Зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шыға аласыз

Зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шыға аласыз
10.02.2017
560
Әлеумет

Зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шыға аласыз

Мұнайшы мамандығы қиын мамандықтардың бірі саналады. Үнемі желдің өтінде, аяз бен қарда, ыстық пен қуаңшылықта далада жүріп еңбек ету оңай емес. Соның ішінде денсаулыққа зиянды, ауыр әрі қауіпті кәсіп түрлері де баршылық. Міне, осындай ауыр жұмыс жасайтындар зейнеткерлік жасқа қандай жағдайда жетеді деген мәселеге көп көңіл бөлініп отыр.

«Ембімұнайгаз» АҚ осы жағдайдан шығудың мүмкіндігін қарастырып, осыдан бірнеше жыл бұрын, яғни 2014 жылдан бастап әйелдер үшін жасы 55-ке және ерлер үшін жасы 60-қа толып, тараптар келісімі бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ-мен аталған жаста зейнеткерлікке шығуға ерікті түрде келісім берген тұлғаларға зейнеткерлік жасқа жеткенше жәрдемақы төлеу Ережелерін бекіткен болатын. Бұл Ереже тек өндірісте, ауыр жұмыста жасағандар үшін ғана емес, жасы жеткен Қоғамның барлық мүшелеріне де қолданылады. Соған сәйкес, өткен үш жыл ішінде аталған Ереже аясында барлығы 117 жұмысшы (14 әйел адам, 103 ер адам) мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шыққан. Әсіресе, бұл бағдарламаның тиімділігін пайдаланушылар жоғарыда айтқанымыздай, ауыр, қауіпті, зиянды, ерекше зиянды жұмыстар жасайтын жұмысшылар екені анық. 
Былтырғы жылдың соңында осындай 4 жұмысшыны мезгілінен бұрын зейнеткерлікке шығару салтанатты жиыны өткен болатын. 4 маманның үшеуі – жұмысшылар қатарынан, олар «Доссормұнайгаз» МГӨБ-де слесарь-жөндеуші, автобус көлігінің жүргізушісі, арнаулы көлік жүргізушісі болып жасаған мамандар болса, біреуі әлеуметтік бағытта еңбек етті.  
Зейнеткерлік демалысқа 2019 жылы шығатынына қарамастан, Ереженің іске қосылғанының арқасында аталған жұмыскерлер зейнеткерлік демалысқа қазірдің өзінде шығуға мүмкіндік алып отыр. 
ЕМГ мен өмірді сақтандыру жөніндегі «Халык-Life» «Қазақстан Халық Банкі еншілес компаниясы» АҚ – компания-операторы бірлесіп дайындаған, Ереже шарттарына сай, алдағы үш жылда зейнеткерлікке шығудың ресми күні басталғанға дейін барлық жұмыскерлер ай сайын жалақысының 48-50%-ы мөлшерінде төлемдерге қоса, еңбек сіңірген жылдары үшін үстеме ақы алып тұратын болады.
– Ереже бойынша еңбек өтілінің көпшілігін ауыр жұмыста өткізген, денсаулығында кінәрат бар мамандар мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шығуға мүмкіндік алып отыр. Бұл орайда, Компания оларға қаржылық көмек ұсынады. Осы Ережені негізге ала отырып, Компания бірнеше мәселелерді шешуге жол ашып отыр: жұмысшылар өмірін жақсартумен қатар, кадрлық құрамды жаңартуға жол ашылуда, – деп атап өтті салтанатты шарада бас директордың жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Ануар Жақсыбеков. 
Демек, бұл Компания тарапынан жұмысшылардың мақсат-мүддесін көздеген және болашақта өндірісте жастардың жұмыс жасауына жол ашып отырған тиімді Ереже. 
«Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлерді басқару және дамыту департаментінің (ҚБДД) директоры Гүлбану Шарафетдинованың айтуынша, аталған Ереже «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы бойынша алғаш рет жүзеге асырылып отырған тың бастама, жаңа жоба. Мұндағы мақсат – біріншіден, Қоғамдағы зиянды (ерекше зиянды) және қауіпті жұмыс түрлеріне жатқызылатын мамандықтарды атқаратын, зейнеткерлік жасы жақындаған жұмысшылардың денсаулығына байланысты жағдайларын ескеріп, зейнеткерлікке шығуды қалаған тұлғаларға мүмкіндік жасау, екіншіден, аталған жұмыстарға жас жұмысшыларды қабылдап, Қоғам мүшелерін жасарту және осы іс-шаралар нәтижесінде білімді де білікті жастарға еңбек етуге мүмкіндік туғызу, сол арқылы Қоғамның еңбек өнімділігін арттыру. Осы Ережелер Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, Ұжымдық шарт пен Қоғамның ішкі құжаттарына сәйкес жасақталған. Шынымен де, мұнайшылар жұмысы оңай емес. Мәселен, ұңғымаларды жерасты жөндеу операторларының, машинистерінің жұмысы ауыр. Сол секілді электрогаз дәнекерлеушілерінің жұмысы да үнемі көзге, жалпы ағзаға салмақ түсіреді. Ал ыстық-суықта күнімен-түнімен көлік жүргізіп, қауіпті де зиянды жүктерді тасымалдайтын, өндіріс басындағы кран, автогрейдер, трактор, т.б. арнаулы техника жүргізушілер жұмысының да өз салмағы бар. Сондай мамандық санатына жататындарға Компания 58 жастан шығу мүмкіндігін де қарастырып отыр. Бұл дегеніңіз үлкен жеңілдік екенін атап өткен ләзім. Аталған Ереже зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік беретін, жасты реттейтін өзгерістер енгізуді қарастырады. 
Ереже күші тараптар келісімі бойынша зейнеткерлікке ерте шығу туралы өтініш берген кезде, Қоғамдағы еңбек өтілі 10 жылдан кем емес Қоғам қызметкеріне қолданылады. Тұлғаларға жәрдемақы ерте зейнеткерлікке қалған, яғни еңбек шарты бұзылған сәттен бастап, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресми зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін белгіленеді. Жәрдемақы төлеу ай сайын сақтандыру компаниясы арқылы тұлға зейнеткерлік жасқа толғанға дейін, Қоғам мен сақтандыру компаниясы арасында тұлғаның пайдасына жасалған ерікті аннуитетті сақтандыру шарты негізінде жүзеге асырылады. 
Еңбек шарты бұзылған соң, ерте зейнеткерлікке шыққан тұлға Қоғамның жұмыс жасамайтын зейнеткерімен теңестіріледі және дағдылы түрде олардың тізіміне енгізіледі. 
Жұмыс жасамайтын зейнеткерлер тізіміне енгізілгеннен кейін Тұлғаға Қоғамның жұмыс жасамайтын зейнеткерлеріне Әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламасының барлық талаптары мен ережелері қолданылады. Бұл да көп жеңілдік. Заң бойынша ресми зейнет жасына жетпесе де, Қоғам зейнеткерлеріне тиесілі жеңілдіктердің бәрін түгелімен олар да ала алады. 
Мәселен, мерекелердегі төлемдер, емдік шаралар, демалыс орындарына жолдама және т.б. Тағы бір айта кетер жайт, Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер үшін зейнет жасының 6 ай сайын ұзарып отыруына сәйкес, Қоғам бойынша әйелдерге зейнеткерлікке ерте шығу жасы да өсіп отырады. Мысалы, 2018 жылдың 1 қаңтарынан әйелдер 55,5, ал, 2019 жылдың 1 қаңтарынан 56 жастан шығады, осылайша 2027 жылға дейін 60 жасқа дейін ұзарады.

Изхаир Шағыров, «Доссормұнайгаз» МГӨБ, Ботақан кен алаңының ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасының бұрынғы 6-разрядты машинисі:

– Мен осыдан тура бір жыл бұрын жасымның толмағанына қарамастан, зейнеткерлік демалысқа шықтым. Ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасында еңбек еттім. Бұл – мұнай-газ саласындағы ең ауыр жұмыстың бірі болып саналады. 2009 жылы «Үздік маман» сайысының қорытындысы бойынша мамандығымның үздігі болдым. Алайда, үнемі ауыр, ауысымдық жұмыспен айналысқаным денсаулығыма да әсер етпей қоймады. Компания басшылығына үлкен алғыс айтқым келеді. Бағдарлама дер кезінде күшіне енген деп есептеймін. Қазір зейнеткермін, денсаулығымды жөндеуге уақытым да бар, тұрақты ай сайын жәрдемақы да алып отырамын. Бір жағынан жастарға да орын берген дұрыс. 

Ырысты Жұмағалиева, Құлсары жылумен, сумен қамту учаскесінің бұрынғы операторы:

– Бұл бағдарлама маған бірден ұнады. Оның барлық заңдылықтарын, қолданылу аясын толық түсінгеннен кейін бірден шешім қабылдап, 55 жастан зейнеткерлікке шығуды ұйғардым. Мен ұзақ жылдар Құлсары жылыту қазандығының операторы болып жұмыс істедім, ауысыммен жасайтын болған соң түнгі уақытта жұмысқа баруға тура келеді. Ол әйел адамға қолайсыздау екені де рас. Сөйтіп осындай шешім қабылдадым. Қазір жағдайым жақсы, немерелерімді қараймын, денсаулығымды күтемін. Уақытым көп, барам деген жеріме, мысалы шипажайға барғым келген уақытта сапарға шыға аламын. Жалақымның белгілі бір бөлігін алып отырмын. Менен кейін де бірнеше адам осы бағдарламаны пайдаланды. Сол үшін де «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына, кадрлар бөліміне алғысымыз шексіз. Бұл шынымен жұмысшы мүддесін, денсаулығын, болашағын көздеген бағдарлама.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх