Өткен жылды қалай қорытындыладық?

Өткен жылды қалай қорытындыладық?
10.02.2017
461
Өндіріс

Өткен жылды қалай қорытындыладық?

Ақпанның 3 күні Астанада «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес және тәуелді ұйымдарының 2016 жылдағы қаржы-шаруашылық қызметін бағалау жөніндегі есептік жиыны өтті. Алқалы басқосуда өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, биылғы жылдың міндеттері пысықталды. 

Жиында ҚМГ БӨ бас директоры Құрманғазы Есқазиев қаржылық-шаруашылық қызметтің қорытындысы бойынша баяндама жасады. Компания басшысы алдымен компаниялар тобы жетекшілерін жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Жыл қорытындысына арналған жиынға «Ембімұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Қазгермұнай» компанияларымен бірге, «Урал Ойл энд Газ», «ҚазГӨЗ», «Карповский Северный», «Кен-Құрылыс-Сервис», «ТТБжәнеҰҚБ» серіктестіктерінің, сондай-ақ мұнай газ өндіру басқармалары мен өндірістік құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері қатысты. Осылайша, жаңа форматтағы жиынға компания жетекшілері ғана емес, мұнай газ өндіру басқармалары мен өндірістік құрылымдар басшылары қатысып, олардың бір-бірімен танысып, өзара іскерлік қарым-қатынастарын нығайта түсулеріне мүмкіндік жасалып отыр. Қ.Есқазиев өндіріс өзегінде қарапайым жұмысшылармен қоян-қолтық жұмыс істейтін әрбір өндіріс басшысының Компания жүргізіп отырған саясатты дұрыс жеткізуінде олардың негізгі, маңызды буын екендігіне баса назар аударды. Осы мақсатта өткен жылы күзде жүзге таяу цех басшыларын Астанаға шақыртып, арнайы жүздесіп, пікір алмасып, мәселелерді бірлесіп талқылап, шешуге деген қадамын жасаған болатын. Сөз жоқ, мықты менеджмент – өзара тиімді іскерлік қарым-қатынас, ынтымақтастық арқылы қаланады.

Қ.Есқазиев сөзінің басында ақпанның 1-нен бастап енгізілген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Орталық аппаратындағы ұйымдық құрылымдық өзгерістерге тоқталды. Басшы бұл өзгерістерді орталық аппарат жұмысының, оның басқарушылық функцияларының, сондай-ақ еншілес және тәуелді ұйымдармен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталғанын айтты.  
Ретімен тоқталсақ, еңбек, қоршаған ортаны қорғау және перспективті даму мәселелерімен айналысатын блок құрылды. Оның құрамына 3 департамент енді. Екі профильдік департаментке перспективті даму және стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директорлар жетекшілік етеді. Техникалық қауіпсіздік, еңбек пен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі үшінші департамент және Блоктың жалпы басшылығы бас директордың еңбек, қоршаған ортаны қорғау және перспективті даму жөніндегі орынбасарына жүктелді. Бұл қызметке мұнай саласында ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан Мәлік Сәлімгереев тағайындалды.  

Омбудсмен институты енгізілді
Тағы бір жаңалық – «ҚазМұнайГаз» ҰК жүйесіне Омбудсмен институты енгізілді. Омбудсменнің басты функциясы қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы әлеуметтік және еңбек қатынастары жөніндегі өзекті мәселелерді дер кезінде анықтау, сараптау, оларды шешу бойынша кеңес беру және оңтайлы жолдарын іздестіру, сондай-ақ қызметкерлердің құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу болып табылады. 
«Енгізіліп отырған бұл құралды уақытылы және тиімді пайдалану қажет. Осы қызметке бұрын «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Әлеуметтік саясат департаментінің директоры болып жұмыс істеген Бақыт Иманғалиев тағайындалып отыр», – деді Қ.Есқазиев. ҚМГ БӨ басшысы қазіргідей мұнай нарығындағы қиын кезеңде еңбек ұжымдарында ауызбіршіліктің болуына баса көңіл аударды. 

Омбудсмен қызметіне кірісті
Бақыт Сайынұлы Иманғалиев 1970 жылы Атырау облысы, Новобогат ауданы, Тұщы құдық селосында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов  атындағы театр және көркемсурет институтын, Атырау мұнай және газ институтын тәмамдаған, Алматы менеджмент университетінің магистрі. 12 жыл мемлекеттік қызметте еңбек етті. Оның 8 жылында Атырау облыстық мәдениет басқармасының басшысы болды, 4 жылында Атырау қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелері жөнінде орынбасары болып қызмет етті.
2012 жылдан «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ның Әлеуметтік саясат және шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің директоры болып жұмыс істеді. 2017 жылдың 1 ақпанынан Омбудсмен. 

Мұнай өндіру жоспарының орындалмау себептері
Өткен жылы ҚМГ БӨ «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Қаражанбасмұнай» АҚ мен «ПетроҚазақстан Инк.» (ПҚИ) компанияларындағы үлестерін қоса алғанда, 12 154 мың тонна мұнай өндірді.  
«Өзенмұнайгаз» АҚ өткен жылмен салыстырғанда 1 %-ға ұлғаюымен 5 555 мың тонна мұнай өндірді. «Ембімұнайгаз» АҚ  2 832 мың тонна мұнай өндірді. Нәтижесінде, ӨМГ мен ЕМГ-нің жалпы өндіру көлемі 8 387 мың тоннаны құрады.
ҚБМ, ҚГМ және ПҚИ-дағы ҚМГ БӨ-нің үлесі 2016 жылы 3 767 мың тоннаны құрады, бұл 2015 жылдағыдан 6%-ға кем – бұл негізінен ПҚИ-дағы мұнай өндіру деңгейінің табиғи жолмен азаюына байланысты болды.  
Осылайша, былтырғы жылы  мұнай өндіру жоспары орындалмады. Жоспарланған 12 млн. 219 мың тонна мұнай өндіру, іс жүзінде нақты орындалу – 12 млн. 163 мың тоннаны құрады. Активтер мен ҚМГ БӨ-нің өндірістік бағдарламасы мен бюджеті Директорлар кеңесінде бекітілгеніне қарамастан, ӨМГ АҚ-ның мұнай өндіру жоспарының орындалмауы 56 966 тоннаны құрады. 2016 жылы ӨМГ АҚ-да тоқтап қалған және азайып жатқан мұнай қоры бойынша мұнай шығындары көбейген. Қ.Есқазиев ӨМГ жұмыс істеп тұрған өндіруші және айдау ұңғымалар қоры бойынша жұмысты күшейту, мұнай ұңғымаларының жөндеу аралық кезеңдерін көбейту, өндіру кезеңінде технологиялық шығындарды азайту, сондай-ақ «ӨзенЭнергоМұнай» басқармасы тарапынан электр энергиясын ажырату жөніндегі  іс-шараларды орындауды қолға алуды баса атады.
ҚБМ-да жоспардың орындалмауы 13 мың 200 тоннаны құрады, оның ішінде ҚМГ БӨ үлесінде 6 мың 600 тонна. «Өндірілетін өнімді жинақтау, тасымалдау, дайындау және есепке алу кезіндегі технологиялық тәртіпті жақсарту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет. Геологиялық-техникалық іс-шаралардың, мұнай кәсіпшілігінің нысандарында энергиямен және газбен қамту жүйесінің тиімділігін сапасы жағынан арттыруға назар аудару қажет» деді бас директор.   

Тозығы жеткен техника паркі жаңартылуда       
«ҚМГ» БӨ» АҚ компаниялар тобының қаржылық  орнықтылығын сақтап қалуға баса маңыз беріп отыр. Компания жұмысын жүргізіп отырған өңірлердегі әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы негізгі міндет. «Ауыр қаржылық жағдайға қарамастан, жұмыскерлердің еңбек ету жағдайларын жақсарту және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ бойынша 1 млрд. 170 млн. теңгеге жуық қаражатқа 50 бірлік автокөлік пен арнайы техника сатып алынды, соның ішінде 9 бірлік – ПАЗ автобустары, 11 бірлік – арнайы жөндеу агрегаттары, 28 бірлік – автоцистерналар, 2  бірлік – ұңғымаларды жерасты жөндеуге арналған агрегаттар», – деді Қ.Есқазиев. 
«Өзенмұнайгаз» АҚ-ның өндірістік құрылымдық бөлімшелерінің өтінімдері бойынша биылғы  жылы 94 бірлік автокөлік пен арнайы техника сатып алу жоспарланып отыр. Осылайша, тозығы жеткен техника паркі жаңартылмақ. Бұл жұмыстар алдағы жылдарда да жалғасады. Қ.Есқазиевтің айтуынша, 2018-2021 жылдар кезеңінде «Өзенмұнайгаз» АҚ бойынша 13 млрд.  теңгеге жуық қаржыға 469 бірлік арнайы техниканы сатып алу жоспарланып отыр. 

Тікелей процессинг тиімді
Компания қызметіндегі оң тиімділіктің бірі былтырғы жылдың 1 сәуірінен бастап тікелей процессинг схемасына көшуі болды. «2016 жылдың қорытындысы бойынша тікелей процессинг схемасынан ҚМГ БӨ деңгейінде табыстылықты қамтамасыз ете алдық. Процессинг схемасына көшу ӨМГ мен ЕМГ-нің өзіндік құнынан төмен баға бойынша ішкі нарыққа мұнай жеткізу тәжірибесін тоқтатуға мүмкіндік берді. Бұл ҚМГ БӨ-нің жаңа бизнес саласы болып табылады, бұл ішкі нарыққа жеткізудің осы схемасының тиімділігін арттыру жөніндегі бұдан арғы жұмысты талап етеді.  2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚМГ БӨ тікелей процессинг схемасы бойынша жұмысты дербес жүргізетінін атап өткен жөн. ҚМГ-ӨМ осы жұмыстар жөніндегі агент ретінде енді қатыстырылмайды», – деді Қ.Есқазиев. 

Өткен жыл қорытындысы қандай проблемаларды көрсетті? 
Бұл ретте бірінші – жаңа ұңғымаларды бұрғылау тиімділігінің проблемасы аталды. Мәселен, өткен жылдың қорытындыларына тоқталсақ, «Өзенмұнайгаз», «Ембімұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» және «Қазгермұнай» компаниялары бойынша 248 ұңғыма іске қосылды. Оның ішінде 62 ұңғыма жоспарлы тиімділік деңгейіне жетпеді. Осылайша, ҚМГ БӨ-нің барлық өндіруші активтері бойынша 2015-2016 жылдар үшін тиімсіз бұрғылауға күрделі салымдар қыруар қаржыны құрады. Бұл жаңа бұрғылау үшін жаңа ұңғымаларды іріктеудің тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысты жүргізу қажеттілігін, қолданыстағы іріктеу процесін егжей-тегжейлі талдауды, сондай-ақ жобалау институттарымен тікелей тығыз жұмысты талап ететіндігі аталды. 
«ҚМГ БӨ компаниялар тобының өндіруші және мұнай-сервистік активтері жыл сайын күрделі салымдардың ағымдағы бюджетін игермеу проблемасына тап болады. Бұның себептері, әдеттегідей, мынадай факторлар болып табылады: жобалау-сметалық құжаттаманың болмауы немесе оның қайта қаралуы; және жобалау-сметалық құжаттама бойынша жабдық пен тауарлық-материалдық құндылықтар бағаларының ағымдағы бағаларға сәйкес келмеуі, бұл ұзаққа созылатын тендерлік рәсімдерге әкеледі; ҚМГ БӨ тобының еншілес компанияларын қоса алғанда, мердігерлік ұйымдар тарапынан жұмыстардың ұйымдастырылуын және қажетті ресурстармен қамтамасыз етуді кешіктіру. Бұның барлығы бөлінетін бюджет қаражатының уақтылы игерілмеуіне әкеледі», – деді бас директор. 
Еншілес ұйымдар бюджеттерін орындауға жүргізілген егжей-тегжейлі талдаудың қорытындысы бойынша ҚМГ БӨ ішкі процестерді жақсарту және тиімділікті арттыру жөнінде қосымша ұсыныстарды айқындайтыны аталды. Әрбір компания үшін нақты бағдарлама әзірленіп, ол еншілес ұйымдар жұмысына енгізіледі. «Бұл ретте, аталған жұмыс ҚМГ БӨ-нің жауапты қызметкерлерінің тікелей қатысуымен біздің кәсіпорындардың жұмыс жасау орындарында жүргізілетін болады. Бұл қызметкерлер арасындағы жақсы қарым-қатынасты реттеп қана қоймай, біздің еншілес және бірлесіп бақыланатын компанияларымыздың қызметіне жағымсыз әсер ететін қандай да бір маңызды проблемалар мен мәселелерді терең түсінуге мүмкіндік береді», – деді бас директор.   
Қ.Есқазиев өткен жылдың  оңай болмағанын, бірінші кезекте бұл әлемдік нарықтардағы конъюктураға байланысты болғанын атады. Дегенмен, бұл қиындықтар өндірістік шығындарды оңтайландыруға және қаражатты үнемдеуге бағытталған жобаларды дамытуға ынталандырғанын да атап айтты. «Компания қызметтің тиімділігін арттыру үшін озық тәжірибелер мен басқару технологияларын ендіру жолындағы жұмыстарды жүргізіп жатыр. Осындай жобалардың бірі Интеллектуалды кен орнының тұжырымдамасы болып табылады, бұл жоба «Ембімұнайгаз» АҚ кәсіпорындарында табысты сынақтан өткізілді. Өздеріңіз білетіндей, пилоттық жобаның алғашқы нәтижелерінің қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның Инвестициялық комитеті аталған жобаны «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ компаниялары тобының басқа да кен орындарына тарату туралы шешім қабылдады», – деді ҚМГ БӨ бас директоры.

Еңбек және технологиялық тәртіп қатаң сақталуы тиіс
ҚМГ БӨ компаниялар тобында еңбек және технологиялық тәртіп сақтау және оны күшейту ұдайы назардағы мәселе. Жыл сайын қорытынды жиында бас директор бұл мәселеге айрықша маңыз аударып, нақты міндеттерді жүктейді. 
Өткен жылдың қорытындысында еншілес, тәуелді ұйымдар бойынша жалпы алғанда, жазатайым оқиғалар 40-тан 31-ге дейін азайған. Осы бағыттағы жұмыста «Қазгермұнай», «ҚазГӨЗ», «Урал Ойл энд Газ», «Карповский Северный», «KMGEP-Catering», «СӨТБ» және  «АрғымақТрансСервис» мекемелері оң нәтиже көрсеткен.  Олар өндірістік жарақат алу бойынша жылды нөлдік көрсеткішпен аяқтады. 
«Ембімұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» және «Кен-Құрылыс-Сервис» компанияларында өндірістік жарақат алу айтарлықтай азайған. 
«Бұл тұрғыда «Өзенмұнайгаз» жылды өте нашар көрсеткіштермен аяқтады: 18 жазатайым оқиға орын алды, бұл 2015 жылдағыдан 2,5 есеге артық. Сонымен қатар, 2 жазатайым оқиға өліммен аяқталды, онда 3 қызметкеріміз қаза тапты», – деді бас директор. Қ.Есқазиев өндірістік, технологиялық процестердің сақталуын жіті тапсырды. 
Қауіпсіздік шарасының сақталуына қатысты мәселеге тоқтала келе Қ.Есқазиев, ендігі жерде барлық деңгейдегі басшыларға, тіпті мекеменің бірінші басшыларына дейін қатаң жаза қолдану, атқарып отырған жұмысынан босату шаралары күшейтілетінін баса айтты. 
ҚМГ БӨ компаниялары тобындағы қауіпсіздік мәдениетін арттыруда «Қауіпсіздік бойынша жұмысшының қауіпсіз іс-әрекетін бақылау» бағдарламасын енгізу арқылы қауіпсіздік және еңбекті қорғау процестеріне басшылық пен қызметкерлердің қатысуын ұлғайту жоспарланып отыр. Барлық мекеме басшыларына осы бағдарламаны жіті бақылауға алып, орындалу барысын қатаң қадағалау керектігін баса айтты. Экология мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Соңғы жылдары қайта пайда болатын мұнай және радиациялық ластанулар азайған. Айыппұл санкцияларының азаюы байқалған. Дегенмен, Компания басшысы осы жиында мұнай қалдықтары төгілуінің алдын алу және болашақта болдырмау мақсатында тиісті іс-шараларды күшейтіп, экология және қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлу керектігін қатаң ескертті. 

Әлеуметтік тұрақтылық басты назарда! 
ҚМГ БӨ компания қызметкерлерінің әлеуметтік тұрақтылығын сақтауға баса көңіл бөліп келеді. Өткен жыл оңай болған жоқ. Дегенмен, Компания операциялық, күрделі салымдар, жалақы, сыйақы мәселелеріне көмек көрсету ісін назардан тыс қалдырған жоқ. Мамандар оқыту мәселесіне үлкен мән беріліп отыр. Қазіргі уақытта «Өзенмұнайгаз» АҚ 2, «Ембімұнайгаз» АҚ 3 қызметкері Мәскеуде И.М.Губкин атындағы мемлекеттік мұнай-газ университетінде білімдерін ұштауға, сондай-ақ «Өзенмұнайгаз» АҚ 10 қызметкері Миланға «Eni» халықаралық ірі компаниясына жарты жыл мерзімге біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алды. Қ.Есқазиев 26 мыңнан астам қызметкері бар Компанияның бәсекеге қабілетті болу мақсатын қойып  отыр. 
Өткен жылдағы маңызды міндеттің бірі – шығындарды көбейтпей, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларын төмендетпеу болды. Бұл орайда жаңа кезеңге ұжымдық шарттарды жасасу кезінде олар бойынша шығындарды ұлғайтпау жөнінде нақты тапсырма болды.  Осы ретте «Ембімұнайгаз» АҚ-ның жұмысы оң бағаланды. «Бұл компания алғаш рет 5 жыл мерзімге жаңа Ұжымдық шарт жасасты. Жаңа Ұжымдық шартқа сәйкес жалпы оған шығындар көбейтілген жоқ. Яғни, компанияға қосымша шығындар жүктелмейді. Ұжымдық шарт жобасын қарау мерзімі ішінде ЕМГ-нің барлық өндірістік құрылымдық бөлімшелерінде жұмыскерлермен және олардың өкілдерімен түсіндіру және консультациялық жұмыстар жүргізілді. Осылайша, осы шарт ортақ келісімге жетудің нәтижесі болып табылады. Осы жерде мен «Өзенмұнайгаз» компаниясын аталған тәжірибені пайлануға шақырамын, өйткені, ӨМГ-дегі Ұжымдық шарттың мерзімі аяқталып қалды. Ең бастысы, компанияның қаржылық жағдайын ескеру қажет. Бос уәде мен орындалмайтын міндеттемелер тек жағдайды ушықтырып жібереді. Қай жерде қаражат үнемдеуге болатынын таразыға салып, жан-жақты зерттеп қараңыздар. Сондай-ақ, еңбекке жарамсыздық бойынша төлемдерге қатысты мәселелерге де көңіл аударыңыздар. «KMGEP-Catering» ЖШС мен «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС компанияларын атап өткім келеді, бұл ұжымдарда еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі. ЕМГ-нің еңбек ұжымдарымен және кәсіподағымен келіссөздер жүргізу нәтижесінде, еңбек өтіліне қарай еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша төлемдерді азайта алғанымызды атап өткім келеді. Бірақ тағы да қайталаймын, әрбір компанияда өздерінің өндірістік және әлеуметтік ерекшеліктері бар. Сондықтан, әріптестеріңіздің тәжірибесін назарға алып, салыстырмалы түрде әрбір мекеменің ерекшелігін ескере отырып, ұжыммен жұмыс жасаңыздар», – деді ҚМГ БӨ басшысы.
Есептік жиында «Ембімұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Қазгермұнай» компанияларымен бірге, «Урал Ойл энд Газ», «ҚазГӨЗ», «Карповский Северный», «Кен-Құрылыс-Сервис» кәсіпорындарының басшылары жыл қорытындысы бойынша баяндамалар жасап, өзекті деген мәселелерімен бөлісті. 
ҚМГ БӨ-ге қарасты еншілес тәуелді компанияларға 2017 жылға арналған тиісінше тапсырмалар жүктелді. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх