Фотобайқау жеңімпаздарының лебізі

Фотобайқау жеңімпаздарының лебізі
11.11.2016
530
Еңбекті қорғау

Фотобайқау жеңімпаздарының лебізі

«Мұнайлы мекен» газеті еңбек қорғау және өндірістік қауіпсіздік тақырыбына арналған фотобайқау жеңімпаздарының лебіздерін оқырман назарына ұсынып отыр.

«Көрермен көзайымы» болу мерейімді өсірді

– Мен 2012 жылы «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты «Терең-Өзек» кен орнына ұңғымаларды зерттеу операторы болып жұмысқа орналастым. Жалпы мен мұнайшылар отбасында тәрбиелендім. Марқұм әкем Ондаш Сәрсен Байтаңатұлы осы «Жылыоймұнайгаз» мекемесінде көп жылдар лауазымды қызметтер атқарған. Қазіргі таңда анам Бозаева Райхан Табысбайқызы Прорва кен орнында лабораторияда еңбек етеді. Басшылардың ұйғаруымен Прорва кен орнына 2013 жылы ұңғымаларды жерасты жөндеу цехына 4-дәрежелі оператор мамандығы бойынша ауыстым. Содан бері осы ұжымда қызмет атқарып келемін. Осы салада жұмыс жасай жүріп, әртүрлі сайыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болдым. Маған ақыл кеңес беріп жүрген ұжым басшыларына және өзіммен үзеңгілес мұнайшыларға алғысымды білдіремін. «Мұнайлы мекен» газетінің сайтында жарияланған еңбек қорғау және өндірістік қауіпсіздік тақырыбына арналған фотобайқауға қатысып, «Көрермен козайымы» жүлдесіне ие болдым. Мұнайшылар жұмыста жүргенде еңбекті қорғап және өндірістік қауіпсіздікті жан-жақты сақтап жүрсе, өздеріне де және мекемеге де пайдасы тиетіні анық. Осындай сайыстар өткізіліп тұрса, мұнайшылардың ынтасын және білім дәрежесін көтереді деп ойлаймын. Осы сайысқа қатысқан уақытта мені қолдаған барша жақын туыстарыма, ұжымдастарыма, достарыма алғысымды білдіремін.

Манас Байтаңатов, ұңғымаларды жерасты жөндеу операторы

Әртүрлі конкурстар өтіп тұрса екен...

– Мен Татарстандағы Қазан химия-технология жоғары оқу орнын 1990 жылы бітіріп, мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Содан бері «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ Құлсары мұнай дайындау және айдау цехының инженер-химигі болып жұмыс жасап келемін. Мен еңбек ететін химиялық зертхана – өте қауіпті сала, себебі күнделікті жұмыс сумен, отпен және зиянды химикаттармен байланысты. Сондықтан қауіпсіздікті сақтау өте маңызды. Фотобайқау мен үшін қиын болмады деп ойлаймын, өмір бойына жасап келе жатқан жұмысым ғой. Бірақ байқауға қатысу арқылы еңбек етіп жатқан мұнай дайындау және айдау цехына кішкентай болса да үлесімді қосып, мерейін көтергеніме өте қуаныштымын. Осы байқауды ұйымдастырған әріптестеріме алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта  тағы басқа салалардан да конкурстар ұйымдастырылса екен деген тілек-өтінішім бар.

Рысбике Сәдуақасова, инженер-химик

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх