Мұнайшылар марапатталды!

Мұнайшылар марапатталды!
27.12.2016
305
Қызметкерлер

Мұнайшылар марапатталды!

Желтоқсанның 14-і күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне орай «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да салтанатты жиын өтіп, еңбегімен еленген мұнайшылар марапатталды. Шараның ашылу рәсімінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев және құрметті мұнайшы Ұзақбай Қарабалин қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. 

Салтанатты жиында «Қаражанбасмұнай», «Маң-ғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнай-сервис» кәсіпорындарының жас мұнайшылары қойған «Мен жастарға сенемін» тақырыбындағы әдеби-музыкалық композиция көпшілік көңілінен шықты. 
Салтанатты шара марапатқа толы болды. Еңбегімен еленген азаматтар арасында «ҚазМұнайГаз»БӨ» АҚ компаниялар тобының бір топ қызметкері болды. «Өзенмұнайгаз» АҚ, Су өндіру және тасымалдау жөніндегі басқармасының Түйесу учаскесінің суалғы ұңғымасын зерттеу жөніндегі операторы Наурызбай Ғазымов Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. «ҚазМұнайГаз»БӨ» АҚ Бас директоры Құрманғазы Есқазиев «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Шара барысында ҚМГ ҰК басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев биылғы жылдың 3-7 қазаны аралығында ҚМГ ҰК деңгейінде өткен «Үздік маман-2016» байқауының жеңімпаздарына ҚМГ ҰК Құрмет грамотасын табыстады. 
Осы марапатты алған қызметкерлерді атап айтсақ, олар: «Үздік мұнай газ операторы» аталымы бойынша «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының мұнай және газ өндіру операторы Ерболат Жұмағалиев, «Үздік – қабатты қысымды ұстау операторы» аталымы бойынша «Қаражанбасмұнай» АҚ қабатты қысымды ұстау операторы Асет Абижанов, «Үздік технологиялық құрал-жабдықты жөндеу және қызмет көрсету слесарі» аталымы бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ технологиялық құрал-жабдықты жөндеу және қызмет көрсету слесарі Әлібек Қосжанов, «Үздік ұңғыларды жерасты жөндеу бригадасы» аталымы бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ скважиналарды жерасты жөндеу цехының 5-дәрежелі операторы Ринат Сайын, «Үздік ұңғыларды зерттеу операторы» аталымы бойынша «Ембімұнайгаз» мұнай газ өндіру басқармасының ұңғымаларды зерттеу жөніндегі операторы Жұмабай Аманов, «Үздік автомобиль жүргізушісі» аталымы бойынша «Өзенмұнайгаз» №3 автотізбектің автокөлік жүргізушісі Ертай Мауленбаев, «Үздік темір жонушы» аталымы бойынша «Өзенмұнайгаз» №3 механикалық жөндеу цехының темір жонушысы Байжан Даулов, «Үздік автомобиль краны машинисі» аталымы бойынша «ArgymakTransService» ЖШС автомобильдік кран машинисі Бахыт Кушкінбаев. 
ҚМГ ҰК компаниялар тобы арасында өткен «Денсаулық, еңбек және қоршаған ортаны қорғау тәжірибесі және үздік инновациялық идеялар» байқауының жеңімпаздары да Ұлттық компанияның Құрмет грамотасымен марапатталды. Байқауда бірінші орын алған «Қазгермұнай» компаниясы технологиялық қызметінің мұнай өндіру жөніндегі операторы Руслан Жанәлі және екінші орын алған «ТұлпарМұнайСервис» бұрғылаушысының көмекшісі Мехтиев Давуд Асад Оглы осындай марапатқа ие болды. ҚМГ еншілес компаниялары жас мамандары арасында өткен инновациялық идеялар байқауында екінші орын алған «Өзенмұнайгаз» корпоративтік оқу орталығының методикалық бөлімінің оқыту жөніндегі инженері Мұрат Ақын ҚМГ ҰК Құрмет грамотасымен марапатталды. Салтанатты шара барысында мұнайшы жастардың күшімен қойылған мерекелік қойылымдарға көпшілік үлкен ризашылығын білдірді. Қатысушылар назарына «Мұнай дәуірінің шежіресі» фильмі, мұнайдың мемлекетіміз үшін маңыздылығын келешек ұрпаққа жастайынан түсіндіру мақсатында жазылған – балаларға арналған кітап, мұнай-газ саласы бойынша фотокөрме ұйымдастырылып, ұсынылды. 
Барша марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз! Ерен еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!

Жұмабай Аманов, «Ембімұнайгаз» АҚ 
мұнай газ өндіру басқармасының ұңғымаларды зерттеу жөніндегі операторы:
 
– Астанаға Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шараға шақырылып, Құрмет грамотасымен марапатталдым. Еңбегімді елеп, шақырып жатқан ҚМГ басшылығына рахмет. Егеменді еліміз өсіп-өркендей берсін.

Ринат Сайын, «Өзенмұнайгаз» АҚ скважиналарды жерасты жөндеу цехының 5-дәрежелі операторы: 
– «Үздік маман-2016» байқауына қатысып, осы жарыста бірінші орынды иелендім. Осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма 12 жыл болды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында Құрмет грамотасын алдым. Алдағы уақытта да Қазақстан дами берсін.

Әлібек Қосжанов, «Өзенмұнайгаз» АҚ технологиялық құрал-жабдықты жөндеу және қызмет көрсету слесарі:  
– «Өзенмұнайгаз» АҚ-да 2008 жылдан бері еңбек етемін. «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауына бұл менің екінші рет қатысуым. Жүлделі орындарды алдым. Байқауда жеңіске жеткен қызметкерлерді марапаттап жатқан «ҚазМұнайГаз» басшыларына рахметімізді айтамыз. 

Ерболат Жұмағалиев, «Ембімұнайгаз» АҚ 
«Қайнармұнайгаз» МГӨБ мұнай және газ өндіру  операторы: 

– Салтанатты жиынға қатысқаныма қуаныштымын. Біріншіден, Тәуелсіздігіміз құтты болсын, еліміз, халқымыз аман болсын дегім келеді. «ҚазМұнайГаз», «Ембімұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» басшыларына рахметімді айтамын. Осындай мерекелік шараға шақырып, марапаттап жатқанына ризашылығымды білдіремін. 

Наурызбай Ғазымов, «Өзенмұнайгаз» АҚ Су өндіру және тасымалдау жөніндегі басқармасының Түйесу учаскесінің суалғы ұңғымасын зерттеу жөніндегі операторы:

– Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталдым.Тәуелсіздік күнінде еңбегіміз еленіп жатқанына қуаныштымын. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймын. Елімізде амандық, татулық болсын. Тек өсіп-өркендеп, дами берейік.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх