Үздік мамандарды марапаттады

Үздік мамандарды марапаттады
10.02.2017
483
Қызметкерлер

Үздік мамандарды марапаттады

№3 МГӨБ басшылығы 2016 жылдың қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен мамандарды марапаттады. Мұнайшылардың өндірістегі еңбегіне оң баға беріліп, арнайы комиссия олардың арасынан озаттарды анықтаған болатын.

№3 Мұнай газ өндіру басқармасының әлеуметтік қамту бөлімі үнемі игі шаралардың өтуіне ұйытқы болып жүреді. Бұған дейін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай басқармаға қарасты цехтар арасында айтулы шара ұйымдастырған еді. Бұл жолғы марапаттың орны бөлек. Басқарма басшысы Жеңісбек Сүлейменов мұндай қолдау мұнайшылардың жұмысқа деген ынтасын арттыра түседі дейді. 
Сонымен, 2016 жылы айрықша көзге түскен бригадалар белгілі болды. Комиссия шешімімен «Үздік бригада» аталымы №1 бригадаға берілсе, оның шебері Махамбет Ешанов бірінші орынға ие болды. Екінші орынға №6 бригаданың шебері Нұркен Нұрлыбаев лайық деп танылды. Одан кейінгі орын №13 бригадаға бұйырса, шебер Байдулла Аккуловқа диплом мен ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды. Айта кететіні, ақшалай сыйлықты №3 МГӨБ кәсіподақ комитеті тағайындап отыр. Ал арнайы тұрмыстық техниканы мекеме басшылығы ұсынған.
Үздік бригаданың шебері Махамбет Ешанов: «Қазақта «Әркім – сыйлағанның құлы» деген әдемі сөз бар. Расында да біз, марапатталушылар, басшылыққа өз ризалығымызды білдіреміз. Адамның еңбегін елеп-ескеру мақсатында марапаттау көңілді марқайтып, ынта-жігерді арттырады. Өзара қарым-қатынасты нығайтады» – дейді.
Топтық қондырғылар арасында бірінші орын 74-ші топтық қондырғы шебері Қажығали Айтниязовқа бұйырса, екінші орынды 77-ші қондырғы шебері Қорабай Жанабаев иеленді. Топтық қондырғының шебері Арман Төлекейұлы бұл аталымда үшінші орынға ие болып отыр. Сондай-ақ,компания үшін тер төгіп, жемісті еңбек етіп жүрген  Аймырза Қыдырбаев, Рахат Жабаев, Ертай Демеубаев, Ғабит Юнисев, Аюп Мәмбетәлиевтерге алғыс хаттар табысталды.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх