Көк байрағың желбіресін, егеменді елім менің!

Көк байрағың желбіресін, егеменді елім менің!
09.12.2016
324
Қызметкерлер

Көк байрағың желбіресін, егеменді елім менің!

Алтынхан Искакова,                                                                                                                                               «Қазгермұнай» БК» ЖШС Кәсіподақ ұйымының төрайымы:

– Құрметті әріптестер! Сіздерді «Қазгермұнай» БК» ЖШС-нің Кәсіподақ мүшелерінің атынан Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстанның табысы тасып, қанатын кеңге жаюына барша мұнай және газ өнеркәсібінің қызметкерлері лайықты үлестерін қосып келеді. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын. Әр отбасына татулық пен амандық, Отанымыздың игілігі мен жарқын болашағы жолында жаңа жетістіктер тілеймін.

Сакен Бекмамбетов, 
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

– Мен сонау 1990 жылдары алғаш еңбек жолымды бастадым. Арада өткен 25 жыл уақыт ішінде біраз тәжірибе жинақтадым деп айта аламын. Елге қызмет етіп, еңбекпен ержетіп, шыңдалдық. Қазіргі Қазақстан – егемен, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Қазақ елін бүгінде күллі әлем мойындауда. Ұстаздан шәкірт озар демекші, бүгінгі күні «ӨзенМұнайСервис» мекемесінде қызмет етіп жатқан жас мұнайшылардың біліктілігі өте жоғары. Ал, өндіріске келер болсақ, жаңа техникамен заманауи жаңа бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Тәуелсіздік – ең алдымен, Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең абыройлы күн. Осынау қастерлі күнде барша Қазақ елін мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

Абай Салихов, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС Өндіріс бойынша атқарушы директоры:

– Егеменді ел болу – біздің ата-бабаларымыздың аңсаған ұлы арманы болатын. Бұл бақыт бүгінгі ұрпақтың бағына бұйырды. Өз еліңде бақытты, тыныш өмір сүргенге не жетсін! Мен 1987 жылдан бері мұнай саласында еңбек етіп келемін. Өндірістің кешегі және бүгінгі тынысын салыстырсақ, көп өзгеріс бар. Бүгінде «ӨзенМұнайСервис» мекемесінде жоғары білікті мамандар еңбек етеді. Тәуелсіздікпен құрдас жастар жұмыс жасайды. Тәуелсіздіктің арқасында өндіріс те қарқынды дамып келеді. Жаңа техникалар, жаңаша бағытпен мұнайшылар жұмысын жалғастыруда. Барлық әріптестерімді Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық белесімен құттықтаймын.

«Қазгермұнай» БК» ЖШС, Ақшабұлақ кен орны, Мұнай дайындау және айдау цехының ұжымы:

– Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Жаңа ғасырда қайта түлеген, жасарып, түрленген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болсын. «Ынтымақ жүрген жүрде, ырыс бірге жүреді» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Бірлігіміздің арқасында, Елбасының сарабдал саясатын ұстанып, тәуелсіздік жылдары іргелі мемлекет болып қалыптастық, өзгемен тереземізді теңедік, тұрмысымызды түзедік. Бұрын қиял болып көрінген жетістіктерге қол жеткіздік. Осы жылдар ішіндегі жетістіктеріміздің барлығы Сіз бен біздің мызғымас ауызбіршілігіміздің арқасы. Осы орайда бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні баршаңызға бақ-дәулет, ырыс тілейміз.

Ләтипа Дәрісқалиева, 
«Жайықмұнайгаз» МГӨБ, С.Балғымбаев кенорны мұнай өндіру операторы:

– Ғасырлар бойына ел мен жер үшін бел шешпей күрескен халқымыз бодандықтың бұғауынан құтылып, еркіндік, азаттық алды. Асқақ арман мен қайсар рухы арқасында қазақ халқы тәуелсіздікке қол жеткізді. Бүгінгі күні ұлттық құндылықтарымызды қайта түгендеп, ата-баба салтын жалғастырып келеміз. Бізді тәуелсіз әрі дербес мемлекет ретінде әлем таныды. Бүгінде Қазақстан өзінің болашағынан үлкен үміт күттірген жері бай, қойнауы қазынаға толы ел. Соның ішінде мұнай саласы бұрынғыдан әлдеқайда алға озып кетті, тәуелсіз елімізбен бірге қарқынды дамыды. Мұнайшылардың өндіріс бойынша да, әлеуметтік салада да жағдайы жақсарды. Алда жарқын күндеріміз көп болсын!

Ғаділбек Ешекеев, 
«Қайнармұнайгаз» МГӨБ Б.Жоламанов кенорны жөндеушісі:

– Біз тәуелсіздікті сан ғасырлар аңсап, зарығып жеткеніміз рас. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Халқымыз қазақ болып, ұлт болып қалыптасуы жолында да талай қилы замандарды, кескілескен шапқыншылықтарды бастан өткерді. Білектің күшімен, найзаның ұшымен ақтық демі қалғанша туған жерді қорғап, бізге аманат етіп қалдырған ұлы даланың ұлы батырлары мен кемеңгер басшыларының арқасында бақытты өмір кешудеміз. Тәуелсіз Қазақстан! деген сөз қандай құдіретті. Тәуелсіздік туының көгімізде желбірегеніне міне, 25 жыл толды. Қазақстанды бүгінде әлем мемлекеттері мойындады және құрметтейді. Ал тәуелсіздік тұсында Қазақстан халқы бейбітшілік пен жасампаздықты қадірлей білетінін көрсете білді. Осының өзі ертеңіміздің жаңа жетістіктерімен жалғасатынын білдіреді. Мереке құтты болсын, ардақты мұнайшылар!

Әбілсейіт Тасмұханов, 
«Жылыоймұнайгаз» МГӨБ Құлсары кенорны операторы:

– Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесі халқымыздың сан ғасыр бойғы азаттық жолындағы күресінің жемісі, бабалар аманатының орындалуы. Азаттық қазақ халқының ежелгі арманы еді, ат үстінде соғыс пен жаугершілікті өткерген кезеңдері көп болды. Еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып, жауға қарсы қылыш сермеген талай қиыншылықты бастан кешірді. Бірақ ешқашан да мойымады, ұрпағына ұлан байтақ жер, ырыздық-байлығын қалдырды. Бүгінде сол ерлік күндер жадымызда жаңғырып, тәуелсіз 25 жылда жеткен жетістіктерімізді айшықтайтын кез келді. Осы бағытта елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы басты ұстаным болып қала бермек. Еліміз өркендей берсін, халқымыз бақытты күн кешсін! Барша мұнайшыларды ұлық мерекемен құттықтап, денсаулық, амандық-бірлік, табыс тілеймін.

Рабиға Манасова, «Өзенмұнайгаз» АҚ, 
№1 МГӨБ Әлеуметтік-әкімшілік қамту бөлімінің бастығы:

– Тәуелсізді бізге не берді? – деген сұрақ төңірегінде ойланатын болсақ, тәуелсіздік санаға сілкініс тудырды. Қазақ елінің рухани, мәдени, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлік құндылықтары жаңғыра бастады. «Ақ ниетті, ақ жүректі тектілер, Жұртын қолдап, елді ұшпаққа жеткізер», – деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, ұлтжанды азаматтарымыз аман болсын!
Жері мен елін жаудан қорғап, толарсақтан қан кешіп, қолынан найза тастамай өткен бабалар армандап кеткен Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! 

Марат Себасов, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ Әлеуметтік сұрақтар бойынша басқарушы директор:

– Әрбір қазақстандық азамат үшін қастерлі де қадірлі ұғым болып саналатын Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен барша әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын! Әлемде ширек ғасыр тұрмақ бірнеше ғасырлар бойы аяққа тұрып кете алмай жатқан мемлекеттер жетерлік. Аз ғана уақыт ішінде әлеуметтік-экокономикалық тұрғыдан дамып, мемлекеттің нық тұруына Елбасы – ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Сондай-ақ, Мемлекетіміздің дамып асқарлана түсуіне мұнай-газ өндіру саласында еңбек ететін әрбір азамат сүбелі үлес қосып келеді. Әрқашан еліміз кемелдене берсін. Қартқа – саулық, жасқа – жалын, іске – мерей, елге – тыныштық, ерге – қанағат, халыққа бақ пен дәулет тілеймін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры дәйім биік болғай!

Қазыбек Язгуров, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, ТТБ жүргізушісі:

– Тәуелсіздік – жас ұрпақтың жүрегінде өз ұлтына деген мақтаныш сезімін оятты. Осы 25 жыл ішінде қазақ өзін өзгелермен терезесі тең ұлт ретінде, басқалармен қатар адымдап, алға ұмтылатын ел екендігін сезінді.
Қазақстанда мемлекеттік тіл болып қазақ тілі танылды. Еліміз іргелі ел болды.Тәуелсіздігіміздің арқасында дәстүріміз жаңғырып, тіліміз дамып, еңсеміз көтерілді. Туымыз тұғырлы, тәуелсіздігіміз ғұмырлы болғай!

Маралбек Сатыбалдиев, 
«Доссормұнайгаз» МГӨБ, Солтүстік Жолдыбай кен орны мұнай өндіру шебері:

– Тәуелсіздікке 25 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде қазақ мұнай өндірісі де дамып, өркендеді. Автоматтық топтық өлшем қондырғысы, штангалы тереңдік сораптары, парафинге қарсы қырғыш штангілер, басқа да жаңа технологиялар көптеп енгізілуде. Мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы мүлдем жаңа арнаға бет бұрды: жайлы жатақхана, сәнді асхана, басқа да жеңілдіктердің игілігін көріп келеді. Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге жүктер міндеті зор. Еңселі ел болу жолында аянбай еңбек етіп, өз үлесімізді қосуымыз қажет. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз  қолымызда. Бүгінде әлемдік ақыл-ой биігіне ұмтылып, адамзат өркениетіне бұрынғыдай таптық өлшеммен қараудан арылдық. Дамудың даңғыл жолына түстік. Тәуелсіздік сан ғасырдан бері ата-бабамыз аңсап, жете алмаған арман ғана емес, олардың бізге артқан аманаты ғой. Сондықтан тәуелсіздік, еркіндік мәнін терең ұғынып, оның мәңгілік болуына аянбай еңбек ету әр қазақстандықтың парызы. Әр отбасына бақыт тілей отырып, еліміз тыныш болсын деп тілеймін!

Бауыржан Бәйімбетов, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ Жас мамандар кеңесінің төрағасы:

– Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіз ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Осы қуанышымыз құтты, бақытымыз баянды болсын. Жаңа ғасырда қайта түлеген, жасарып, түрленген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болғай! Әр отбасына татулық пен ырыс-береке, Отанымыздың игілігі мен жарқын болашағы жолында жаңа табыстар тілеймін. Егеменді еліміздің қарқынды дамуы жолында аянбай еңбек етіп, өз үлесімізді қоса берейік.  

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх