HR – қызметте әріптес, бизнесте серіктес!

HR – қызметте әріптес, бизнесте серіктес!
24.11.2016
289
Қызметкерлер

HR – қызметте әріптес, бизнесте серіктес!

Қарашаның 14-15 күндері Астанада «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес және бірлескен кәсіпорындарының қызметкерлерді басқару мәселелері бойынша VI жыл сайынғы семинар-кеңесі өтті. Оған ҚМГ БӨ компаниялар тобының HR қызметі саласының басшылары мен мамандары қатысты. Биылғы семинар-кеңес жыл ішінде атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жыл міндеттерін айқындады. Еңбегімен елеулі болған сала мамандары, атап айтқанда, «Өзенмұнайгаз» АҚ Персоналды басқару және еңбекақы төлеу бойынша басқарушы директоры Ерболат Сәрсенов, «Ембімұнайгаз» АҚ Қызметкерлерді басқару және дамыту департаментінің директоры Гүлбану Шарафетдинова, «Өзенмұнайсервис» ЖШС персоналды басқару және еңбекақы төлеу бөлімінің бастығы Гульвира Жакупова, «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу топтарының жетекшісі Гүлмира Кульчарова, «ТКБжәнеҰҚК» ЖШС персоналмен жұмыс бойынша бөлім бастығы Айнұр Махамбетова ҚМГ БӨ Құрмет грамотасымен марапатталды. Семинар-кеңес қатысушыларына сертификаттар табысталды.

Шараның ашылу рәсімінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Аппарат басшысы Бауыржан Асқаров сөз сөйлеп, қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, семинар жұмысына сәттілік тіледі. «HR – өндірістік және қаржылық қызмет сияқты маңызды сала. Компанияның маңызды көптеген жұмыстары Сіздердің қызметтеріңізбен және оның нәтижесімен байланысты. Мамандарды іріктеу, олардың жұмысты меңгеріп кетуі, алға деген ұмтылысы, білімдерін жетілдіріп, кәсіби өсуі, қызметкерлерді бағалау, еңбек жағдайы, компаниядағы ахуал және басқа да мәселелер компания беделіне тікелей әсер етеді» деді Б.Асқаров. Бұдан соң семинардың құрметті қонағы ретінде қатысқан Ресейдің И.М.Губкин атындағы мұнай және газ мемлекеттік университетінің қосымша кәсіби білім беру бойынша проректоры Н.Голунов қатысушыларға ізгі тілегін білдірді. 
Семинар жұмысына «Самұрық-Қазына»КУ» ЖМ өкілдері де қатысты. «Самұрық-Қазына» АҚ компанияларында HR Жалпы қызмет көрсету орталығын (ЖҚКО) құру бойынша пилоттық жобаны іске асыру» тақырыбында «Самұрық-Қазына» Корпоративтік университеті HR-ЖҚКО жобасының жетекшісі Г.Голощапова баяндама жасап, шараға қатысушылар сұрақтарына жауап берді. ҚМГ БӨ компаниялар тобы HR қызметінің жетекшілері HR-ЖҚКО жобасы туралы ақпараттық мағлұматтар алды. Г.Голощапова әлемдегі және ресейдегі HR-ЖҚКО тәжірибесін мысалға келтірді. HR функциясы жылдан жылға дамып, жаңа деңгейге көтерілуде екенін айтып, осы саладағы өзгерістерге тоқталды. Семинар барысында ҚМГ БӨ қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу департаменті директорының орынбасары Дәмелі Қатарбаева және осы департаменттің жетекші маманы Ержан Шабанов салаға қатысты мәселелер бойынша баяндамалар жасап, қатысушылар сұрақтарына жауап берді.

ҚМГ БӨ қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу департаментінің директоры Эльмира Каримова биылғы жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жыл міндеттерін де айтып өтті. Көптеген жобалар сәтті іске асырылған. Жаңа жобалар қолға алынған. Бұлардың қай-қайсы да ішкі коммуникацияны одан әрі нығайтумен қатар, қызметкерлердің алға талпынысына жігер беретін, кәсіби деңгейінің өсуіне ықпал ететін және еңбек өнімділігін арттыруға септік ететін жобалар. Департамент алдағы жылға да жаңа жобаларды іске асыруды көздеп отыр.

Эльмира Каримова, ҚМГ БӨ Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу департаментінің директоры: – Биылғы жылы біраз жобаларды іске асырдық. Мамандарды дайындау және біліктілікті арттыруда бір қызметкерге кететін шығынды төмендету және оқытуға көп қызметкерді қамту мақсатында ҚМГ БӨ биылғы жылы корпоративтік форматта оқыту шараларын жүргізді. 2013 жылдан бастап ҚМГ БӨ компаниялар тобының қажеттілігіне сәйкес дайындалатын модульдық оқытуды жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде  техникалық жетекшілер, инженерлік техникалық қызметкерлер, геологтар, кадр қызметінің мамандары, энергетиктерге арналған модульдық оқытулар ұйымдастырылып, оған ҚМГ БӨ компанияларының 300-ден астам жұмыскері қатысты. Биылғы жылы қыркүйекте ҚМГ БӨ-нің ЕМГ, ӨМГ, ҚБМ және ҚГМ өндіруші компаниялары цех басшыларының қатысуымен семинар-кеңес өтті. Мақсат – компания өндірістік қызметінде және ұжымның қоғамдық өмірінде цех басшыларының рөлін көтеру болды. Бұл шараға 94 цех басшысы қатысты. Қызметкерлерді басқаруға арналған тренинг өткізілді. ҚМГ БӨ бас директоры Қ.Есқазиевтің цех басшыларымен кездесуінде компанияның өндірістік-шаруашылық қызметін жақсарту мәселелері талқыланды. Биылғы жылы «Үздік маман», «Жас мамандар күні», «Дублер күні» және басқа да жобалар жүзеге асырылды.Қызметкерлерді басқару саласының жұмысын тиімді болды деп айтуымызға болады. Биыл алтыншы рет семинар-кеңесімізді өткізіп отырмыз. Осы жылдар ішінде HR қызметі жетекшілері мен мамандарының кәсіби деңгейде өскені байқалады. Бұрынғыдай өздері еңбек ететін кәсіпорын көлемінде емес, кең деңгейде мәселелерді айтады. Қазір көп мәселеге стратегиялық тұрғыда қарайды. Кадр қызметінде бөліп алып қарайтын процесс жоқ, бәрі бір-бірімен ұласып жатады. Бизнес процесті басынан соңына дейін толық қамтиды. Компанияларымыздың HR қызметтері арасында бір-бірімен жақсы қарым-қатынас орнаған. Орталық аппаратқа, басқа біздің еншілес кәсіпорындарға қажет уақытында телефон шалып, сұрақтарына жауап алып жатады. Ішкі коммуникация жақсы қалыптасқан. Биылғы жылдан бастап «Конференц-колл» жобасын іске қостық. Тоқсан сайын барлық HR қызметімен байланысқа шығып мысалы, еңбекақы төлеу мәселелері, Еңбек кодексінің өзгерістері, ішкі еңбек тәртібі және т.б бірлесе отырып талқылап, пікір алмасамыз. Қазір HR қызметтері компаниялар тобы деңгейінде жұмыс істеп отыр. Мысалы, «Өзенмұнайгаз» АҚ бос орынға адам алу үшін «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-ге шығады. Бұл жақсы үрдіс. Бұрын, мысалы, жақсы жұмысшы болса, өзімізге де керек дейтін. Біз экономикалық тиімділікті жақсартуда әлі біраз жұмыстарды жасауымыз керек. Еңбек заңнамасына сәйкестендіру бағытындағы шараларды атқарамыз.

Бауыржан Асқаров, ҚМГ БӨ Аппарат басшысы:

– «Қызметкерлер – Компанияның негізгі құндылығы» деп ҚМГ БӨ Бас директоры Қ.Есқазиев атап өткендей, HR қызметі бұл саладағы жұмыстарға баса көңіл бөліп отыр. Биылғы жылы ауқымды жұмыстар атқарылды және олардың нәтижесін көріп отырмыз. Негізгі міндеттің бірі – еңбек өнімділігін арттыру. Бұл бағытта сала қызметкерлері бірлесіп, бір-бірімен өте тығыз жақсы қарым-қатынаста еңбек етуде. Бүгінгі семинар-кеңес біздің еншілес және бірлескен компаниялар HR қызметінің ортақ игілік жолындағы бірлескен жұмысын көрсетіп отыр. Әрі қарай да осы бағытта алға жылжып, бірінің жақсы тәжірибесін келесі компанияда жалғастырмақ. Бір-бірінің ішкі мәселесі деп қарамай, қажет кезінде көмектесіп, бір-біріне қол ұшын созып отыр. Бұл жақсы, оң үрдіс. Қатысушылардың барлығына алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да еңбектеріне жеміс тілеймін.

Ботагөз Әшірбекова, «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директордың адам ресурстарын басқару жөніндегі орынбасары:

– Коммуникация жағынан алып қарағанда да бұл өте тиімді кездесу. Себебі осы алаң арқылы пікіралмасу жүреді. Барлық компаниялар үшін өзекті деген мәселелер қойылады. Проблемалардың алдын алуға жұмыстанамыз. Биыл осымен алтыншы рет өтіп отыр. Алғашқы кездесу бас директорлардың қатысуымен өтті. Бұл холдинг аясында белгілі бір деңгейде HR қызметінің рөлін көтеруге септік етті. Бұл өте пайдалы семинар-кеңестер.

Ермек Көптілеев, «Өзенмұнайгаз» АҚ Қызметкерлерді басқару және дамыту департаментінің директоры:

– Жарияланған мораторий өз күшінде болғандықтан, бүгінгі күні біз кадрлық резерв, аутсорсинг мәселесі бойынша мердігер мекемелермен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ол жұмыстар жеңіл болып жатқан жоқ. Кәсіподақ комитеттері барлығы да түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалысып жатыр. Келесі жылы «Жас маман» жобасын бастаймыз. Оқу бітірген жастар өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Ал, семинарға келсек, берер тиімділігі көп. Еңбек тәжірибемізді бөлісіп жатырмыз. Пікіралмасуға пайдалы. Қай жерде жетіспеушлігіміз бар, соны байқаймыз, үйренеміз.

Гүлбану Шарафетдинова, «Ембімұнайгаз» АҚ Қызметкерлерді басқару және дамыту департаментінің директоры:

– Биылғы жылы бірқатар жұмыстар атқарылды. Жаңа жобаларымыз көп болды. Дуальдық оқыту жобасын іске асырып жатырмыз. Сондай-ақ, Кешенді газ дайындау жабдығы жобасына байланысты мамандарды оқыту, дайындау жұмысын, зауыттардан тәжірибеден өтуін іске асыруымыз керек. Жыл сайын өтетін семинардың пайдасы зор. Қойылған мақсаттар мен жоспарларымызды бөлісеміз. Басқа еншілес кәсіпорындардан келген әріптестерімізбен жүздесіп, жұмыстарынан, қолға алған мәселелерінен хабардар боламыз. Семинарда бәрімізге ортақ сұрақтар көтеріледі, оларды шешу жолдары талқыланады.

Есбосын Қазықұлов, «Өзенмұнайсервис» ЖШС Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

– «Өзенмұнайсервис» ЖШС осы жылдың қыркүйек айының соңына қарай құрылып, 1 қазаннан іс жүзінде жұмысын бастады. «КРУЗ», «Жөндеу» мекемелерінің бірігуімен құрылды. Серіктестік ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Еңбек заңнамасына сәйкес құжаттарымызды жасап жатырмыз. Ішкі жылжытулар есебінен біздің қызметкерлер «Өзенмұнайгазға» ауысып, ал «KMG EP-Catering» ЖШС-дан бізге келіп жатыр. Семинардан біраз мағлұматтар алдық. 

Ақтоты Сүтбаева, «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС кадр жөніндегі маманы:

– Бізде биылғы жылы үлкен жұмыстар атқарылды. Еңбек кодексінің қабылдануына байланысты барлық іс жүргізу құжаттарын жаңадан жасақтадық. Барлық қызметкерлердің еңбек шартына жаңа қосымша келісімшарт жасалды және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ішкі коммуникация ережесіне сәйкес, бірінші басшылық жылдың, жарты жылдың қорытындысы бойынша жиналыстар өткізеді. Бірінші басшы есеп береді. Бөлім басшылары әр тоқсан сайын жұмысшылармен, кәсіподақпен кездеседі. Ішкі коммуникация жолға қойылған. Жыл сайынғы семинар тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік. Өз кемшіліктерімізді көреміз, қандай дәрежеге ұмтылу керектігін айқындаймыз.

Қайрат Бердалиев, «Қаражанбасмұнай» АҚ Қызметкерлермен жұмыс департаментінің директоры:

– «Қаражанбасмұнай» АҚ-да қызметкерлермен жұмыс және ішкі коммуникация саласында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Біздің департамент бойынша Қаражанбас кен орнында персоналмен жұмыс жасау бөлімі бар. Олар цехтарға барып, қауіпсіздік жағынан болатын жиналыстарға қатысып отырады. Кабинеттеріміз бар. Қызметкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қояды. Біздің мамандарымыз барлық жауаптарды жинақтағасын, қызметкерлердің жеке өздеріне немесе цех басшысына жеткізеді. 

Альбина Хайрушева, «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС Қызметкерлермен және әлеуметтік әкімшілік жұмыс бойынша бөлім бастығы:

– Семинар біздің компаниялар тобындағы қызметкерлермен жұмыс саласындағы өзекті деген мәселелерді көтереді. Сондай-ақ, ол мәселелер өз шешімін тауып жатады. Бұл өте тиімді әрі пайдалы деп есептеймін. Жыл сайын осылай өтіп тұрғаны дұрыс. Көп сұрақтарға жауап аламыз.

Гүлмира Кульчарова, «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу топтарының жетекшісі:

– 2015 жылы «Жол Сервис» және «Кендірлі Құрылыс» екі мекеме «Кен Құрылыс» мекемесіне қосылды. Қазір «Кен-Құрылыс-Сервис» серіктестігі болып жұмыс жасап жатырмыз. Қалыпқа келіп, жұмыс жүргізудеміз. Осындай кездесуде сұрақтарымызды қоямыз. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасамыз. 

Рахымғали Буршеев, «ҚазГӨЗ» ЖШС мамандар бөлімінің бастығы:

– Семинарға қатысып, көп сұрақтарға жауап алдым. Болашақта алға қойылатын мақсаттарды біліп жатырмыз. Әрбір компанияның жұмысымен таныса отырып, толғандырған мәселелерінен хабардар боласың және оны өз мекемең қызметінде алдын алуға жұмыстанасың. Мұндай басқосудың жыл сайын өтіп тұруы дұрыс. Бұрынғыдай емес бір-бірімізбен қарым-қатынасымыз жақсарды. Қажет кезде бір-бірімізге телефон шалып, кеңесіп отырамыз. 

Айжан Садырова, «Argymak TransService» ЖШС Персонал және әкімшілік жұмыс бойынша бөлім бастығы:

– Биылғы жылы семинарда HR Жалпы қызмет көрсету орталығы туралы біраз ақпараттар алдық. Жыл сайынғы өтетін семинар әріптестерімізбен кездесіп, болашақ міндеттер туралы ой алмасуымызға тиімді.

Күнсұлу Жетпісова, «Урал Ойл энд Газ» ЖШС Қызметкерлерді басқару және дамыту департаментінің директоры:

– Бұл кездесу ҚМГ БӨ еншілес және бірлескен компанияларындағы HR қызметіндегі жаңалықтарды жан-жақты білуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өзекті деген мәселелерді бірлесе талқылаймыз және оның шешу жолдарын көреміз. Өзара әріптестік қарым-қатынасымыздың нығаюына септік етеді. Барлық әріптестеріме алдағы 2017 жылы да алға қойылған мақсат-міндеттерді тиісті деңгейде орындауларына тілектеспін.

Келісім комиссиясы арқылы мәмілеге келуге болады

HR қызметі саласындағы жаңа жоба – бұл кәсіпорында Келісім комиссиясының құрылып жұмыс істеуі. «Ембімұнайгаз» АҚ-ында осындай жаңа жоба өз жұмысын бастады. Бұл комиссия Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 159-бабына сәйкес құрылып отыр. Аталған бап жеке еңбек дауларын реттеуге мүмкіндік береді. Өмір болған соң жеке еңбек дауларының туындауы да кездеседі. Осындай жағдайда сотқа шағымданбас бұрын, мекеме ішіндегі келісім комиссиясына өтініш шағым түсіріп, мәселенің анық-қанығын айқындап, мәмілеге келуге мүмкіндік береді. Оң шешімін тауып, нәтижесін берген іс те бар. Ол туралы «Ембімұнайгаз» АҚ өкілі баяндады.

Гүлайым Уәлиева, «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлерді басқару және дамыту департаментінің еңбек қатынастары және кадрлық әкімшілік бөлімінің бастығы:

– Жаңа Еңбек кодексі жеке еңбек дауларын қарау тәртібін жетілдірді. 159-бапта бекітілген нормаға сәйкес жеке еңбек даулары алдымен келісім комиссиясында қаралады. 
Бұрынырақта да «Ембімұнайгаз» АҚ-ның өндірістік құрылымдық бөлімшелерінде Келісім комиссиясының құрылып, жұмыс жасағаны туралы айта кеткен жөн, алайда аталған комиссия жұмысын Келісім комиссиясының жұмысын реттеуші заңнама құжаттарының болмауы айтарлықтай қиындатып жіберген еді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (ҚР ЕК) жаңадан толықтырылып енгізілуінің нәтижесінде, түрлі мәселелерді шешу мүмкіндіктері пайда бола бастады. Біріншіден, ҚР ЕК-нің 159-бабы 1-тармағымен жеке еңбек дауларды келісім комиссиясымен қарау туралы талаптар бекітілді, ал реттелмеген мәселелер бойынша болмаса келісім комиссиясының шешімі орындалмаған жағдайда – сотпен шешу. Осылайша, жеке еңбек дауын шешу үшін жұмыскер немесе жұмыс берушіге алдымен Келісім комиссиясына өтініш білдіру, содан соң дауды комиссиямен ретке келтіру, ол мүмкін болмағанда немесе Келісім комиссиясының шешімі орындалмаған жағдайда, қолына Келісім комиссиясының шешімін ала отырып, тараптар еңбек дауын одан әрі шешу үшін сот органдарына жүгінуге құқылы болады. Келісім комиссиясы мүшелерінің сандық құрамы, оның жұмыс тәртібі, Келісім комиссиясымен қабылданған шешімнің мазмұны және тәртібі, Келісім комиссиясының уәкілеттік ету мерзімі, делдалды тарту туралы ҚР ЕК 159-бабы 3-тармағының талаптары есебімен, жазбаша келісім бойынша жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдері арасында, «Ембімұнайгаз» АҚ-нда Жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдері («Ембімұнайгаз» АҚ-ның кәсіподақ комитеті) арасында жеке еңбек дауларын қарау туралы Келісім жасалды. Тараптар тепе-теңдігі сақтала отырып, Комиссияның тұрақты құрамы анықталды – Комиссияның 10 мүшесі болады, әр тараптан 5 адамнан, сондай-ақ Комиссияның резервтік құрамы тұрақты Комиссия құрамының жоқ мүшелерін ауыстыру үшін 10 адамнан анықталған. Комиссия мүшелерінің бәрі еңбек заңнамасының негіздемелері және келіссөздер жүргізу дағдылары бойынша оқудан өтті, ол сертификаттармен расталып отыр. 
Іс жүзінде Комиссия құру туралы Келісім жасалған бойда Келісім комиссиясына «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-ның бұрынғы жұмыскерінен жұмыстан шығару туралы бұйрыққа қатысты жұмысқа қайта орналастыру және жұмыста мәжбүрлі болмаған уақыты үшін еңбекақысын өндіріп беру туралы арыз түсті. 
Еңбек дауын қарай келе белгіленгені, жұмыскермен арадағы еңбек шарты заңсыз бұзылғаны, сондықтан Келісім комиссиясының шешіміне сай жұмыскер бұрынғы жұмысына қайта алынып, мәжбүрлі бос жүрген күндері үшін еңбекақысы толықтай төленді. Сонымен қатар, жұмыскермен арадағы еңбек шартын тоқтату кезінде еңбек заңнамасының бұзылуына жол берген өндірістік құрылымдық бөлімше басшылығына қатысты Комиссия тиісті ұсыныстар берді.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх