Жаның жай тапсын десең – жемісті еңбек ет!

Жаның жай тапсын десең – жемісті еңбек ет!
28.10.2016
321
Қызметкерлер

Жаның жай тапсын десең – жемісті еңбек ет!

«Өзенмұнайгаз» АҚ, №1 МГӨБ, №1 СЖАЖЦ, №11 бригадасы жуырда Ақтау қаласында өткен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ұйымдастырған небір майталман үздіктер қатысқан дүбірлі додада жүлделі І-орынды иеленіп, компания мәртебесін көтеріп тастады.

Аталмыш цех бастығы Бақтыгерей Шопанов бұл жеңістің тек бригада жұмыскерлерінің ғана емес, бүкіл компанияның жеңісі екендігін айтады. Бригаданың аға операторы Ринат Сайын, оператордың көмекшісі Мақсат Пасыров, машинист Еркінбек Дәуленбаев өздерінің жүлделі орын иеленіп, компания намысын қолдан бермей, жүлдегер атанғандарына дән риза. Мұнайшы жігіттер өздеріне тапсырылған айлық жоспарды мүлтіксіз орындау арқылы компания әлеуетінің өсіп-өркендеуі жолында зор үлестерін қосып келеді.
 «Біздің жұмыста артық ауыз әңгімеге мүлдем уақыт жоқ. Себебі, айлық жоспарды уақытында орындау үшін сөз емес, іс керек», – дейді олар. Бригада жігіттерінің еңбек тәртібін бақылаумен айналысатын шебер Талғат Нығметов, мұнайшылардың табиғаттың қай мезгілінде де барлық күш-жігерлерін табысты еңбекке арнайтындықтарын айтады. Үздіктерді анықтайтын дүбірлі дода әрбір кәсіп иесін маман ретінде жетілдіруге зор ықпал етпек. Маңғаз мекеннің төсінде маңдай тер төгіп, адал еңбек етіп жүрген үздіктер «жаның жай тапсын десең – еңбектен», – дейді бір ауыздан.

Әлібек Қосжанов:

– Сайыс адамға шабыт беріп, алға жетелейді. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ұйымдастырған үздіктер байқауынан оқ бойы озып шығып, І орынды қанжығасына байлап қайтқан Әлібек Қосжанов «Өзенмұнайгаз» АҚ, №4 МГӨБ, №6 МГӨЦ, 107 ТҚ мұнай және газ қондырғысының 5-дәрежелі слесарь-жөндеуші болып жұмыс жасайды. 
Бұл оның компаниялар арасындағы үздіктер байқауына екінші рет қатысуы. Біріншісі Сыр елі Қызылордада өткен болатын. «Ақтауда өткен сайыста өзімнің теориялық сынақтан барынша дұрыс жауап беріп, 98 ұпай жинағаныма қатты қуандым. Біз сияқты жас мамандар үшін аталмыш сайыстың берері көп. Нақтырақ айтатын болсақ, байқауда өзіңнің тәжірибең мен кәсіби біліктілігіңді пайымдайсың. Өзге компаниядағы әріптестеріңмен пікір алмасып, пайдалы тәжірибе жинақтайсың. Дос табасың. Байқаудан соң, өзіңнің мамандығыңа деген құрметің артқанын байқайсың. Жеңіске жеткен кезде, көңіліңде мақтаныш пайда болады. Сайыс адамға шабыт беріп, алға жетелейді. Меніңше, компания біз сияқты жас мамандарды шетелдерге жіберіп оқытатын болса, бұдан ұтпаса, ұтылмайды. Білікті мамандары бар компания қашан да мықты кәсіпорын», – дейді Әлібек ағынан жарылып.
Топтық қондырғы шебері Асылбек Бердімұратов Әлібектің жұмысқа деген жігерін ерекше атап өтті. «Қандай тапсырма берсең де, тап-тұйнақтай етіп орындайды. Өз орнын білетін, өз кәсібінің шебері», – дейді ол.
«Үздік маман» сайысының жеңімпазы Әлібек Қосжанов алдағы уақытта да асқар асуларды, биік белестерді бағындыруды мақсат етеді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх