Ел бағына туған ер

Ел бағына туған ер
18.10.2016
496
Әлеумет

Ел бағына туған ер

Атырау облысының мұнайлы өңірі – Исатай ауданында халық батыры, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып, ел қорғаған Исатай Тайманұлының туғанына 225 жыл толу мерейтойы  жоғары дәрежеде аталып өтті. Осынау айтулы күн 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің 180 жылдығымен де тұспа-тұс келіп отыр.

Мерекелік шаралар халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшы Исатайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Одан соң алыс-жақыннан келген қонақтар, аудан жұртшылығы, мұнайшылар, батырдың ұрпақтары «Жалын» мәдениет үйінде «Тарих және Тұлға» деген тақырыпта ұйымдастырылған аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Жиынды аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков ашып, қонақтарға Исатай мен Махамбеттің ат тұяғы тиген, Құрманғазы мен Динаның күйі күмбірлеп, Хамит пен Фаризаның жырлары төгілген мекенге хош келдіңіздер айтты.  
– Нарын жері қасиетті мекен. Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігін қамтыған азаттық көтерілісінің басшысы, Исатай бабамыздың 225 жылдық мерейтойының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен сәйкес келуінде де сабақтастық пен үйлесім бар деп есептеймін. Батыр тұлғасын оның артында тұрған қалың жұртынан, сол елдің сан ғасырлық мәдениетінен бөліп алып қарау мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, Исатай Тайманұлы – азаттық қозғалысының көш бастаушысы ғана емес, сонымен бірге ұлттық мәдениет пен элитаның осы мезгілдегі дәреже-деңгейін анықтаушы тарихи құбылыс деп білемін, – деді ол.
Бұрын Новобогат деп аталатын ауданға 1990 жылы Исатай есімі берілді. Бұл жаңалықты халық «тарихи әділдік, ерлікке тағзым» деп қабылдады. Қазір жергілікті жерде бір ауылдық округ, көшелер батырдың атын ұлығылап тұр. Аудан орталығынан Исатай Тайманұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайы ашылып, екі ауылда бюст орнатылды. Тарихи тұлғаның 200 жылдығы да ерекшелігімен ел есінде қалды. Ол Қазақстан Тәуелсіздік алған 1991 жылы республикалық деңгейде тұңғыш рет тойланған болатын.
Бабамызды ұлықтауда исатайлықтардың атқарып отырған қызметі атап айтарлық. 2014 жылдың қарашасында Исатай ауданы азаматтарының қолдауымен Ақтөбе облысының Шейітсай деген жерінде халық батыры Исатай Таймановтың кесенесі тұрғызылды. Биіктігі 11,5 метр, аумағы 68 шаршы метрді құрайтын сегіз қырлы ғимарат тарихи тұлғаның алдындағы бір парыздың өтеуіндей болды. Өйткені, батыр басының қараймай, ескерусіз қалуы көпшіліктің жанына батып жүретін. Ауданда жыл сайын дзю-до күресінен И.Тайманов атындағы жүлде ұйымдастырылады, оған биыл 200-ден аса жас спортшы қатысты. Исатайдың әкесі Тайман зираты күтімге алынды, Тұщықұдық ауылдық округі, Жалтыр көлі телімінде Бөкей Нұралыұлының патшадан рұқсат алып, Жайықтың бергі бетіне өткен кезде алғаш қоныстанған, анасының сүйегі жерленген жерге, Забурын ауылдық округіне қарасты «Саға» атанған төбеде батырдың немересі Өтепқали Дінбаянұлының 1916 жылғы пашта жарлығына қарсы шығып, қол жинаған орнына стелла-белгілер орнатылды. Жиында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен облыс аудандарынан келген делегеция өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, ескерткіш сыйлықтарын табыс етті. 
Исатай бабаның тарихтағы орны аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жан-жақты атап көрсетілді. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай, Ақтөбе облысы, «Исатай» қоғамдық қорының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков тарих пен тұлғаның сабақтастығын терең зерделей әңгімеледі. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессорлары Лесқали Бердіғожин, Амангелді Шамғонов, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісін зерделеудегі жаңа көзқарастар туралы тың деректерді көпшілік назарына ұсынды. Ал, Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабай көтерілістің ақын-жыраулар деректерінде көрініс табуы туралы төгілте баяндады.
– Исатай – арлан, көк бөрі сынды, терең тақырып екен. Соны отыз жыл бойына зерттеп, жазып келем, бірақ әлі тауыса алар емеспін. Осы екі бартырды зерттегенде бір нәрсеге көзім анық жетті. Бұл екі батырдың ар-намысында кіршіктей кінарат жоқ, кіршіктей дақ түспеген. Саф алтындай жарқырап тұрған адамдар. Егер біз ұлт-азаттық көтерілісті дәріптемесек, келер ұрпаққа жеткізбесек, отаншылдық сезім жоғалады, – дей келе халық жазушысы Әнес Сарай Исатайдың туған жері Қызылқоға ауданындағы Жангелді ауылына батыр атын беру, батырдың жүрген жерлері Борсаң мен Сарыкөлге белгі қою жөнінде ұсыныс берді. 
Халық батырының 225 жылдығына арнайы келген меймандар И.Тайманұлы атындағы тарихи мұражайының жаңа экспозициясымен танысты. Исатай аудандық мұражайдың жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты лента қиылып, қонақтар мұражайды аралады. Онда аудан және өлке тарихынан мұрағаттық деректер, зергерлік бұйымдар, жалпы 386 дана құжат пен фотосурет, 106 заттық бұйым, 492 жәдігер қойылған. Қонақтарға арнап «Байтерек» алаңында киіз үй тігіліп, дастархан жайылды. «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты «Жайықмұнайгаз» басқармасы шараға автокөлік, басқа да қажетті техникалармен қолдау білдіріп, мұнайшылар атынан киіз үй тігіп, кең дастархан жайды. Кешкісін қонақтар «Туған ер Исатай да ел бағына» атты театрландырылған қойылымды тамашалады.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх