‘‘Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік’’

‘‘Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік’’
10.02.2017
1384
Экономика

‘‘Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік’’

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жария етті

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты тақырыпта жарияланды. Мемлекет басшысы алдымен еліміздің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өткеніне тоқталып отыр. «2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды. Биыл Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараны біз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткіземіз. Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетеді. Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс. Біз осы мақсатқа қарай табандылықпен ілгерілей береміз» деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Елбасы Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отыр.
«Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі. Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Алғашқы басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Бұл орайда Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеу және қабылдау тапсырылып отыр. Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеу жүктелді.Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр. «Қазақстанның өз Инвестициялық стратегиясы болуға тиіс. Үкімет оны биылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлеуі керек» деп атап көрсетті Елбасы. Жолдауда экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиістілігі аталды. «Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек. Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс. Жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамаларына қажетті өзгерістер енгізуді тапсырамын» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. 
Елбасы Үкіметке «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде трансформациялау ісін жүзеге асыруды тапсырды. «Басқарушылық және өндірістік бизнес үдерістерін толық ревизия мен оңтайландырудан өткізу қажет. Нәтижесінде ол тиімділігі жоғары, жинақы және кәсіби холдингке айналуға тиіс. Менеджмент пен корпоративтік басқару сапасын халықаралық деңгейге жеткізу керек» деп атап көрсетті Елбасы. Жолдауда биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайтыны аталған. «Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі» деп атап көрсетілді.
Маңызды құжатта әлеуметтік сала жан-жақты қамтылған. Атап айтсақ, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады. Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді. Президент тапсырмасы бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі.
Жолдауда макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту, институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты мәселелер жан-жақты қамтылып, негізгі міндеттер атап көрсетілді.
Жолдау мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінен ықшамдалып алынды.

Мұнайшы пікірі:

Қуаныш Далабаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ, ТТБ жүргізушісі:

Болашаққа деген сенімімізді нығайтады

– Елбасы Жолдауымен таныстым. Көңілге қонатын біраз мәселелер айтылды. Соның бірі тікелей Елбасының бастамасы бойынша «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасының іске аса бастауы.
Сонымен бірге, Президент өз Жолдауында халықаралық ағылшын тіліне басымдық беріп отыр. Расында да, бүгінгі күні әлемде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. 
Алайда, мемлекеттік тіл ретінде республикада қазақ тілінің мәртебесі сақталынып қана қоймай, өсіп-өркендеп, қанат жаятындығы да болашаққа деген сенімімізді нығайтады.
«Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс. Біз осы мақсатқа табандылықпен ілгерілей береміз», – дейді Елбасы. Қазақ елінің гүлденуіне өзенмұнайгаздық әрбір мұнайшы да мүдделі.

Әлібек Тілепқалиев, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ, Құлсары өндіріс құралдарын пайдалану және жөндеу цехының фрезерлеушісі:

Кәсіп алу – керек іс

– Жолдауда әдеттегідей еліміздің алдағы даму бағыты көрсетіліп, нақты тапсырмалар берілген. Соның ішінде «Баршаға кәсіптік-техникалық білім беру» жобасына тоқталып өткім келеді. Бүгінде шағын және орта бизнесті, жалпы өнеркәсіпті дамыту үшін кәсіптік мамандық иелері қажет-ақ. Мысалы, дәнекерлеуші, электрик, стропальщик, темір жонушы, ағаш шебері, т.б. мамандықтар қазіргі заман талабында сұранысқа ие екендігі де рас. Мен өзім ұзақ жылдардан бері фрезерлеуші мамандығы бойынша жұмыс жасап келемін. Мұнай өндірісінде әр түрлі техникалар қолданылып, темір бұйымдар жиі пайдаланылады. Сондықтан өз мамандығымды мұнай ісіне қажетті кәсіп деп есептеймін. «Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс» делінген Жолдауда. Шынымен де, қазір жастардың жұмыспен қамтылуы үшін кәсіптік білімді меңгергені маңызды. Нарық заманында екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ересектер үшін тегін мамандық алу таптырмас дүние. Жергілікті жерлерде осы жоба сәтті жүзеге асып кетсе және әрі қарай жұмысқа орналасуға ықпал етілсе, нұр үстіне нұр.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх