Геолог Гүлнәр

Геолог Гүлнәр
11.11.2016
897
Қызметкерлер

Геолог Гүлнәр

Осыдан 55 жыл бұрын қазанның қара суығында Атырау қаласында ұлағатты ұстаздардың берекелі отбасында болашақ геолог Гүлнәр дүниеге келген болатын. Оның әкесі Серікқали да, анасы Оралай да физика және математика пәнінің мұғалімдері еді. Әрине, Гүлнәрдің де бұл пәндерден үлгерімі ойдағыдай болды. Физика мен математиканы жаңғақша шағып тұрған бойжеткенге Алматыдағы Қазақ политехникалық институтына түсу аса бір қиыншылық тудыра қоймады. Жоғарғы оқу орнындағы «Мұнай және газ кенорындарын қазудың технологиясы және комплексті механикаландыру» факультетінде оқыған Гүлнәр 1985 жылы институтты тәмамдап, тау-кен инженері мамандығын алып шықты.

Біліммен қаруланған жас маман жолдама алып, Өзен кенорнына жол тартады. Алғашқы еңбек жолын ол 1985 жылы «Узеньнефть» мұнай және газ өндіру басқармасының зерттеу цехында оператор болып бастайды. Өзіне тапсырылған кез келген істі тыңғылықты орындайтын жас маман басшылар назарына ілігіп,1987 жылы аталған цехтың ғылыми-зерттеу лабораториясының  инженері қызметіне кіріседі. Жұмысқа деген жігер, бәлкім, Гүлнәр замандастарының бәріне тән болса керек-ті. Жұмысқа да, қоғамдық шараларға да белсенді араласа бастаған Гүлнәр басшылық тарапынан бірнеше мәрте алғыс хатпен марапатталып, фотосы құрмет тақтасына ілінеді. «Жас келсе, іске» демекші, бойында күші мен білімі тең түсіп жатқан Гүлнәр бір орнында қалмай, қызмет баспалдағымен жоғарылай бастайды. Нақтырақ айтатын болсақ, 1990-2001 жылдар аралығында №2,3,5 Мұнай және газ өндіру цехтары мен №2 Қабат қысымын сақтау цехында жетекші геолог қызметін атқарады. Бұл цехтарда Гүлнәр Серікқалиқызы Өзен кенорнының игеру жүйесін мейлінше оңтайландыру, бұрғылаудан шыққан скважиналардың мұнай өнімін көтеруге белсене араласа отырып, өзін білікті маман ретінде көрсете білді. 
2001 жылы «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының филиалы ғылыми-тәжірибелік өндірістік басқармасының геология бөліміне жетекші инженер-геолог болып жұмысқа қабылданып, 2002-2003 жылдар аралығында осы бөлімнің басшысы қызметіне көтерілді. «2003-2008 жылдар аралығы менің геолог ретінде Өзен кенорны үшін жарқырата жұмыс жасаған кезеңім болды. Бүкіл Қазақстан бойынша айрықша болып есептелетін кенорында қабаттың мұнай бергіштігін арттыру мақсатында инновациялық технологияларды енгізу, талдау, көптеген сынақтар жүргізу, енгізілген жаңа технологиялардың тиімділігін анықтау секілді маңызды жұмыстарды ер-азаматтармен бірдей атқара білгенім, көңіліме қуаныш сезімін ұялатады. Жаным қалаған жұмысқа берілгендігім сонша, үйшаруасын басы бүтін ұмытып, тау қопарғандай кешкілік табалдырықтан әзер аттайтын едік», – дейді мерейтой иесі артта қалған жалынды жылдарын еске алып. 
Ол өзінің геолог болып қалыптасуына зор еңбек сіңірген геолог-ағалары Қолғанат Құлсариев, Аманжан Өтесінов, Бегеніш Абылханов, Алпысбай Орынбаевтарды шексіз ризашылықпен еске алады. Сондай-ақ, үзеңгілес әріптестері Шолпан Пангереева, Ғалия Құлсариева, Күләш Рахатова, Алтынгүл Сәрсенғалиева туралы да ілтипатпен атап өтті. «Құрылысшылар өздерінің салған үйлерімен мақтанса, диханшылар бітік шыққан егінімен мақтанады. Ал геологтардың ойы үнемі жер астындағы қыртыстарда жатады. Қазған скважинасынан май табылса, геологтар үшін алтын табылғанмен бірдей. Жер қыртысы туралы тақырып геологтардың ең сүйікті тақырыбы. «Не де болса, біз бұл скважинаны жеңдік, майының қайда екенін таптық», – деп өзара мәз болып, мәре-сәре болып жатқан геологтардың қуанышын өзге мамандық иелері түсінбеуі мүмкін. Геологты түсіну үшін осы мамандықтың қыр-сырын жете сезіну керек», – дейді Гүлнәр күлімсіреп.
Бүгінде №4 Мұнай және газ өндіру басқармасы директорының геология және игеру жөніндегі орынбасары қызметін атқарып отырған Гүлнәр Серікқалиқызы өміріне дән риза. «Қазіргі таңда №4 Мұнай және газ өндіру басқармасына қарасты Өзен және Қарамандыбас кенорындарындағы жердің қыртысын және ішкі қабаттарын, олардың құрамын, құрылысын, қозғалысын зерттеп, табылған мұнайды жер бетіне шығаруға жұмыстанамыз. Тәуелсіз еліміздің экономикасының өсіп-өркендеуі жолында Өзен кенорны қара алтынының алатын орны ерекше екендігін геолог ретінде баса айтқым келеді. Қандай қиын болса да, осы жылдар ішінде көңіл сүйген жұмыстан кісінің шаршамайтынын түсіндім. Еңбек демалысымда шипажайда жатып, тыныш өмірден мезі болып, жұмысымды аңсап отыратыныма не қуанатынымды, не ренжитінімді білмей қалатыным бар. Өмірде сүйікті жұмысың болып, қолың босамай жатқанның өзі бақыт па деймін», – дейді ол.
Тәжірибелі геолог Өзен кенорнында 31 жыл жұмыс жасай жүріп, бір топ жас маманның геолог болып қалыптасуына еңбек сіңіргенін де жоққа шығармайды. Ол қазіргі технократтық заманның екпіні қатты екендігін, сондықтан білімді жастар өздерін барынша жетілдіріп отырмаса, көшке ілесе алмай қалу қаупі бар екендігін алға тарта отырып, «жастарымыз үнемі ізденісте болып, ойлау қабілеттерін дамытып отырса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді.
Сөз соңында геолог Гүлнәр Серікқалиқызы «қандай мамандық иесі болса да, әйел үшін ана болудан артық бақыт жоқ. Құдайға шүкір, бүгінде немере-жиен сүйіп отырған әжемін. Байқағаным, өмір осы отбасың, бала-шаға, немерелеріңмен тәтті болады екен», – деп ой түйеді. Бүгінде 55 жасқа толып жатқан мерейтой иесі туралы әріптестері дүние күйіп жатса да, сол бір биязы жұмсақ қалпында қалатындығын айтады. Өз кәсібінің шебері, мақала кейіпкері Гүлнәр Серікқалиқызының әлі де алар асулары мен бағындырар белестері мол болсын.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх