Әлеуметтік сала ұдайы назарда!

Әлеуметтік сала ұдайы назарда!
24.01.2017
324
Әлеумет

Әлеуметтік сала ұдайы назарда!

«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Әлеуметтік саясат және шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің директоры Бақыт Иманғалиев «Мұнайлы мекен» газетінің сұрақтарына жауап береді.

– Бақыт Сайынұлы, соңғы жылдары мұнай нарығында баға айтарлықтай құлдырап кетті. Дегенмен, Компания әлеуметтік бағыттағы жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндігінше күш салып келеді. Әңгімені алдымен, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау саласындағы атқарылған жұмыстардан бастасаңыз?

– Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау компания саясатындағы маңызды, негізгі бағыттың бірі. Мұнай өндірісі ауыр, қауіпті сала.  Жұмысшылардың қолайлы жағдайда еңбек етіп, еңбектен тыс уақытында дұрыс тынығуы маңызды іс. Бұл орайда «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ компаниялар тобының ұйымдарында қызметкерлерді әлеуметтік қолдау, олардың еңбек ету және демалу жағдайларын жақсарту және салауатты өмір салтын ұстануға қатысты бірыңғай әлеуметтік саясат қолданылады. 
2008 жылдан бері «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ жұмыс беруші, қызметкерлер мен кәсіподақ комитеттері арасында Ұжымдық шарттарға қол қоюды тәжірибеге енгізе бастаған болатын. Міне, осы Ұжымдық шарттар қызметкерлерге қосымша әлеуметтік қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Ұжымдық шарттар шағын 2 компанияны қоспағанда, компаниялар тобының барлық ұйымдарында қолданылады, аталған шағын екі компанияда Ұжымдық шарттардың негізгі талаптарына ұқсас келетін қызметкерлерді әлеуметтік қолдау бағдарламалары жұмыс істейді.  
2014 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауының қорытындылары бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Қазгермұнай» БК» ЖШС-ның Ұжымдық шарттарының үздік деп танылғаны бұл саладағы жұмыстың оң бағасы екенін көрсетеді.
Қолданыстағы Ұжымдық шарттар шеңберінде жұмыс берушілер өндірістегі қызметкерлерді ыстық тамақпен қамтамасыз ету, ауырған жағдайда қызметкерлер мен отбасыларының үш мүшесін ерікті медициналық сақтандырумен қамту, уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша қосымша жеңілдікті төлемдер төлеу, қандай да бір жағдайлар кезінде қызметкерлер мен олардың отбасыларына материалдық көмек көрсету, қызметкерлердің санаторлық-курорттық мекемелерде емделу және демалуға жұмсалған шығындарын өтеу, сауықтыру лагерьлерінде қызметкерлер балаларының демалыстарын ұйымдастыру және басқа да әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді қабылдады.      
Жұмыс істемейтін зейнеткерлерімізге де көңіл бөлініп отыр. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ компаниялар тобы ұйымдарының барлық зейнеткерлері есепке алынған және жұмыс істемейтін зейнеткерлерді әлеуметтік қолдау бағдарламасымен қамтылған. 
Өндіріс сан салалы. Ауыр буындары да аз емес. Мұндайда адам жасының ұлғаюы, денсаулықтың сыр беруі қиын тиюі ықтимал. Бұл орайда мұндай азаматтарға мүмкіндіктер қарастырылған. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бастамасы және қолдауы бойынша барлық негізгі өндірістік кәсіпорындарында қызметкерлердің зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығу (қызметкердің қалауы бойынша) тәжірибесі қолданылады, бұл жағдайда қызметкер зейнеткерлік жасқа толғанша жалақының жартысынан кем емес мөлшерде ай сайын жәрдемақы алады және өзге де артықшылықтары сақталады. 

– Компания өндірістегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту шараларын ұдайы назарда ұстайды. Көптеген жаңа нысандарды іске қосты. Осы саладағы жұмыстарды да таратып айтып өтсеңіз? 

– Өндірісте еңбек етуге қолайлы жағдай жасау – басты, негізгі міндеттің бірі. Ауысымдық кезекпен, вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жасау ұдайы назарда. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ 2009 жылдан бастап «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту жөніндегі ауқымды бағдарламасын іске қосқанын атап айтқан жөн. 2009-2015 жылдар аралығында Өзен кен орнында 5 ескі асхана күрделі жөндеуден өтіп, жаңа 11 асхана салынды, жалпы саны 3914 орынға арналған өндірістік персонал үшін киім ауыстыратын және жуыну бөлмелерімен қамтылған 98 заманауи шаруашылық-тұрмыстық нысан, 3 жаңа медициналық пункт салынды, суға арналған 144 сыйымдылықтар орнатылды,  2 жұмысшы автостанциясы іске қосылды. Осы кезең ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ кен орындарында вахталық қалашықтар үшін вагон-асхана, вагон-жатақхана, медициналық пункт, кір жуатын үй-жай сияқты әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы 106 жаңа мобильдік нысан сатып алынып, орнатылды. 
2012 жыл ішінде «Қаражанбасмұнай» АҚ, «АрғымақТрансСервис» ЖШС мен «Тұлпармұнайсервис» ЖШС қызметкерлерінің ішінен толығымен жаңадан құрылған «Технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы» ЖШС үшін Қаражанбас және Қаламқас кен орындарында жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған, қазіргі заманғы вахталық қалашықтар салынды.  Бүгінде бұл нысандар мұнайшылар игілігіне жұмыс істеп тұр. 
Сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттау, қолжетімді спорт түрлерін дәріптеу, қызметкерлерді дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға тарту, сондай-ақ корпоративтік рухты қалыптастыру және компаниялар тобына кіретін ұйымдардың қызметкерлері арасындағы коммуникацияны жақсарту мақсатында «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ 2012 жылдан бастап еңбек ұжымдарының Спартакиадасын жыл сайын ұйымдастырып, өткізіп келеді.  2016 жылы мұнайшылар Спартакиадасы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ деңгейінде өтті. ҚМГ БӨ компанияларынан ішкі сайыстарда іріктеуден өтіп, озық шыққан қызметкерлер команда құрамында сайысқа түсті. 
Сонымен қатар, 2012 жылдан бері «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ компаниялар тобының үздік мамандары арасында кәсіби шеберлік бойынша «Үздік маман» байқауларын жыл сайын өткізеді. 

– Өндірістік қызмет жүргізіліп отырған өңірлердің әлеуметтік дамуына қолдау бойынша жұмыстарға да тоқталсаңыз?

– «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ және оның еншілес ұйымдары жұмыс жасап жатқан уақыттың барлығында өз қызметін жүргізіп отырған өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тұрақты түрде қаражат бөліп, қолдау көрсетіп келеді. 
Бұл ретте, қаражат жер қойнауын пайдалану мен барлауға келісімшарттардың міндеттемелері бойынша әлеуметтік аударымдар түрінде, сондай-ақ таза пайданың ақша қаражатынан өндірістік қызмет өңірлерінде әлеуметтік жобаларды іске асыруға демеушілік және қайырымдылық көмек көрсету ретінде бөлінеді. 
Келісімшарттық міндеттемелер шеңберінде 2004-2016 жылдар аралығында «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ және оның еншілес ұйымдары жергілікті атқарушы органдардың бағдарламалары бойынша әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды дамытуға жергілікті бюджеттерге 15,58 млрд. теңге аударды.
Осы кезең ішінде демеушілік көмек ретінде жергілікті қауымдастыққа бөлінген жалпы қаражат сомасы 36,62 млрд. теңгені құрады.
Маңғыстау облысы бойынша тоқталсақ, Жаңаөзен қаласында 3 000 орынға арналған стадион, Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Каспий теңізі жағалауында 250 орындық балалар лагері, 100 орынға арналған медициналық-оңалту орталығы, Жаңаөзен қаласында 200 пәтерлік тұрғын үйі, Жаңаөзен қаласында спутниктік телевизия желісі, Жаңаөзен қаласының жұмыссыз тұрғындары үшін әлеуметтік жұмыс орындарын құру, Жаңаөзен-Қызылсай автожолын күрделі жөндеу жұмыстары және Жаңаөзен қаласында көкөніс сақтау қоймасының құрылысы қаржыландырылды. 
2014 жылы Жаңаөзен қаласында 50 орынға арналған станционары бар медициналық орталықтың құрылысы басталды. 
Ал, Атырау облысы бойынша Қошқар, Комсомол, Бек-Бике тұрғындарын көшіру, Атырау қаласында жабық жүзу бассейнін салу, Байшонас және Ескене ауылдарының тұрғындарын Атырау қаласына көшіру, ауылдық елді мекендерде 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу, Доссор кентінде балабақша және Х.Ерғалиев кентінде балабақша құрылысы қаржыландырылды. 
Қызылорда облысының Талсуат кентінде 300 орынға арналған психоневрологиялық интернат-үйінің құрылысын аяқтауды қаржыландыруға қаражат бөлінді. Батыс Қазақстан облысында табиғи апаттан зардап шеккен халыққа көмек көрсетуге қаражат бөлінген болатын.  

– Соңғы жылдары мұнай бағасы нарықта құлдырап түсіп кетті. Мұндай жағдай әлеуметтік қолдау жұмыстарына салқынын тигізіп жатқан жоқ па? 

– Соңғы жылдары мұнай нарығындағы жағдай, әрине, біздің саланы да айналып өткен жоқ. «Етекті кеңге салып» жүретін  кезең емес. Дегенмен, қаржылық дағдарыстың да жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын қырлары барын да ескеруіміз керек. Әрине, біз қызметкерлеріміздің әлеуметтік қолдау деңгейін төмендетпеуге, алаңсыз еңбек етулеріне қажетті жағдайлар бағытындағы жұмысымызды жалғастырамыз. Ал, жер қойнауын пайдалану мен барлауға келісімшарттардың міндеттемелері бойынша жұмыстар жалғасады. Өңірдің әлеуметтік дамуы – біздің ортақ мақсатымыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх