Кәсіби шеберлік сайысы

Кәсіби шеберлік сайысы
18.10.2016
560
Әлеумет

Кәсіби шеберлік сайысы

20-қазан – Халықаралық аспазшылар күніне орай мұнайшыларды қоғамдық тамақтандырумен қамтамасыз етуші «KMG EP-Catering» ЖШС Атырау қаласындағы, Дина Нұрпейісова атындағы мәдениет үйінде «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты сайыс ұйымдастырды.

Оған «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Ембімұнайгаз» АҚ мұнайшыларына қызмет көрсететін серіктестікке қарасты аспазшылар, даяшылар, асхана қызметкерлері, т.б. қатысты. Серіктестіктің Маңғыстау, Атырау облыстары филиалдарында мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Жаңаөзен филиалы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның өндірістік нысандарындағы асханаларында, АҚ-ның бас кеңсесі қызметкерлеріне, «Кендірлі» демалыс аумағына сапалы қызмет көрсетсе, Атырау өңірінде «Ембімұнайгаз» АҚ-ның кен орындарында орналасқан 30-ға жуық асханаларында мұнайшыларды ыстық тағаммен қамтамасыз етеді. Сайыстың мақсаты – кәсіби шеберлікті жетілдіріп, тәжірибе алмасу, ұжымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты, береке-бірлікті нығайту. 
Шара барысында Жаңаөзен қаласынан келген «Шаңырақ», «Маңғыстау қырандары» топтарымен, атыраулық «Гурьев» және «Сарайшық» командалары тағам дайындаудың үздік үлгілерін көрсетуде, өнер, спорттық сайыста өзара сынға түсті. «Үздік аспаз» сайысында аспазшыларға екі сағат уақыт беріліп, олар осы мезгіл ішінде бар өнерлерін салып, дәмді тағам түрлерін, соның ішінде ұлттық, еуропалық, әлемдік тағам түрлерін дайындау қажет болды. Жаңаөзендік А.Есмұратова, Ж.Абилдаева, А.Валиханов, Г.Жұмабаева, А.Жанетов, атыраулық А.Ембергенова, Ж.Агиманова, Г.Мугалова, Ж.Утарова, М.Калимова, Ж.Алғазиевтер іске ынтамен кірісіп, өз шеберліктерінің шыңынан көрінуге талпынды. Мерзім біткенде дайын болған тағам түрлері әділқазылар алқасына ұсынылды. Олар әр команда дайындаған тағамның дәмін алып, әділ бағасын берді. 
«Асхана да – сахна» байқауында қатысушылар өнер жарыстырып, ән салып, би биледі, өлең оқып, көрініс көрсетті. Қатысушы қыздар арасында үнді биін, қазақ биі «Қамажай», басқа да ұлттық билерді мың бұрала билесе, бірі Отан, туған жер туралы өлеңдер оқыды. Сондай-ақ, сазгер Шәмші Қалдаяқов өмірінен алынған «Сыған серенадасы» қойылымы, сұрапыл соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, ер орнына жүрген аналар бейнесі де шынайы сомдалды. 
«Мұнайшы» спорт кешенінде өткен «Көңілді старт» байқауында сайыскерлерден қимыл шапшаңдығы, шымырлық пен шыдамдылық талап етілді. Сайысқа қатысушылар қасықпен картоп тасып, шармен жүгіру, арқан тартыс, т.б. ойын түрлерімен жарысты. Нәтижесінде сайыстың үш түрінен ең үздік командалар анықталды. Командалық есепте 1-ші орынды «Шанырақ» командасы иеленіп, топ жарды. 2-ші «Гурьев», 3-ші орынды «Маңғыстау қырандары», ал 4-ші орынды «Сарайшық» командасы иеленді. Осылайша «Сегіз қырлы, бір сырлы» сайысы өз мәресіне жетті. 

Бектұрбай Қиялбаев, «KMG EP-Catering» ЖШС директоры:

– Бұл байқау жыл сайын өткізіліп келеді. Осы сайыс арқылы асхана қызметкерлерінің білімін жетілдіру, қызмет сапасының жоғарылауына жағдай жасау, сондай-ақ, аспаз мамандығының мәртебесін көтеріп, филиалдар арасында байланысты нығайтуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, қызмет көрсетуші сала мамандары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, өнерін шыңдауға мүмкіндік жасауды мақсат тұттық.

Сейілхан Хайруллин, бағбаншы, «KMG EP-Catering» ЖШС Атырау филиалы:

– Мұндай ойындар, сайыстар адамдарды бір-бірімен жақындастыруға жақсы әсер етеді деп білемін. Мен былтырғы жылы да қатысқанмын. Биыл сазгер Шәмші ағаның ролін ойнау маған үлкен жүк артты, барымша ойнап шықтым. Жалпы, жыл сайын шара барысында кәдімгідей көңіліміз бөлініп, демалып қаламыз.

Қарлығаш Абитова, аспазшы, «KMG EP-Catering» ЖШС Жаңаөзен филиалы:

– Бір-бірімізбен танысып, жарысып, жақсы шара өткіздік. Жарыс қызықты өтті, қасыңда жүрген адамның қабілет-өнерін қапелімде біле бермейсің ғой. Ал мұндайда кімнің қандай өнері барын шын байқайсың. Одан сыйластығың арта түседі. Ондайда мұнайшыларға құнарлы тамақ беруде біздің де көңіл күйіміз арта түседі.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх