Қазақ мұнайының асылы

Қазақ мұнайының асылы
28.10.2016
545
Әлеумет

Қазақ мұнайының асылы

Мен мұнайшы ұрпағы болғандықтан да қазақ мұнайының ардақтыларын бала кезімнен-ақ танып, біліп өскен едім. Оған Қосшағыл мұнайын тұңғыш ашушы атам Бешім Қызылбасовтың, өз әкем Ердәулеттің де осы сала мамандарымен етене араласқандығы себеп болғаны анық. Қазақ мұнайының асылы Жолдасқали Досмұхамбетовтей тұлғамен көп жылдар қызметтес болуым өмірімнің ең бір естен кетпес айтулы кезеңі дер едім.

Қасиетті Кең Жылойдың тумасы, арнаулы білімі болмаса да көзі ашық, көкірегі ояу абыз атам Бешім Қызылбасов 1926 жылы көршілес ауылдан келе жатып, елсіз даладағы шағылдың арасынан жер бетіне шығып жатқан қара майды көреді. Топырақ араласқан нәрсені торсығына толтырып алып, үйіне алып келген ол әлгіні отқа жағып қарайды. Лезде майдың иісі мөңк етіп, лапылдап жанады. «Орыстардың іздеп жүргені осы емес пе екен?!» деген ойда қалған атам жаңағы жерге қайтадан барып, торсығын майға, дорбасын қара қошқыл топыраққа толтырып Доссорға тартып отырады. Бешім атаны жылы қабылдаған кәсіпшілік басшылары оның көрсеткен жеріне бірге барады. Көмбені көзбен көрген орыстар бұрғылау экспедициясын құрып, оған басшы ретінде кәсіпшілік геологы П.Я.Авровты тағайындайды. Геолог мұнда отбасымен бірге көшіп келіп, Қызылқұдық деген жерде атамның үй-ішімен көрші болып екі үй қатар отырады. Бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде 1932 жылы №6 ұңғыдан мұнай бұрқағы атқылап, ол жерге Бешім атамыз Қосшағыл деп ат қояды. Абыз ақсақал Авровпен бірге жүріп Төлестен де мұнай табады. Осыдан кейін 1935 жылы Жылойда алғашқы өндіріс орны ретінде Қосшағыл мұнай кәсіпшілігі құрылып, жергілікті жастар жұмысқа орналаса бастайды. Қосшағылда тұрғын үй салынып, мәдениет ошағы бой көтереді. Бешім атамыз Қосшағыл кәсіпшілігінің құрылғанын көрген жоқ. 1933 жылы қайтыс болды. Бірақ өкімет оның еңбегін жоғары бағалады. «Қосшағыл мен Төлес кен орнын алғашқы ашушы» деген атақ беріп, 100 сом өмірлік сыйақы тағайындады. Ол баласына берілді.
Ұлы Отан соғысы басталып, ер азаматтардың барлығын әскерге алып кеткенде, біздің үйден екі ағамыз қан майданға аттанып, елге оралмады. Мен сол 1941 жылы Қосшағылдағы Лермонтов атындағы мектептің 1-класына бардым. Сабақтан кейін балаларды жетектеп үйді-үйлеріне тасып жүретін алғашқы ұстазымыз Қабижан Қыстауғалиевті де бір күні әскерге шақыртты. «Мұнайшылар мұнай бер, Соны сізден сұрайды ел!» деп ақын Асқар Тоқмағамбетов жырлағандай, жауды жеңу үшін мұнай өте көп керек болды. Мұнай кәсіпшіліктерінде мұнайшылар уақытпен санаспай таңның атысы, күннің батысы тынымсыз маңдай терін аямай төкті. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еселі еңбек етті. 
Сондай бір қарбалас уақыттың бірінде, дәлірек айтқанда 1943 жылы Қосшағылда бұрғышы болып жүрген әкем Ердәулет Бешімов пен оның көмекшісі Сисекен Қазиев Нармонданақ (Комсомол) кәсіпшілігіне ауыстырылды. Көшіп барған бізді кәсіпшілік директоры Сафи Өтебаев жылы шыраймен қарсы алды. Екі отбасын бір үйлік жертөлеге орналастырды. Ол уақыттағы басшылардың қарапайым халыққа деген қамқорлығы ерекше еді. Бірер жылдан кейін Сафекең Қосшағылға жұмысқа ауысып кетті де, орнына келген Ерғожа Тауманов өз отбасымызға бөлек жертөле үй салып берді. 
Соғыстан соң жағдай біртіндеп жақсара бастады. Комсомолдағы мектеп 7 жылдық болғандықтан Доссордағы интернатта жатып оқыдым. 1951 жылы Абай атындағы орта мектепті бітіріп, ауылға келдім. Бірақ он шақты күннен кейін әкем бақилыққа аттанды. Зейнет жасындағы шешем, науқас ағам мен әлі мектеп қабырғасындағы қарындасым төртеуміз қалдық. Әкем көзі тірісінде: «Атаң Қосшағыл мұнайын тапқан. Сен Москвадағы мұнай институтында оқисың!» деп үнемі айтып отыратын. Бірақ өзі көз жұмған соң әке арманын іске асырудың өзі арман болып қалды. Осылай оқу да жоқ, жұмыс та жоқ, қам көңіл болып жүргенде үйге көрші Бисен Құрманов дейтін ағамыз келіп: «Сені Комсомол кәсіпшілігінің директоры Қуаныш Құдабаев шақыртып жатыр» дегені. Ол кісі мені кеңсеге алып барды да, гаражға слесарь етіп жұмысқа орналастырды. Екі айдан соң Қуаныш ағайдың тағайындауымен «нормировщик» болып шыға келдім. Мұнай саласындағы алғашқы еңбек жолым осылай Комсомол кәсіпшілігінен бастау алған еді.
Бір жыл аянбай еңбек еткеннен кейін әке аманатын орындауға бел будым да, Москваға оқуға баруға шешім қабылдадым. Мұнымды кәсіпшілік басшылығы қолдап, кетерде Қуекең жолыңа деп 300 сом ақша берді. Бұл менің шешемнің бір жылда алатын зейнетақысына тең еді. Сонымен не керек, 1952 жылы Москваның мұнай институтына өз білімімен түсіп, оны 1958 жылы ойдағыдай бітіріп шықтым. Алғашқы еңбек жолымды атам мұнай тапқан Қосшағыл кәсіпшілігінде операторлықтан бастадым. Кейін шебер, техника бөлімінің бастығы, 1965 жылы Прорва кәсіпшілігінің меңгерушісі болдым. Сонда қызмет атқарып жүрген жерімнен бір күні басқарманың жаңа басшысы Құмар Балжанов «Ембімұнай» бірлестігінің бастығы Жолдасқали Досмұхамбетов сені ұңғыларды күрделі жөндеу конторына бас инженер етіп тағайындады» дегені. Осылайша ойламаған жерден бас инженер болып шыға келген маған шаруашылығы тұралап тұрған бұл саланың жұмысын жандандыру үшін көп күш жұмсауға тура келді. 
Бұл уақыт Ж.Досмұхамбетов сынды мұнай-газ саласының майталман маман басшысымен қызмет бабында араласа бастаған кезім еді. Өзіме жүктелген міндетті мінсіз атқаруға жұмыстандым. Күрделі жөндеу мекемесіне бас инженер етіп тағайындауы маған артылған үлкен сенім деп білдім. 1968 жыл болатын. Бір күні Құлсары кәсіпшілігінің бастығы Хамит Ғабдуллин маған телефон шалып: «Сені Жөкең біздің кәсіпшілікке бас инженер етіп тағайындады» деп шақыртып алды да, жаңа орныма отырғызды.
Бір күні Құлсарыға Қазақ КСР Мұнай бірлестігінің бастығы Сафи Өтебаев келгенін есітіп, Хамекең екеуміз аудандық партия комитетіндегі кездесуге бардық. Кеңсе алдына көп адам жиналып қалған екен. Бір уақытта Сакең өзі келіп қаз-қатар тұрған азаматтармен қол алысып амандасты. Маған жақындағанда шырамытқандай пішінмен: «Мынау бала кім?» деп сұрағаны. Хамекең іле-шала: «Бұл сіздің бұйрығыңызбен бізге бас инженер етіп тағайындалған Бешімов деген азамат», – деп жауап қатты. «Өткенде Жолдасқали Досмұхамбетовтен келген хатта бұл баланы бас инженер етуді ұсынған екен. «Оқымаған Бешім атасы мұнай тапқанда Москвада білім алған немересі мұнай таппай ма?!» деп бұйрыққа қол қойдым ғой», – деп менің қолымды қысты. Сол кезде басқармада ЦИТС деген бөлім ашылды. Хамекең бұл қызметке басшыны өзімнің таңдауыма рұқсат берді. Естуімше, аудандық партия ұйымының хатшысы бұрын осы қызметте жұмыс жасаған бір мұнайшы азаматты ұсынған екен. Бірақ менің таңдауым басқа еді. Жөкең сұратып жатқан соң, мен тез байлам жасап, көп жылдар Құлсары мұнай өндіру цехын басқарған, соңғы кезде Мұнайлы кен орнында жүрген Шамша Қонабаевты ұсындым. Көп ұзамай бірлестіктен Ш.Қонабаевты ЦИТС-ке бастық етіп тағайындау туралы бұйрық келді. 
Осылай Құлсары кәсіпшілігінде үш жыл жасағаннан кейін 1970 жылы Жөкең мені өзіне шақыртып алды. Күрделі жөндеу конторының директоры Д.Әжіғалиев «Шаршадым. Мені босатып орныма сені қой» деп өтініші білдірді» дегені. Бұл Жолдасқали Досмұхамбетовтың қабылдауында екінші мәрте болуым еді. Жөкеңнің артқан сенімін арқалап мен конторда үш жыл директорлық қызмет атқардым. Содан соң сол кездегі «Ембімұнай» бірлестігінің бастығы Б.Сағынғалиевтің бұйрығымен 1973 жылы жаңадан құрылған «Жайықмұнайгаз» басқармасына бастық болып тағайындалдым. Жөкең бірлестікте бас геолог міндетін атқаратын.
Әрине, елсіз далада алғаш ашылған кәсіпшілікте жағдайдың ауыр болатындығы анық. Ең қиыны, Мартыши, Гран, Камышитовый кеніштерінде качалка мен мұнай беретін және фонтан атқылайтын ұңғымалар бола тұра басқарма белгіленген  жоспарын орындай алмай келеді екен. Бір аптадан кейін бас инженер А.Назаровты, бас геолог А.Нұрмұқановты кеңсеге шақырып алып, екі сағат уақыттың ішінде жоспардан шығудың жобасын жасап беруді тапсырдым. Басқарманың бастығы, бас инженері және бас геологы ретінде бізді мұнда басшы етіп тағайындаған соң барлық жұмысқа басқа емес, үшеуміз ғана жауап беретініміз белгілі. Бұл ретте бірінші міндет – жоспар орындау. Осылайша қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, жоспардан шығуға көп күш жұмсадық. Тапсырма орындалып, кейін бірлестікке барғанымда Жөкеңнің өзі қолымды қысып тұрып құттықтады. 
1975 жылы мен Мақат ауданы партия комитетінің І-хатшысы болып тағайындалдым.  Қазақстандағы алғашқы мұнай алынған аудан болғанымен де, дәл сол кездегі жағдайы онша мәз емес екен. Үйлері, мектептері тозған, мұнайы тым азайған. Сондықтан біз ауданнан жаңа кен орындарын іздеу мәселесін бірінші кезекке қойдық. Бір күні бірлестіктің бас геологы Жолдасқали Досмұхамбетовке бардым. Оған Жылой өңірінде барлау жұмыстарының жақсы жүріп жатқандығын, біздің ауданда да ардагер барлаушылардың айтуы бойынша жаңа мұнай алаңдарының аз еместігін алға тарттым. Арада он шақты күн өткеннен кейін бас геологтың өзі Доссорға келіп, бұрын барлаушылар қазып кеткен ұңғымалардың басы-қасында болды. Задвижкаларын ашып қарап, газ бұрқағы атқылап тұрғандығын өз көзімен көріп кетті. Содан бір күні мені шақыртып алған Жөкең: «Соңғы кездері денсаулығыма байланысты Москваға көп сапар шекпей жүр едім. Бірақ сен үшін жақында Мұнай министрлігіне барып, Батыс Доссордан бір ұңғы қазуға рұқсат алдым», – дегені. 
Осылайша Доссордан №708 (№706) ұңғыманы қазу жұмыстары қарқынды басталып кетті. Содан арада көп уақыт өткен-ді. Бір күні шырт ұйқыда жатқан мен таңғы сағат 5-тің шамасында телефонның шылдырынан ояндым. Бұраубайдың шебері екен. Ол ұңғыдан фонтан атқылап жатқандығын хабарлады. Тездетіп жетіп барсам бүкіл доссорлықтар осы жерде жүр. Қуанышымызда шек жоқ. Бірақ күрделі жөндеу конторының бригадасы бірнеше күн тынбай жұмыс жасағанымен еш нәтиже шықпады. Фонтан тоқтап қалды. Бірлестік басшылары «мұнда мұнай жоқ» деген шешім қабылдады. Қайран Жөкем! Бұл уақытта ол өмірден өтіп те кеткен еді. Сол кісінің қамқорлығымен қолға алынған істі ілгерілете алмай қара алтын атқылап тұрған ұңғы жабылып қалды.
Жөкең Теңіз кен орнын ашушылардың бірі ретінде оның жақын болашағын көрегендікпен болжай білді. КСРО Мұнай министрлігінің басшыларына ол жерде қара алтын көмбесінің бар екендігін дәлелдеп, «№1 ұңғыма мына жерден қазылсын! Мұнай теңіздей тасысын!» деп алыпты оятып, атын да қойып кеткен Жөкең еді. Бүгінде Теңіз телегейге айналып, Атырау аумағының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикасының дамуына, халықтың әлеуметтік ахуалының айтарлықтай жақсаруына үлкен үлес қосып келеді. Бұл ретте бас геолог Жолдасқали Досмұхамбетовтың еңбегі өлшеусіз. Еселі еңбек жолымда осындай тарихи тұлғамен қызметтес болғаным үшін, әрине,өзімді бақытты санаймын. Сол кісінің арқасында Сафекең секілді Қазақ мұнайының атасының да арқалатқан сенімін ақтадым.
«Әке көрген оқ жонар...» дегендей, асыл ағаның сынығы Қобылан, Исатай мен Махамбет ұлдары Жөкеңнің жолын жалғастырып, қарапайым мұнайшы емес, тұтас еліміздің мұнай өндірісін өркендетуге сүбелі үлес қосып келе жатқан атпал азаматқа айналды. Мұның өзі Теңіздей тереңді телегейге айналдырған таудай тұлғаның еңбегінің еш кетпегендігін көрсетсе керек. Олай болса, соңында халқы барда, ізін жалғар ұрпағы барда Жолдасқали Досмұхамбетовтің ел үшін сіңірген маңдай тері текке кетпейтіндігі анық.

Наурызғали Бешімов, Қазақстанның мұнай-газ саласына еңбек сіңірген қызметкер 
Жылыой ауданы, Құлсары қаласы

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх