Энергетика – ел қуаты!

Энергетика – ел қуаты!
09.12.2016
364
Қызметкерлер

Энергетика – ел қуаты!

Елімізде желтоқсан айының үшінші жексенбісінде Энергетиктер күні аталып өтіледі. Биыл, бұл атаулы мереке – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Азаттықтың ширек ғасырлық тойы мен кәсіби мерекелеріне «Қаражанбасмұнай» АҚ энергетиктері елеулі табыспен келіп отыр.

– Электр цехы – «Қаражанбасмұнай» АҚ құрылымдық бөлімшелерінің бірі. Цех өзіне бекітілген электр қондырғыларына шұғыл және техникалық қызмет көрсетіп, жөндеуді қамтамасыз етеді. Оның құрамына сегіз желілік аудан, электрлік монтаждау учаскесі, электрлік техника зертханасы кіреді. 
Биыл электр цехы мамандары 23 тонналық  екі ықшам бу генераторы қондырғысының электрлік монтаждау жұмыстарын жүргізіп, пайдалануға берді. 2016 жылы қазуы жоспарланған 50 жаңа ұңғыны бастан-аяқ электр жүйелерімен қамтыды. 
Өз жоспарларына сәйкес №4, №8 желілік аудандардағы кешендік трансформаторлық қосалқы стансалардың тазалау және оқшаулау жұмыстарын толықтай аяқтады. 
Өнім беруге көшкен бұрынғы көптеген  әрекетсіз ұңғыларды монтаждады. Мұнай дайындау және айдау цехында орнатылған сораптың 4 электр қозғалтқышына қалқандық басқару стансасын қондырды. Бұнымен қоса, 2 жинақтық трансформаторлық қосалқы стансаны ауыстырып, іске қосты. 
Өткен айдың соңында «Қаражанбас-2» қосалқы стансасында Маңғыстау электр желілік тарату компаниясы орнатқан жаңа жабық тарату қондырғысының кабельдерін толығымен ауыстырып, өндірістік қолданысқа дайын етті.
Электр цехы ұжымында нағыз өз ісінің шеберлері жұмыс жасайды. Солардың ішінде Ищанов Есболған, Кенесариев Нұрбай, Қанағатов Жұмабай, Жеткизгенов Әлмұрат, Асанова Алтынай, Дегбиров Дастан сияқты мамандарымыз 20 жылдан бері табан аудармастан қызмет етіп келе жатыр.  
«Қаражанбасмұнай» АҚ энергетиктері атынан «ҚазМұнайГаз» Компаниялар тобына қарасты барлық еншілес мекемелердегі әріптестерімізді кәсіби мерекемен құттықтаймыз! Энергетика – ел қуаты, көңіл жібіткен жылылық, әр адамның жүрегінде жанған үміт шырағы. Ел қуатын арттырудағы ортақ еңбегіміз табысты болсын! Шаңырақтарыңызға – шаттық, бастарыңызға амандық тілейміз!

Арсен Дельмухамбетов, 
«Қаражанбасмұнай» АҚ Электр цехы бастығының орынбасары

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх