Еңбекпен есейген Хаким

Еңбекпен есейген Хаким
27.12.2016
462
Қызметкерлер

Еңбекпен есейген Хаким

Ембіде өндірістен шыңдалып өскен мамандар аз емес. Солардың бірі – Омаров Хаким Төтесұлы Ембі ауданының Сарықамыс поселкесінде, мұнайшылар ауылында дүниеге келген. 1983 жылы мұнайлы Мақаттың М.Горький атындағы орта мектебін бітірген соң, бозбала Хаким «астана қайдасың» деп пойызға отырып, тартып кетеді. Студент атанып, В.И.Ленин атындағы Алматы политехникалық институтында оқып, мұнай факультетін бітіреді.

Өзімен бірге оқитын Гүлзада есімді қызбен танысып, бес жыл бірге оқып, бір-бірін ұнатқан екі жас оқуды тәмамдар шақта, яғни 1988 жылы отбасын құрады. Институтты бітірген соң, екеуі жолдамамен Жылой ауданындағы «Құлсарымұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасында алғашқы еңбек жолын бастайды. Әр жылдарда ол Тереңөзек кен алаңында жерасты құрал-жабдықтарын жөндеу бригадасының аға операторы, шебер, мұнай өндіру шебері, цех бастығының орынбасары қызметтерін, ал Гүлзада болса, Қаратон кен алаңында зерттеушілер бригадасында зерттеуші оператор, участок геологі қызметін атқарады. 
Хаким 1997-2008 жылдары «Мақатмұнайгаз» басқармасында жерасты құрал жабдықтарын жөндеу участогінің шебері, орталық инженерлік техникалық қызметінің технологі, Мақат мұнай өндіру участогінің басшысы, басқарма аппаратының өндірістік техникалық бөлімінің инженер-технологі, жерасты құрал жабдықтарын жөндеу участогінің басшысы сынды жауапты лауазымдарын атқарды. Ал, 2008 жылдан бері ол Шығыс Мақат мұнай газ өндіру және айдау цехының басшысы. Аталған цех мұнайгаз өндіруде жоспарын толық орындап келеді. 
Өндірісте шыңдалып өскен Хаким тек таза еңбек арқылы ғана ел алғысына бөленуге болатынын ұрпағының бойына сіңірумен келеді. Әкенің осы  өсиетін дұрыс ұғынған үлкен ұлы Амандық «Рауан Налко» қазақстан-американ бірлескен кәсіпорнында инженер, қызы Альбина қазақстан-италия бірлескен «Даму» ЖШС-де жоба жасақтау инженері, кіші ұлы Рауан мектепте 8-сынып оқушысы. Келіні Айдана АХАЖ қызметінде. Хаким мен Гүлзаданың Аян, Алина есімді немерелері бар. Міне, биылғы жылы ердің жасы елуге толған біздің кейіпкеріміз отбасында ұл-қызының, немересінің қызығын көріп, компанияның жұмысшыларға жасаған игілігінің арқасында бақуатты ғұмыр кешсе, еңбекте отандық мұнай өндіру ісіне өз үлесін қосуда. Алда алар асуларыңыз көп болсын.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх