Жаның қалаған жұмыс жетістікке жетелейді

Жаның қалаған жұмыс жетістікке жетелейді
18.10.2016
391
Қызметкерлер

Жаның қалаған жұмыс жетістікке жетелейді

Биылғы жылдың қазан айының 3-7 аралығында «ҚазМұнайГаз» ҰК»АҚ ұйымдастырған қоғамның тәуелді және еншілес компанияларының арасында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Үздік маман-2016» кәсіби-шеберлік байқауы өткен болатын. 
Небір майталман мамандар қатысқан бұл ауқымды байқауда токарь мамандығы бойынша бірінші орынды иеленіп, «Өзенмұнайгаз» АҚ мәртебесін көтерген МӨҚжТКЖБ басқармасының 4-дәрежелі токарі Байжан Дауыловтың осы салада жұмыс жасағанына 10 жыл болыпты.
«Мен жалпы үздіктер сайысына  алғаш рет қатысқаныма қарамастан, тәжірибе мен теориялық сынақтардан сүрінбей өтіп, жүлделі І-орын иеленгеніме өте қуаныштымын. Екінші отбасыма айналған ұжымымның үмітін ақтадым. Әріптестерім Жанболат Мұқанов, Сабырбек Ергенов, Язлы Аманқосовтар қолымды қысып, сәттілік тілеген болатын. Небір майталман мамандармен сайысқа түсе жүріп, жеңіске жету деген үлкен қуаныш екендігін түсіндім. Байқау біздің біліктілігімізді көтеріп қана қоймай, әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға да мейлінше ықпал етеді», – дейді үздік маман.
Ол еңбек жолын өзінің туған жері түрікмен жеріндегі, Бекдашы поселкесінде бастаған көрінеді. Жұмыстың қыр-сырын үйреткен алғашқы тәлімгері Назар Балғанбаевтың қамқорлығын да ұмыта қоймапты. Облыс орталығы Ақтау қаласындағы «МАЭК-Казатомпром» мекемесінде өзге ұлт өкілдері арасында 6 жыл бойы еңбек етуі оны шыңдап, майталман маман болып қалыптасуына өзіндік үлес қосты. «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамында еңбек етіп жүрген Байжан басқармадағы токарь қыз-келіншектердің де ер-азаматтардан еш қалыспайтынын айтады. «Мария Қойшыбаева, Жонас Нұрлыбаева деген әріптестерім 1К62 станогын ұршықша айналдырады», – дейді күлімсіреп.
Байжан мекемедегі станоктардың әбден ескіргендігіне қынжылыс білдіре отырып, бұйыртса, 2017 жылы заманауи үлгіде салынған ғимаратқа көшетіндігін, талапқа сай станоктарда жұмыс жасайтын күн де алыс еместігіне тоқталып өтті.
Жас маман өзінің отбасы туралы да аз-кем әңгіме қозғап өтті. Қара шаңырақтың иесі болып есептелетін ол ата-анасымен, жарымен былдырлаған балдай тәтті қос балапанымен бақытты өмір сүріп жатқан жайы бар. Мықты отбасы – мемлекеттің іргетасы. Отбасы мықты болса, мемлекет те күшті, еңселі болмақ! «Адам қызықсыз нәрсемен айналысамын деп өзін шаршатпауы керек. Жетістікке тек өзіңізге ұнаған іспен айналысу арқылы жете аласыз», – дейді ол.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх