Дария кеуде, тау мүсін, қарттарым, аман-саумысың!

Дария кеуде, тау мүсін, қарттарым, аман-саумысың!
18.10.2016
377
Әлеумет

Дария кеуде, тау мүсін, қарттарым, аман-саумысың!

«Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шаралар және қазан – қамқорлық айы аясында бастама көтеріп, жұмыс жасамайтын зейнеткерлер арасында қазан айының 3-4 күндері 1-ші спорттық ойындар сайысын ұйымдастырды.

Оған «Ембімұнайгаз» АҚ аппараты, «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Доссормұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармалары мен «Өндірістік-техникалық қамту, жабдықтармен комплектациялау» және «Ембімұнайэнерго» басқармаларынан барлығы 38 зейнеткер қатысып, өзара сынға түсті. Ер-әйел зейнеткерлердің жас шамалары 58-ден бастап 80 жасқа дейін барды. Олар спорттың шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, бильярд, жеңіл атлетика (ұзындыққа секіру) түрлерінен сайысты. Әрине, алдымен айта кетерлігі, үйде қамсыз жатқан зейнеткерлердің белсенділігін арттырып, осындай қомақты шара өткізу идеясының өзі тың бастама. Шараға қатысу жөнінде ұсыныс түскен соң, тілек білдірушілер де табылды. Ақырында, 7 команда құрылып, сайысқа қатысушы жұмыс жасамайтын зейнеткерлер «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-не қарасты С.Балғымбаев кен орнында бас қосты. 
«Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағыт Сматуллин шараға жиналған қауымды құттықтау сөзбен қарсы алды. Одан кейін қатысушылар сапқа тұрып, әр команда сайысқа дайын екендігі жөнінде ардагерлер кеңесі төрағасына рапорт берді. ҚР Әнұраны ойналып, ту көтерілді. Сонан соң командалар жарысқа кірісті. Жарыс әрине қызықты өтті. Өмір көрген, байсалды, сөзі де ісі де орнықты жандардың ойыны да саналы, сапалы болғаны рас. Екі күнге созылған жарыс барысында зейнеткерлер анықталған спорт түрлерінен сайысып, жүлделі орындарға үміт артты. Ақырында, жеңісті сәт те келіп жетті. Сайыс барысында бірінші орын алған үздіктерді атасақ, ерлер арасында шахматтан 1-ші орынды «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ ардагері Ақпан Қоныспай, дойбыдан Төлеуішев Құрмет («Жайықмұнайгаз»), тоғызқұмалақтан Досалиев Бөлекбай («Қайнармұнайгаз»), бильярд және жеңіл атлетикадан Бегешев Сәрсенбай («Жайықмұнайгаз») иеленді. 
Ал әйелдер арасында шахматтан 1-ші орынды Текеева Мүнира («Доссормұнайгаз»), дойбыдан Жаннат Махмұтқызы («Жайықмұнайгаз»), тоғызқұмалақтан Ғұбашева Алтыншаш, («Жайықмұнайгаз»), ал жеңіл атлетикадан Өтеулиева Дариға жеңімпаз деп танылды. Оларға арнайы диплом мен 25 мың теңге, 2-ші орынға 20 мың, ал үшінші орындағыларға 15 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Қарттар ол сыйдан гөрі осы шараға қатысқандарына бек риза болысты. Қария да бала сияқты демекші, тіпті көздеріне жас алғандар да болды. Орын алмағандарына белсенді қатысқаны үшін Алғыс хат табыс етілді. Командалық есепте 1-ші орынды «Жайықмұнайгаз», 2-ші орынды «Жылыоймұнайгаз», 3-ші орынды «Доссормұнайгаз» МГӨБ командасы иеленді.

Бағыт Сматуллин, «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы: 

– «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесі қоғамдық негізде жұмыс жасап келе жатқан ұйым. Бүгінде зейнеткерлер саны 1800-ден астам адамды құрайды. Еңбек ардагерлері зейнеткерлікте болғанымен, тілегі өндіріспен бірге. Сондай-ақ, олар қоғамдық істерден де қалыс қалмауы тиіс. Сол мақсатта жұмыс жасамайтын зейнеткерлер арасында спорттық ойындар сайысын ұйымдастыруды ойластырған едік. Кезінде бәрі де бір терінің пұшпағын илеген, яғни, мұнай өндірісінің дамуына үлес қосқан жандар. Енді құрметті демалыста болса да, бір-бірін көргісі, араласқысы келеді. Соған да мүмкіндік жасалып отыр. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы бұл үлкен мереке. Мұнда бүгінгі қарттардың да үлесі мол ғой. Сол себепті осы шараны ұйымдастырдық.

Қоныспай Ақпан, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ, 74 жаста:

– Мен «Жылыоймұнайгаз» басқармасында ұзақ жылдар заңгер болып еңбек еттім, «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесінің жұмыс жасамайтын зейнеткерлер арасында осындай спорттық сайыс өткізуі жақсы бастама. Зейнетке шыққаныма 10 жыл ішінде тұңғыш өтіп отыр. Бәріміз қуанып жатырмыз. Рас, алғаш өткесін де болар қатысушылар саны аздау. Бірақ алға қарай белсенді қарттар саны көбейеді деп сенемін. Ардагерлер кеңесіне көп рахмет!

Құрмет Төлеуішов, «Еңбек даңқы», «ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері», 78 жаста: 

– Өмір бойына мұнайшылықты кәсіп еттік. Мұнай өндіру операторы болып жасадым. Біздің еңбек жолдарымызда мұнай өндіру ісіндегі қиын кезеңдерді бастан өткердік. Қазіргі игіліктің көбін біз көрген жоқпыз. Көңіліміз әлі де өндірісті қалап тұрады. Зейнеткерлікке үйрену де оңай емес екен. Бізді есептен шығарып тастамай, осындай игі шараға шақырғандары үшін ағалық алғысымды білдіремін. 

Мүнира Текеева, «Доссормұнайгаз» МГӨБ, 67 жаста: 

– Мен мұнайшыларды рухани азықтандырушы, білімін жетілдіруші кітапханада еңбек еттім. Жолдасым Текеев Байболат өндірісте арнаулы техникада жүргізуші болды. Бүгінде зейнеттеміз. Осы сайысқа немере-шөберемізді бағып отырған екеуміз де белсене келіп отырмыз. Қызу құптаймыз. Күнделікті тірліктен ойымыз бөлініп, жақсы рухани демалып қалдық. Жеңем деп келіп едім, жеңдім. Бірақ одан бұрын әріптестеріммен бірге болып, әңгімелескен, өктенді еске алған қандай тамаша. Ардагерлерді ұмытпай осындай шараларды жиі ұйымдастырып тұрса, нұр үстіне нұр! Соның бірі ретінде, «ЭКСПО-2017» көрмесіне баруға мүмкіндік жасаса, тіптен жақсы.

Есен Бегайдаров, ӨТҚжЖК басқармасы, 77 жаста: 

– Бұл құрметтеуге тұрарлық жақсы іс-шара деп білемін. Жасымның ұлғайғанына қарамастан келдім. Өзіңмен үзеңгілес жандармен бірге болып, шүйіркелесу, достық сайысқа қатысу қандай ғанибет. Мен бұрынғы құқық органы қызметкерімін, кейін ӨТҚжЖК басқармасында күзет бастығы болдым. Бізді ұмытпай шақырғандарына мекемеме де ризамын. Өте жақсы бастама. Үйде бір сарын өтіп жатқан өмірімізге аздап қозғау салып, санамызды жаңартты, сілкіндірді, тіпті жасарып қалғандаймыз.   

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх