Ақынға арнап ескерткіш орнатылды

Ақынға арнап ескерткіш орнатылды
11.11.2016
213
Әлеумет

Ақынға арнап ескерткіш орнатылды

Атырау облысында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Хамит Ерғалиевтің 100 жылдығы салтанатпен атап өтілді. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Жанарымда жұмыр жер» тақырыбында салтанатты кеш  ұйымдастырылып, баяндамалар жасалды, жас ақындардың жырлары оқылып, естеліктер айтылды. 3-курс үздік студенті Айсұлу Жексеноваға Хамит Ерғалиев атындағы стипендия тағайындалды.

Ақынның кіндік қаны тамған, тал бесікте тербетілген, балалық шағы өткен туған жері «Ерғали күтірінде» тақта белгі қойылып, оны ауданның Құрметті азаматы Жанай Беркалиев пен ақынның ұлы Мұрат Хамитұлы ашты.
Бұдан кейін осы аудандағы Хамит Ерғалиев ауылында орнатылған ақынның кеуде мүсінін ашу құрметіне Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев, ақынның ұлы Мұрат Хамитұлы және шөбересі Мұстафа ие болды. «Бүгінгі күні әкеміздің 100 жылдығына орай өтіп жатқан шараның қонағы болып қатынасып тұрмыз. Ақын ұрпағы ретінде ол кісінің қайталанбас тұлғасын ұмытпаған ел-жұртына разымыз» деді ақынның ұлы Мұрат Хамитұлы. Айта кетерлігі, Алматы қаласында қашалып жасалған осы мүсінді оңтүстік астанадан алып келу үшін «Ембімұнайгаз» АҚ көмек қолын созып, арнайы автотехника бөлді. 
Одан кейін Махамбет атындағы облыстық драма театрында «Поэзия тарланы» тақырыбында салтанатты кеш өтіп, театр фойесінде Ғабдол Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапхананың «Өлеңмен өрілген өр тұлға» атты кітап көрмесі, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Мәңгі өшпейтін үнің болам мен сенің…» тақырыбындағы фотосурет көрмесі ұйымдастырылды. Шара одан әрі әр облыстардан келген жас ақындардың «Поэзия падишасы» фестиваліне жалғасты.
Қазақтың аса көрнекті ақыны Хамит Ерғалиевтың 100 жылдығы – атыраулықтар үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін де үлкен мереке. Ол – өмір тынысын дөп басатын журналист, ойшыл  публицист, бір халықты екінші халықпен табыстырған талантты тәржімашы, Отан үшін қан төккен жаужүрек жауынгер. Шын талантқа тән қырағылық, көл-көсір терең білім, тегеурінді қуатымен Хамит аға әдебиетте күй атасы – Құрманғазының, әйгілі Ахмет Жұбановтың, Тарас Шевченконың, Қаныш Сәтбаевтың бейнелерін сомдады. Әсіресе, Құрманғазының сергелдеңге толы тағдыры мен дауылпаз күйлерінің шежіресін поэзия тілінде алтын әріппен өрнектеуі, ақынның туған ел алдындағы азаматтық миссиясын орындағанымен бірдей ғажайып құбылыс болды. Ал, Шекспирдің «Гамлеті» Ерғалиевтің аударуында айрықша құбылды. Ақынның туған жері Атырауды, Нарын құм шағылдары мен Ақ Жайықты аңсап жазған жырлары сағыныш пен ізгілікке толы жауһар дүниелер еді. Осыншама мол мұра қалдырған маңғаз таланттың ғасыр тойы туған жердің ерекше күткен мерекесі.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх