Омбудсмен туралы не білесіз?

Омбудсмен туралы не білесіз?
22.02.2017
680
Әлеумет

Омбудсмен туралы не білесіз?

Омбудсмен дегеніміз кім?
Омбудсмен – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын тәуелсіз қадағалау және қорғау, сондай-ақ бұзылған құқықтарды қалпына келтіру мақсатында өз өкілеттігі шеңберінде қажетті шараларды жүзеге асырумен айналысатын  адам.

Омбудсмен институты қашан пайда болды?
Омбудсмен институты алғаш рет XIX ғасырдың басында Швецияда құрылған, 1809 жылы Конституцияға әділет омбудсмені деген лауазым енгізілген екен. Алайда, «омбудсмен» деген терминнің өзі Швецияда бұдан да ертеректе, нақтырақ айтсақ, XIII ғасырда пайда болған. Швециядан кейін көп уақытқа дейін басқа құқықтық жүйелерде омбудсмен лауазымын құру туралы идея қабылданбаған. Алайда, уақыт өте келе Швеция үлгісімен омбудсмен лауазымы Солтүстік Еуропаның басқа елдерінде – 1919 жылы Финляндияда, 1952 жылы Норвегияда, кейінірек Данияда енгізілген. Алғаш рет еуропалық емес мемлекет ретінде бұл лауазымды 1962 жылы Жаңа Зеландия, бірінші социалистік ел ретінде 1987 жылы Польшада омбудсмен лауазымы пайда болған. Бүгінде әлемнің 100 мемлекетінде омбудсмендер өз қызметтерін атқарып отыр.

Омбудсмен лауазымы әр елде әртүрлі аталады
Омбудсмен лауазымының атауы әр елде  әрқалай кездеседі. Скандинавия елдерінде Әділет омбудсмені, ағылшын тілді елдерде – парламенттік уәкіл, Израильде шағымдар бойынша уәкіл, Польшада азаматтар құқықтары бойынша уәкіл, Ресейде адам құқықтары бойынша уәкіл деп аталады. Сондай-ақ, Францияда медиатор, Португалияда әділет кепілгері, Румынияда халық қорғаушысы деген де терминдер қолданылады. Канадада азаматтар қорғаушысы, Испанияда халықтық қорғаушы деген терминдер  пайдаланылады

Қазақстанда Омбудсмен институты қашан құрылды? 
«Қазақстанда Омбудсмен институтын ұйымдастыру туралы ой алғаш рет 1995 жылы Женевада БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасы өткізген халықаралық семинарда айтылды. Онда Қазақстан делегациясы елімізде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру мүмкіндігі бар екендігін жеткізді. Сөйтіп, 2002 жылғы тамыз айында Президент Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясына 7 жыл толуына  арналған сөзінде Омбудсмен мекемесін демократиялық елдерге тән құбылыс ретінде атап өтті және Қазақстанда осындай институтты құру қажеттігін айтты. Осы жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысының «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін белгілеу туралы» тиісті Жарлығы шықты» («Егемен Қазақстан» газеті 2011 жыл).

Омбудсмен – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл
Бүгінгі күні «Самұрық-Қазына»ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобындағы «Қазатомпром», «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазпочта» және басқа да портфельді компанияларында омбудсмен институты жүйесі енгізілген. Өздеріңізге мәлім, ақпанның 1-нен бастап «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-да Омбудсмен лауазымы енгізіліп, жұмыс істей бастады. Омбудсмен қызметі материалдық тұрғыдан өлшенбейді. Оның қызмет тиімділігі – ұжымдағы қолайлы моральдық ахуалдан көрінеді. Омбудсмен мекеменің абырой-беделіне теріс әсер ететін ахуал, жағдайларды болдыртпау жолында жұмыс істейді. Ол еңбек ұжымының және жалпы компанияның мүддесін қорғайды. 

Оның басты қызметі
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің басты функциясы – қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы әлеуметтік және еңбек қатынастары жөніндегі өзекті мәселелерді дер кезінде анықтау, сараптау. Оларды шешу туралы кеңес беру және оңтайлы жолдарын іздестіру, сондай-ақ қызметкерлер құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу болып табылады. 

Басты принциптері   
Омбудсменнің басты принциптері – бұл бейтарап, әділетті болуы, сондай-ақ құпиялылықты сақтауы және ресми емес адамдарға жақын болуы. Омбудсмен дауласқан тараптардың қандай да бір тарабын қолдап сөйлемеуі керек. Ол сондай-ақ міндеттейтін шешімдер қабылдамайды, оның қорытындысы ұсыным ретіндегі сипатта болады. Сондай-ақ, формальды тергеулер мен сот процестеріне қатыспайды. Бірінші кезекте жоғары моральдық принциптерді басшылыққа алуы тиіс.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх