50 сұрақтың бәріне жауап бердім

50 сұрақтың бәріне жауап бердім
18.10.2016
207
Қызметкерлер

50 сұрақтың бәріне жауап бердім

Ерболат Жұмағалиев, 
«Ембімұнайгаз» АҚ, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ газ өндіру операторы:

– Сайыс «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на қарасты «Қаламқас» кен орнында өтті. Алдымен теориялық сұрақтардан басталып, онлайн түрінде ашық өтті. Бұрынғы сайыстарда 20 сұрақтан келуші еді, мұнда 50 сұрақ беріліпті. Бірақ өзім тыңғылықты дайындықпен келгенмін, содан да жеңіске жетуді мақсат тұттым. Әрине, елу сұрақ деген аз емес, дәл жауабын табу одан да қиын. Еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы, өнеркәсіптік қауіпсіздік, мұнай газ өндіру процесіндегі жұмыстар, ұңғымалардың жұмысы, т.б. көптеген сұрақтар болды. Күнделікті жасап жүрген жұмыстар ғой, бірақ соған дұрыс жауап табу қиындау тиді. Әсіресе, қысқарған сөздерді шешуде қиналдық. Ақырында, көңілді күпті еткен жауап та келді-ау. 50 сұрақтың елуіне де дұрыс жауап бергенімді білгенде қуанып кеттім. Шынымен солай ма деген алаңдаушылық та болғаны рас. Жоқ, шынында да дұрыс жауап беріппін. 
Ал, практикалық істе 7030 ұңғыма басында ұңғыма сағасына нығыздама орнату бойынша сайыстық. Берілген уақыт 25 минут. Соған үлгеріп, істеген жұмысымыздың барысын аяқталғанға дейін түсіндірдік. Мұнда да өз ісім ойымнан шықты. Ақырында үздік деп танылдым. Әрине, жүзден жүйрік шыққаныма қуаныштымын. Бұл менің алғашқы жеңісім емес. МГӨБ аралық жарыстарда 3 мәрте бірінші орын, «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша 2 мәрте бірінші орын, былтыр «Өзенмұнайгаз» АҚ-да өткен сайыста 1-ші орынды иелендім. Енді ұлттық компания бойынша үздік танылғаныма мерейім өсіп қалды. 
Мұнай саласындағы еңбек өтілім 10 жыл. Оның ішінде 4 жыл ұңғымаларды жер асты жөндеу бригадасында, 6 жыл мұнайгаз өндіру операторы болып жасап келемін. Жұмысыма ризамын. Атырау мұнайгаз институтының әуелі мұнайгаз кен орындарын игеру, кейін Алматыдағы экономика және маркетинг институтының экономика-менеджмент факультетін бітірдім. Бүгінде Кенбай кен орнында еңбек етіп жүрмін. Шеберлер, цех басшыларымен бірлесе жүріп, өндірістің дамуына үлесімді қосып келемін. Туған жерім – Мақат ауданы, әкем ұстаз, кейін әкімшілікте қызмет етті. Бүгінде анам екеуі де зейнеткер. Олардың және ұжымдастардың тәлім тәрбиесі маған өміріме азық болды. Бәріне де ризашылығымды білдіремін.
Жарысқа келсек, ең бастысы қатысу, тәжірибе алмасу. Сондықтан көру, үйрену ешқашан артық етпейді. Маңыздысы, осындай дода бір салада еңбек ететін әріптестердің бір-бірімен тәжірибе алмасуына, жақсысын үйренуіне, біліктілігін арттырып, шеберлігін шыңдауына, түптеп келгенде, салалас еңбек ұжымдары арасында тығыз байланыс орнатылуына, сол арқылы білімің мен білігің молайып, мамандығыңа құрметпен қарауға септігін тигізері анық.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх