Байболат ағаның бақыты

Байболат ағаның бақыты
11.11.2016
367
Әлеумет

Байболат ағаның бақыты

Біздің арамызда ерен еңбегі, білімі мен білігі арқылы бедел биігіне көтерілген адамдар аз емес. Оларды көбінесе іс басында ғана көреміз, ал қарапайым адами тұлғасын жан-жақты тани білмейміз. Осындай жанның бірі Текеев Байболат ағамыз. Ол еңбек жолын «Доссормұнайгаз» басқармасында оператор болып бастаған. Еңбек пен оқуды ұштастыра жүріп, сырттай Атырау мұнайгаз институтында оқыған. Алайда жастық жалыны оны жүргізуші болуға көбірек қызықтырады. «ГурьевНефтеКазЭкология» мекемесіне арнаулы техникаға жүргізуші болып ауысады. «Көлік құралын жүргізген соң жүргізушінің жарғақ құлағы жастыққа тимейтін әдеті емес пе? Ол кезде қазіргідей сайраған жол жоқ, ойқы-шойқы жолсызбен талай рет кеніштерді араладық. Барлық кен орындарына барып, керекті құрал-жабдықтарды (качалка, құбырлар, сораптар, және т.б.) жеткізіп тұрдық» дейді ол еңбек жылдарының бастапқы кезеңдерін еске алып. Байболат Тәжібайұлы «Ембімұнайгаз» АҚ қарасты «Доссормұнайгаз» МГӨБ-ында автоколонна бас механигі болып ұзақ жылдар еңбек етті. Мұнда да көліктерді мұнай кен орындарына бөліп отыру, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, жүргізушілердің жағдайларын ойластыру сынды көптеген мәселелерді шешіп, жалпы атқарған жұмыстары бір-бірімен өзара сабақтасып отырған. Ол спортты жас кезінен серік етіп келеді, соның ішінде шахматты ерекше жақсы көреді. Еңбегі елеусіз қалмай, «Ембімұнайгаз» басқармасының, автоколонна басшылығының алғыс хаттарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталған. 
Байболат Тәжібайұлы ардақты азамат, үлгілі әке. Отбасының ұйытқысы, жан-жары Текеева Мүнира екеуінің төрт ұлы бар. Үшеуі жоғары білімді. Үлкен ұлы Әнуар инженер-мұнайшы, «Теңізшевройлда» қызметте. Ортаншысы Алтай инженер-механик, Қарсақ кен орнында көлік жүргізуші болып еңбек етеді. Үшінші ұлы Артур инженер-мұнайшы, ол да «Теңізшевройл» кәсіпорнында шебер қызметін атқарады. Ал кенже ұлы Абай Атырау мұнайгаз институтының төртінші курс студенті, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның дуальдық оқыту бағдарламасы бойынша «Қайнармұнайгаз» басқармасында тәжірибені сабақпен ұштастыра оқып жүр. Бәкең оннан аса немеренің атасы. Немересінің алды Айгүл Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Экология факультетінің 2-курс студенті. Қалғандары оқушы, балабақшаға барады. Немерелері де атасына ұқсап машина жүргізгенді ұнатады, ер жетіп қалғандары аталарынан машина жүргізуді үйретуін сұрайды. Байболат аға ұрпағының білімді, Қазақстанның адал, адамгершілігі мол азаматтары болғанын қалайды. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх