«Ембімұнайгаз» АҚ жаңа Ұжымдық шартты бекітті

«Ембімұнайгаз» АҚ  жаңа Ұжымдық шартты бекітті
09.12.2016
225
Қызметкерлер

«Ембімұнайгаз» АҚ жаңа Ұжымдық шартты бекітті

25 қараша күні «Ембімұнайгаз» АҚ 2017-2021 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шартты бекітті. Құжатқа қол қою рәсіміне Компания басшылығы, кәсіподақ комитетінің жетекшілері мен мүшелері, басқарма басшылары қатысты.

– Бүгін мұнайшылар үшін маңызды құжат – Ұжымдық шарт бекітілді. Қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек кепілдіктерін қамтамасыз ету, кәсіпорынның қызметіне тиімді жағдай жасау біздің мақсатымыз. Жаңа Ұжымдық шартты дайындау үшін екі жақтан топтастырылған  жұмыс комиссиясы құрылды. Комиссия сапалы жұмыс атқарды деп есептеймін. Бұл ауқымды жұмыстың бүгін нәтижесін көріп отырсыздар. 2017-2021 жылдарға арналған Ұжымдық шарттың бекітілуімен Сіздерді құттықтаймын. Бұл Ұжымдық шарт жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы жемісті ынтымақтастықтың негізі болып табылады деген сенімдемін», – деді «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Ануар Жақсыбеков.
Жоғарыда айтылғандай, жұмысшылар үшін қажетті ең басты құжат еңбек ұжымдарында, мұнайшылардың ортасында жұмыс комиссиясы мүшелерімен бірлесе бірнеше мәрте талқыланып, ұсыныс-пікірлер жинақталған болатын.
– Жаңа Ұжымдық шарт жобасы биылғы жылдың орта шенінен бастап мұнайшылар еңбек ұжымдарында талқылана бастады. Олардың ұсыныс-пікірлері толықтай жинақталып, жаңа Ұжымдық шарттың мазмұны мұнайшылар тарапынан айтылған ұсыныстар енгізіле отырып толықтырылды. Осы орайда, жұмыс комиссиясына ризашылығымызды білдіреміз, бәрі де ынтымақтаса жұмыс жасаудың жақсы үлгісін көрсетті. Бұл акционерлік қоғам болғалы қабылданған екінші ұжымдық шарт. Яғни, тәжірибеміз бар. Жаңа Ұжымдық шарттың мақсаты – қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек кепілдіктерін қамтамасыз ету, кәсіпорынның қызметіне тиімді жағдай жасау. Жұмысшылардың ұсыныстарын ортаға жинақтап, жұмыс берушімен келісе отырып, ортақ түйін жасадық. Мұнай бағасының құбылып отырғанына қарамастан, компанияның жақсы табыспен еңбек ететініне болжам жасап, әлеуметтік көмектерді төмендетпеуге тырыстық. Ендеше барлығыңызды осынау салтанатты шарамен құттықтаймын. Еңбегіміз табысты болсын, – деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ Кәсіподақ комитетінің төрағасы Кенжеғали Шанқанов.
Жаңа Ұжымдық шарт 2014-2016 жж. арналған Ұжымдық шарт өз міндеттерін толықтай орындап болған соң, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енеді.
– Жаңа құжаттың бұрынғыға қарағанда өзгешелігі, Ұжымдық шарт 5 жылға бекітілді. Бұрынғы құжат 3 жылды қамтыған болатын. Жұмыс беруші әлемдегі экономикалық дағдарыстарға қарамастан өзіне үлкен жауапкершілік алып отыр. Ембілік мұнайшыларға көрсетілетін әлеуметтік пакетті төмендетпеу көзделді, – деп түсіндіріп өтті бас директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх