Мемлекет басшысы Н.Назарбаев мұнайшыларды марапаттады

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев мұнайшыларды марапаттады
09.12.2016
484
Қызметкерлер

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев мұнайшыларды марапаттады

Желтоқсанның 7-і күні Қазақстан Республика-сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қашаған кен орнын пайдалануды салтанатты жағдайда іске қосу үшін Атырау облысында сапармен болды. Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы белесінде еліміздің және оның ішінде қойнауы құтты Атырау облысының жеткен жетістіктеріне тоқталды. «Атырау облысының Тәуелсіздігімізге қосқан үлесі өте зор деп санаймын. Бұл мұнайлы-газды өлке. Соның арқасында тәуелсіздіктің, біздің экономиканың нығаюына бірден бір атсалысты», – деді Н.Назарбаев. Елбасы Атырау халқын Тәуелсіздіктің мерейлі белесімен шын жүректен құттықтап, әр отбасына, кейінгі толқын жастарға ақ тілегін айтты. 


 Мемлекет басшысы Қашаған кен орнының ашылуы соңғы 50 жылда дүниежүзілік энергетиканың елеулі оқиғасы болып саналатынын айрықша атады. «Қашаған – бұл Қазақстан халқына, Атыраулықтарға, бәріміз үшін үлкен қуаныш. Еліміздің дәрежесін, жағдайын көтереді деп есептейміз. Қазір мұнай мен газ бағасы төмендеп тұр. Дегенмен, болашақта әлі талай онжылдықтар алдымызда. Мұнай да, газ да керек болады, бағасы да көтеріледі, жағдай болады әруақытта», – деді Президент. 
Осы сапар аясында Елбасы мұнай-газ саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен мұнайшыларды құттықтап, мемлекеттік марапаттарды салтанатты жағдайда табыстады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Бас директоры, «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиевті «Құрмет» орденімен марапаттады. Ғылым мен техника саласындағы Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қ.Есқазиев мұнай-газ саласында 30 жылға жуық уақыттан бері қажырлы еңбек етіп келеді. Еңбек жолын қазақ мұнайының қара шаңырағы Атырау өңіріндегі Балықшы Барлау-бұрғылау басқармасында қатардағы оператор болып бастап, мұнай-газ саласының белді буындарына дейін көтерілген азамат еліміздің геология-минералогия ғылымының дамуына да зор үлесін қосты. Саналы ғұмырын мұнай саласына арнап, ұзақ жылдардан бері «қара алтын» өндірісінің дамуы жолында еңбек етіп келе жатқан  майталман мұнайшы, белгілі геолог, Атыраудың құрметті азаматын лайықты жоғары марапатымен шын жүректен құттықтаймыз. Бұл ұзақ жылғы қажырлы еңбектің лайықты биік бағасы екені анық. Алдағы уақытта да қол жеткізер жоғары жетістіктеріңіз көп болсын! 
«Кұрмет» ордені экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, білімді дамытуға қосқан еңбек және белсенді қоғамдық қызмет үшін беріледі.  


Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қолынан жоғары марапат алып, құрметке бөленген мұнайшылар қатарында «Доссормұнайгаз» МГӨБ мұнай және газ өндіру операторы Жақсыгерей Құбашев пен осы аталған басқарманың қабат қысымын сақтау шебері Қарлыға Алтыналиеваның болғанын мақтаныш етеміз! Ұзақ жылдан бері мұнай саласында еңбек еткен майталман мұнайшы Жақсыгерей Құбашев үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Ол еңбек жолын 1973 жылы «Доссорнефть» МГӨБ Қарсақ РИТС-те мұнай өндіру операторы болып бастады. Бүгінге күнге дейін Қарсақ кенішінде мұнай газ өндіру цехында мұнай өндіру операторы болып еңбек етіп, саланың дамуына зор үлесін қосып келеді. 


Үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған Қарлыға Алтыналиева да мұнай саласында ұзақ жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді. 1977 жылы еңбек жолын «Доссорнефть» МГӨБ-те аудандық инженерлік-технологиялық қызметте өлшеуші болып бастады. 1980 жылдан бастап ұңғымаларды зерттеу бойынша аудандық инженерлік-технологиялық қызметтің операторы болып еңбек етті. 1998 жылдан қазіргі уақытқа дейін жоғарыда аталған басқармада қабат қысымын сақтау шебері болып жұмыс істейді. Мұнайгаз саласындағы ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін көптеген лайықты марапаттарға бөленген мұнайшы. 
Ардақты мұнайшылар, жоғары марапаттарыңыз құтты болсын! 
Сіздердің баршаңызды газетіміздің қалың оқырманы атынан шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық, баянды бақыт тілейміз!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх