспий барлау-бұрғылау, мұнара монтаждау және ұңғыларды шегендеу, технологиялық көлік басқармалары, құрамында үш құрылыс-монтаждау басқармасы бар «Ембімұнайқұрылыс», күллі төменгі Каспий бойы жер қыртыстары мен қабаттарын тездетілген әдіспен кешенді барлап, зерттейтін  «Ембімұнайгеофизика» трестері құрылып, жұмыс істеді. Осындай түпкілікті іздестіру, барлау, бұрғылау жұмыстарының арқасында 20-дан астам мұнай кенішін ашуға мүмкіндік туды және бұларға қосымша 10-нан астам пайдаланудағы кеніштердің көкжиектері кеңейтілді. Аталып отырған кен орындарының 10-ы, яғни Оңтүстік батыс, Оңтүстік шығыс Қамысты кен орындары, Гран, Жаңаталап, Шығыс Жаңаталап, Ровное, Ботақан, Алтыкөл, Батыс Прорва кен орындары бірлестіктің өз күшімен пайдалануға берілуі арқылы бірден өнім беріп, Отан байлығын арттыру, көмірсутегі кенінің молаюына үлкен үлес қосты. 
1973 жылы 11 сәуірде КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен «Жайықмұнай» мұнай және газ өндіру басқармасы құрылды. Аталған басқарманың құрылуы өңірдегі бұрыннан бар кәсіпшіліктердің біртін-біртін төмендеп бара жатқан өнім беру көлемін күрт көтеріп, 1970  жылғы 2526,619 мың тонна көрсеткішті 1978 жылы 4550,620 мың тоннаға жеткізді. Бұл Ембі өңіріндегі бұрын-соңды болмаған ең жоғарғы нәтиже еді. 
1970 жылдары «қарт Ембінің берері төмендеп, таусыла келді, оны жабу керек» деген мәселе көтерілген кездерде оған қарсы пікір айтқан Бөлекбай ағамыз болатын. Пікірін сонау Мәскеуге сан мәрте барып, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы болған А.Н.Косыгиннің алдында дәлелдеген. «Ембіде мұнай қоры таусылды» деген біржақты пікірді өзінің теория мен практиканы шебер ұштастыра білген білімінің арқасында жоққа шығарып, Ембінің тұз астында жатқан мол байлығын Мәскеу алдында ұтымды дәлелдеуінің нәтижесінде бюрократикалық пікірге тосқауыл қойды. 
1979 жылы №1 ұңғыма үш жылдың ішінде қазылып болып, сол жылдың желтоқсан айында КСРО-да тұңғыш рет Канадалық бірегей «Порта тест» қондырғысының іс-қызметі арқылы алғашқы қысқа мерзімді таза сынақтан өтіп, нәтижесінде тұз күмбездері астында мұнайдың мол қоры бар екені анықталды. Алайда, Теңіз сияқты орасан зор мұнай қоры бар кенішті жалғыз «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің өз қаржысымен игеру мүмкін емес еді. Сондықтан Мәскеуде үлкен басқосу қажеттігі туындады. 
1980 жылы тамыз айының 8 жұлдызында Кеңес Одағы Министрлер Кеңесінің Төрағасы А.Н.Косыгин Одақтың болашағы бар 7 мұнай кәсіпшілігінің бастықтары мен Мұнай және Геология министрліктерінің белді мамандарын қабылдады. Солардың ішінде Мұнай өнеркәсібі министрі А.Н.Мальцев пен КСРО Геология министрі А.Е.Козловский де болды. Осы мәжілістің қорытындысымен 1981 жылдың маусым айының 4 жұлдызында СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің Батыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын күшейту және мұнай-газ өндірісін өркендету жөніндегі №522 арнайы Қаулысы шықты. Қазақ мұнайшылары үшін қадыр-қасиеті зор ол Қаулы барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрді.
Қабатастылық түзілімдерге арналған кең ауқымды іздестіру-барлау жұмыстарының нәтижесінде Теңіз кен орны ашылды. Тәуелсіздіктің таңы атқанда мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Ғасыр жобасын ел игілігіне жаратуды өз қолына алды. Президентіміздің басшылығымен әлемге әйгілі «Шеврон» Компаниясымен Теңіз мұнайын игеруге келіссөз жүргізіліп, 1993 жылы сәуір айының 6 жұлдызында еліміздің Президенті «Ғасыр жобасы» туралы алғашқы келісімге қол қойды. Сөйтіп «Теңізшевройл» атты қазақ-американ бірлескен кәсіпорны құрылды.
Бөкең орталықтағы басшылар алдына маңызды мәселені дер кезінде қоя алатын және оны аяғына дейін жеткізіп, шеше алатын өндіріс басшысы болды. КСРО мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің алдына мәселелер қоя отырып, өңірдегі әуе-табиғат жағдайының қолайсыздығы, сусыз, нусыз аймақтағы дала жұмыстарына орай барлық мұнайшылардың айлық еңбекақысына 45-50 пайыз үстеме қостыру мүмкіндігін алды. Ал Прорва кен алаңындағы мұнайшылар тобына ең жоғарғы үстеме 70 пайыздық деңгейге жетті.
Мұнайшыларға тұрмыстық жағдай туғызу, әлеуметтік деңгейін өсіру тек қаражат көтерумен шектеліп қалған жоқ. Бірлестік жанынан құрылған құрылыс-монтаж басқармаларының күшімен облыс орталықтарында, әрбір кәсіпшілік орналасқан аудандарда көп қабатты және жеке отбасыларына ыңғайлы үйлер тұрғызылды. Атырау қаласының сыртында Бөлекбай ағамыздың ұсынысымен және жеке өзінің басқарып, ұйымдастырылуымен Ақжар – бұрғышылар қалашығы бой көтерді.
Мұнайлы өңірдің болашағы білімді жастардың қолында екенін жақсы түсінген Бөлекбай ағамыз мұнайшы мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлді. Алматының политехникалық институтында мұнай факультетінің ашылуына ықпал етсе, бар беделін сала жүріп, сол кездегі Гурьев қаласында осы институттың филиалын ашуға білек сыбана кірісті. Бүгін бұл – мұнайлы өңірдегі іргелі оқу орындарының бірі. Әрине, ағамыздың өмір жолында мұндай мысалдар жеткілікті. Жоғарыда көрсетілген еңбек жолдарына қоса, Бөлекбай Сағынғалиев партия, кеңес жұмыстарына да белсене араласты. Атап өтетін болсақ: 1952-1960 жылдары Мақат ауданының, Гурьев қаласының қалалық партия комитетінің мүшесі. 1946-1986 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің мүшесі, 1981-1986 жылдары Қазақстан Орталық партия комитетінің мүшесі, Қазақстан Компартиясының XXIII, XXIV, XXV, XXVI-съездерінің делегаты болып сайланды. Сөйтіп, ол ел алдындағы азаматтық борышын ақтады, қазақ мұнайының қара нары атанып, артында өшпес із қалдырды.

«Тәуелсіздігіміздің тірегі болып табылатын «Ғасыр жобасы» атанған әлемге әйгілі «Теңіздің» тарихы Бөлекбай Сағынғалиевтың өмірін баяндайды. Бөлекбайдың ынтасы болмағанда, аталмыш кеніштің пайдасын анағұрлым кешірек көретін едік. Иә, сол кезде тұз қабаты астына бұрғы жіберу батылдық қана емес, батырлық еді». Бұл Атыраудың атпал азаматтарының бірі болған – марқұм Саламат Мұқашев ағамыздың пікірі болатын.
Бөлекбай Сағынғалиұлының адами қырларын сипаттайтын көптеген мысалдар келтіруге болар еді, бірақ біздің ойымызша оны 1985 жылғы жаз айының басында Теңізге барған сапарынан кейін бұрынғы КСРО Халық комиссары және Госплан төрағасы Н.К.Байбаков қысқа, әрі айқын түрде айтты деп ойлаймыз. Мәжілісті аяқтай келе, ол Бөкең туралы былай деп еді: «Сіз нағыз патриотсыз, өз ісінің фанатигі, майталманысыз. Өзінің халқын сүйетін, жерін сүйетін және оның байлықтарын мақтан тұтатын адам нақ Сіз сияқты болуы тиіс». Құрметті Николай Константиновичтің осы сөзіне бірдеңе қосу қиын деп ойлаймыз. 
Ел мен жер егіз ұғым. Бірінсіз-бірі жоқ, әркім өзінің туған жерінде аса қадірлі. «Ерден аспақ бар, ал елден аспақ жоқ», – дейді халық даналығы. Сол айтқандай әрбір адам өзінің пешенесіне жазылған қамшының сабындай қысқа өмірінің ішінде елім деп еңіреп, жерім деп тау қопарып, тас қашаса Толағай атанары хақ, ел құрметіне бөленері сөзсіз. Ол ерлік еңбектер үлгісін, туған жерімізде мұнай өндірісінің алғашқы «тұсаукесерін» жасаған аға буынның өшпес істерін келер ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз деп есептейміз.
Кезінде ақын апамыз Фариза Оңғарсынова өлең арнап, «Мұнайшылар маршалы» деп атаған Бөлекбай Сағынғалиев 2009 жылдың қаңтар айының 11 жұлдызында өмірден өтіп, өзінің туған жері – Доссор кентінде жерленді. Сол уақыттан бері ағамыздың есімінің елді мекендерге, еңселі оқу орындарына, кен орындарының біріне берілмеуі немесе  қаланың (облыстың), болмаса ауданның «Құрметті азаматы» аталмауы қынжыларлық жағдай. Осы олқылықтың кеш те болса орны толса, бүкіл ел ұрпағы риза болары сөзсіз.
Сондықтан бір топ ардагерлер болып, облыс әкімі Н.А.Ноғаевтың атына хат жолдап, Бөлекбай Сағынғалиевтың алдымызда келе жатқан 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ағамыздың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Атырау қаласындағы оның тұрған үйіне (мекенжайы – Орал өткелі,1) ескерткіш қою, Атырау қаласындағы бір көшеге, Ақжар бұрғышы-мұнайшылар кентіне, Атырау мұнай және газ институтына және Теңіз мұнай кен орнына Бөлекбай Сағынғалиевтың есімін беруді ұсынғанымызды да көпшілік назарына бергенді жөн көрдік.

Бағыт Сматуллин, «Ембімұнайгаз» АҚ, Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Төлеген Байзақов, ардагер-мұнайшы, бұрғышы:

«Бөлекбай Сағынғалиевтың Ембі мұнай өндірісінде алар орны ерекше. Оның басшылығы тұсында мұнай өндіру екі есеге артты, көптеген кеніштер ашылды, мұнайшыларға арнап тұтас қалашық бой көтерді, санаторий тұрғызылды, әлеуметтік жағдай жақсарды. Ондай тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыру – бүгінгі ұрпақ парызы».

Елемес Үмбетиев, еңбек ардагері, Мақат ауданының құрметті азаматы:

«Маған Бөкеңмен бірге еңбектес болу бақыты бұйырды. Оның Ембі мұнай өндірісіне сіңірген еңбегі орасан зор. Нағыз ұлтжанды адам еді. Б.Сағынғалиевке Теңіздегі кеніштердің бірінің атын беру лайық деп ойлаймын». 

Мақаш Рахметов, геология саласының үздігі:

«Сол кезде Б.Сағынғалиевтей басшы болмағанда, ол Мәскеудегі басшылардың алдында іздестіру-бұрғылау жұмыстарын жалғастыруға рұқсат алмағанда Теңіз кеніші ашылмас еді. Ашылған күнде де мерзімінен әлдеқайда кеш ашылатын еді... Бөкеңнің есімін ұлығылау ісі жан-жақты жүргізіліп, қолдау табады деп сенемін».

Мақсот Қилыбаев, мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері:

«Қазақстан тағдырында мұнайдың алар орны ерекше. Оның үстіне біздің мұнай құрамы, сапасы жағынан да жоғары. Ал оны игеруге атсалысқан адамдардың орны тіптен бөлектеніп тұрары хақ. Міне, сол барды ұқсата білген Бөлекбай Сағынғалиев ағамыздың ұйымдастырушылық қабілеті жоғары еді. Бір жылдары 70 мыңдай тонна кенже қалып келе жатқан жоспарды толтыру үшін Ровное алаңынан мезгілінен бұрын мұнай өндіріліп, өзі басы-қасында болып үш айда межеленген жоспардан артық орындады. Ол кісінің еңбегі – ұшан-теңіз».

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх