Eni S.p.A. компаниясының мамандары өндірісте болды

Eni S.p.A. компаниясының мамандары өндірісте болды
18.10.2016
2201
Өндіріс

Eni S.p.A. компаниясының мамандары өндірісте болды

Eni S.p.A. ірі итальяндық мұнай-газ компаниясының мамандары «Қазгермұнай»БК» ЖШС, «Қаражанбасмұнай»АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Ембімұнайгаз» АҚ-да жұмыс сапарымен болып, өндіріс тынысымен танысты. «ҚазМұнайГаз» БӨ»АҚ және еншілес, үлестес компаниялар өкілдері шетелдік мамандарды  мұнай өндірісінің тынысымен таныстырды.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың жазында «ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ делегациясы Eni S.p.A компаниясының шақыруымен Италияның Милан қаласына сапармен барып қайтқан еді. Компания бас директоры Құрманғазы Есқазиев бастап барған ҚМГ БӨ делегациясы сапар барысында Eni S.p.A. президенті Клаудио Дескальцимен және Eni S.p.A. аға вице-президенті – барлау және өндіру бойынша бас директор Антонио Велламен кездесулер өткізіп, әріптестер барлау және өндіру жаңа технологиясы саласында ҚМГ БӨ және Eni S.p.A. екі жақты өзара тиімді ынтымақтастығының келешегі туралы пікір алмасқан болатын.   
Eni S.p.A. ірі итальяндық мұнай-газ компаниясы мамандарының жуырда ҚМГ БӨ компаниялар тобына болған сапары осы өзара әріптестік қарым-қатынастың өз жалғасын тауып отырғанын көрсетеді. 
ҚМГ БӨ компаниялар тобында болған Eni S.p.A. мамандары сулануы жоғары, тиісінше мұнай өндіру коэффициенті төмен  кеніштерді зерттеп, мұнай өндіруді ұлғайту үшін қандай  технологиялар қолдану керектігі жөнінде өз ұсыныстарын дайындамақ ниетте. Сондай-ақ мұнай өндіруді арттыруда жаңа  технологиялар туралы ұсыныс береді. 
Бүгінгідей техника мен технологияның қарқынды дамуы кезінде мұнай-газ саласының уақыт көшімен бірге жүруі заңдылық. Отандық мұнай өндірісін дамытуда мұнайшылар заманауи технология мен техника жетістіктеріне жіті мән беріп отыр. Eni S.p.A. ірі итальяндық мұнай-газ компаниясымен әріптестік қарым-қатынас осының бір айғағы. 
Сонымен шетелдік мамандар алдымен, «Қазгермұнай»БК»ЖШС компаниясының Ақшабұлақ, Нұралы және Ақсай кеніштерінде болып, мұнай дайындау және айдау, газ дайындау және тасымалдау цехтарының, шоғырланған сораптар станциясының, полимерді айдау станциясының, сондай-ақ автоматтандырылған өлшегіш жабдықтардың және скважиндер қорының жұмысымен танысты. Eni S.p.A. мамандары Нұралы кенішіндегі полимерлік суландыру, сондай-ақ Акш-450 көлденең скважина және скважинаның механикалық қорына қатысты ақпараттардан хабардар болды. Кездесу қорытындысында Eni мамандары барлық мұнай кәсіпшіліктерінің жоғары техникалық деңгейде жабдықталғанын, қауіпсіз жұмыспен қамтылғанын, сондай-ақ заманауи құралдармен және инновациялық технологиямен қамтамасыз етілгенін атап айтты. Кездесуде қойылған барлық сұрақтарға толыққанды ақпараттар берген ҚГМ басшылығы мен мамандарының жоғары кәсіби деңгейі де оң пікірге ие болды. 
Сыр өңірінен соң Eni S.p.A. мамандарының сапары Маңғыстау өңірінде жалғасты. Итальяндық мамандар Өзен ірі кенішін игеріп жатқан «Өзенмұнайгаз» АҚ-ында болды. Мұнда да өндіріс орындарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Шетелдік мамандар алдымен блоктық шоғырланған сораптар станциясының жұмысынан хабардар болды. ҚМГ БӨ бас директорының «Өзенмұнайгаз» АҚ жобалары жөніндегі орынбасары – «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Қ.Елеусінов блоктық шоғырланған сораптар станциясының, мұнай өндіру скважиндерінің және топтық қондырғылар жұмысы жайында әңгімелеп берді. Жаңартылған топтық қондырғының, су айдау жүйесінің жұмысын көрсетті. 
Eni S.p.A. итальяндық мұнай-газ компаниясының мамандары ғасырдан астам уақыттан бері мұнай игеріп келе жатқан кеніштері бар «Ембімұнайгаз» АҚ-ында да болып, өндіріс тынысымен танысты. «Ембімұнайгаз» АҚ-ында Eni өкілдері полимерлік суландыру технологиясымен полимерді дайындау, сондай-ақ, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-тің Забұрын кенішіндегі мұнай жинау және дайындау жабдықтарының жұмысымен танысты. Бұдан соң итальяндық мамандар ЕМГ және ҚМГ БӨ жауапты жетекшілері өткізген жиналысқа қатысты. 
ҚГМ, ӨМГ және ЕМГ кеніштеріне сапар барысында шетелдік мамандар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Eni S.p.A. итальяндық мұнай-газ компаниясының  және ҚМГ БӨ компаниялары мамандарының кездесіп, өзара пікір алмасуы екі жақты ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайта түсті.

Анықтама: 

Eni S.p.A. – әлемнің 70 елінде бизнес жүргізіп отырған халықаралық компания. Компанияда 76 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Компания акциялары Милан және Нью-Йорк (NYSE) қор биржаларында айналымда. Eni компаниясы қызметінің үш негізгі бағыты: көмірсутегін барлау және өндіру, газ және электроэнергетика, мұнай өңдеу және сату. Eni S.p.A – вертикальді ықпалдастырылған мұнайгаз компаниясы зерттеу және игеруді қоса алғанда, мұнайды өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу, базалық май және қоспа өндірісі және блендинг және тауарлық майды бөлшектеп өлшеу толық циклі бойынша жұмыс істейтін аз компаниялардың бірі.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх