Жүрекке жазылмайтын жара салды...

Жүрекке жазылмайтын жара салды...
10.02.2017
376
Қызметкерлер

Жүрекке жазылмайтын жара салды...

15 ақпан Совет әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 28 жыл

Жаңаөзен қаласындағы Ауған соғысы ардагерлер қоғамының іргетасы 2003 жылы қаланып, күні бүгінге дейін қала жастарының әскери борыш пен антқа деген адалдықты, елге деген сүйіспеншілік қасиеттерін қалыптастыратын әскери-патриоттық жұмысты белсенді жүргізіп отыр.  

Аталмыш қоғамның алғашқы төрағалары болып Қуат Асанов, Төлеген Әбдіғали, Орынбасар Базаров, Оразәлі Әділовтер сайланып, абыройлы қызмет атқарды. 2014 жылдан бері төраға қызметін «Өзенмұнайгаз» АҚ, ХжЭБ жұмыскері, Ауған соғысының ардагері Сәтбай Құлсариев атқаруда.
«Біздің қылшылдаған жас кезімізде ауған жеріне тап болғанымыз тағдырдан шығар деп ойлаймын. Соғыстың аты соғыс! Мұнда мыңдаған өмір қиылды... Біздің жастық шағымызды ұрлады. Ана баласынан айырылды. Жар жесір, бала жетім қалды... Соғыстың аяқталғанына биыл 28 жыл болса да, жүрекке жазылмайтын жара салып кетті. Қазіргі таңда Жаңөзен қаласында 200-ге жуық ардагер бар. Сол кездегі біздің миссиямыз патриотизм мен интернационалдық борышты өтеу деп түсіндірілді. Бұл соғыс туралы әркім әртүрлі пікір айтуда. Біз бұл мәселені тарихшылар мен уақыттың еншісіне қалдырып отырмыз. Енді өзіміздің қоғамға келетін болсақ, біз ғасырлар бойы бабалардан жалғасып келе жатқан құндылығымыз адамгершілікті ту етіп көтеріп, қаламыздағы мүжәлсіз отбасында тәрбиеленіп жатырған жасөспірімдерге, мүгедектерге қайырымдылық шараларын үзбей ұйымдастыруды қолға алып отырмыз. «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен күні бүгінге дейін 23 отбасына қаржылай көмектестік. Он бір ауған соғысы ардагеріне тіс протезін салдыртып бердік. Өткен жылы бокстан турнир өткізіп, жасөспірімдерге салауатты өмір салтын насихаттадық. Арамызда жүрген шахматтан облыс чемпионы Серікбай Қашағановқа арнап шахмат секциясын ашуды жоспарлап отырмыз. Шахмат адам баласының ойлау қабілетін, ой ұшқырлығын артыратын керемет ойын. Ендігі бір өзекті мәселе, Наурыз мерекесін лайықты тойлауды қолға алдық. Біз  жыл сайын Наурыз мерекесінде мол дастархан жайып қамкөңіл жандарды құрметтеп шақырып жібереміз. Көңілдегі жадаулықты жанға медет жылы сөз, жылы мейірім айықтырады. Өмірде жолы болмаған адам жанашырлыққа зәру», – дейді Сәтбай Құлсариев. Мүжәлсіз отбасыларға жан-жақты көмектесу мақсатында ашылған «Мұнайшы шапағаты» қорына қаражат аударушы азаматтардың аздығына төраға қынжылыс білдірді. Сонымен бірге, компаниядағы Ауған соғысы ардагері №3 МГӨБ қызметкері Шатай Ерғалиев жыл сайын өтетін медициналық тексеру кезінде біздерді кезексіз жіберсе, жақсы болар еді деген өтінішін де айтады. «Мүмкін болса, жауапты адамдар «Ауған соғысы ардагерлері кезексіз жіберілсін» деген хабарландыру іліп қойса», – деген ұсынысын білдірді. БЖБ операторы Бердіхан Қалдыбек, №3 МГӨБ жұмыскері Жексенбай Ыбыраевтар «Өзенмұнайгаз» тарапынан Ауған соғысы ардагерлеріне көрсетілетін қамқорлыққа шексіз алғыстарын білдірді. Ұжымдық шартқа байланысты, аталған категорияға қатысты мұнайшыларға 15 ақпан ресми мерекесіне орай 50 АЕК, Отанды қорғаушылар күніне орай Кәсіподақ тарапынан 15 АЕК мөлшерінде қаражат беріледі. «Бұл біз үшін өте қомақты қаражат. Жыл сайын денсаулығымызды оңалту мақсатында шипажайларға демалып, емделіп қайтамыз. Бұның бәрі қаражатты қажет ететіндігін айтпасақ да түсінікті», – дейді олар. Ауған даласында жан тапсырған қызылсайлық Ахмет Қолдасбаевқа туған аулынан көше беруді сұрап, қала әкіміне хат жолдаған. «Әр халықтың, әр адамның қасиетті борышы – Отаны үшін жанын пида қылған азаматтарын мәңгі есте сақтап, құрметтеу, жас ұрпаққа отансүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау екенін ешқашан ұмытпауымыз керек», – дейді олар бір ауыздан.
Ардагерлердің өздері жасақтаған «Халықтан – халыққа» атты бағдарлама аясында тұрғындардан киілмей қалған киімдерін алып, оны мүжәлсіз отбасыларға үлестіру жұмысы жүргізілуде. Бүгінгі күні осы қоймадан 120 отбасы мүшелері киім алып, азаматтарға риясыз алғыстарын айтып кеткен. Бұрынғылар қайырымдылық бар жерде береке бар екендігін айтады. Майданда болып өмір мен өлімді көріп қайтқан жігіттер ғасырдан ғасырға жалғасқан қазақтың асыл қазынасы адамгершілігі мен кісілігін насихаттауды өздерінің азаматтық борышы деп есептейді. 22 мың қазақстандық азамат қатысқан 10 жылға созылған соғыс не десек те, тарихта ерекше орын алатын беттер екені хақ.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх