Мұнайлы Сағыз ауылына ескерткіш орнатылды

Мұнайлы Сағыз ауылына ескерткіш орнатылды
30.09.2016
631
Әлеумет

Мұнайлы Сағыз ауылына ескерткіш орнатылды

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Доссор кентінен оңтүстік шығысқа қарай 18 шақырым қашықтықта орналасқан Сағыз кен алаңынан қара алтын қоры бары анықталған болатын. Мұнда геологиялық зерттеулер картаға түсіру үшін 1925 жылдан басталып, 1925-35 жылдары кезең-кезеңмен бұрғылау жұмыстары жүргізіледі. 1931-32 жылдары Солтүстік Сағыздағы № 10, 14 ұңғымадан тәулігіне 6-9 тонна мұнай алынады. Басқа ұңғымалар мұнай бермегендіктен тоқтатылды. 1937 жылы кең көлемде барлау жұмыстары басталып, батыс қанатта К-7 құрылымдық-іздестіру ұңғымасында пермотриас қабатындағы түзілім анықталды. 1939 жылы қарашада кен орны өндірістік пайдалануға беріліп, «Ірілендірілген Сағыз мұнай кәсіпшілігі» құрылады. Ұлы Отан соғысы жылдарында сағыздық мұнайшылар елге еселеп мұнай беріп, 1944 жылы 72 ұңғымадан тәулігіне 77,7 тонна мұнай өндіріліп, қазынаға құйылады. Кәсіпшіліктің даму тұсында алғашқы басшылары С.Магдиев, А.Бородин, Пегасов, С.Жүсіпов, т.б. болды.

Сағыз ауылы 1938 жылы құрылып, халық саны біртіндеп көбейе берді. 1947 жылдың 27 желтоқсанында Сағыз поселкелік кеңесі құрылады да, ауылдың кент ретінде іргесі қаланып, мұнайшылар мекеніне айналады. 1975 жылдары халық саны 900-ге жетеді. Ал, бара-бара кентте 350-дей үй, 2 мыңдай тұрғын болған. Мұнай өндірісінің ашылуымен кентте аудандық инженерлік-техникалық қызмет орны, ауылдық кеңес, сегіз жылдық мектеп, кітапхана, аурухана, клуб, қосалқы қуаттық станса, дүкендер мен асхана, байланыс бөлімшесі жұмыс жасады. 1943 жылы орта мектеп ашылды. «Бұл сол кездегі Мақат ауданына қарасты 7 мұнай поселкесінің бірі еді. Бірақ мұнда кәсіпшілік ауылдан 4-9 шақырым қашықтықта болғандықтан, жұмысшыларға жаяу қатынау қиын болып, арнайы көлікпен қатынады. Әсіресе көктем-күзде, балшық кезінде қиын еді. Ол кезде Мақат пен Доссордың өзінде жол болмады. Бірақ өндіріс тоқтаған жоқ, жұмысшылар барын сала еңбек етті. Бүгінде көршілес «Водокачка» ауылындағы сол кездері өндірісті электр энергиясымен қамтамасыз етіп тұрған, Селеубай («Силовая»)» атанып кеткен бірнеше қабатты ғимарат болып еді. Соның ғана сұлбасы қалды көненің көзіндей болып. Сағыздың қазірде тек жұрты ғана қалған. Ауылдастардың туған жерді ардақтап, ескерткіш орнатуы – болашаққа жасалған белгі ғана емес, ұрпаққа үлгі-өнеге, аманат деп білеміз» дейді ауылдың байырғы тұрғыны Сатыбалды Атырауов. Кен қабатындағы мұнай қорының азаюына байланысты 80-ші жылдары жұмыс орындары қысқарып, тұрғындар көше бастады. Өндіріс басшылары мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында Мақат кентінде тұрғын үйлер салып, оған мұнайшылардың отбасыларын көшірді, тұрғындардың соңы 1987 жылы қоныс аударды.

«Орны бар оңалар» демекші, ауылдың заты жойылғанымен, Сағыз аты қалды. Сол ауылдан қаншама маман түлеп ұшты. Олардың бәрі бүгінде еліне қызмет етуде. Сол адамдардың ұйымдасуы, ұжымдасуы арқасында ауылға арнап ескерткіш орнату идеясы ойға оралып, бүгінде жүзеге асты. Доссор-Құлсары автокөлік жол жиегіне орналасқан ескерткіштің ашылуына ауылдың байырғы тұрғындары, Астана мен Алматы, Ақтау мен Ақтөбеден, Атыраудан, Доссор мен Мақат, Құлсарыдан меймандар келді. Мақат ауданының әкімі Б.Сәрсенғалиев ескерткіштің салтанатты ашылу шарасына қатысып, қатысушыларға құтты болсын айтты. Лентаны ауыл тұрғыны, Сағыз кәсіпшілігінің соңғы басшысы Құлымғара Атағозиев пен «Доссормұнайгаз» МГӨБ басшысының орынбасары Самат Мұхамбетов қиды. Ауылдың қарттары, еңбек ардагерлері, шараны ұйымдастырушылар да сөз алып, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей осы ескерткіштің орнатылуы да өткенді саралап, бүгінді бағалап, болашаққа бағдар болуы үшін қаланғанын атап өтті. Жоба авторы Ермек Мырзаштың айтуынша, ескерткіштің үш тағаны бар. Олар аға ұрпақ, бүгінгі ұрпақ және болашақ болса, оның үстіндегі қасиетті қара шаңырақ ұрпақтар сабақтастығын біріктірер – алтын таған. Ал, мұнай тамшысы отанымыздың өндірістік картасына Сағыз атын енгізетін «қара алтын» деп түсіндірді. «Ауылымыздың орнын жоғалтпай, келер ұрпақтың есіне салып тұратындай біраз жұмыстар атқарылды. Солардың бірі осы ескерткіш. Ескерткіштің жобасын жасау үшін көптеген суретшілерге, жобалау институттарына, академияға тапсырыстар берілді. Солардың арасынан материалдары қолжетімді, негізгі айтар ойымызды жеткізе алатын осы жобаны таңдадық. Жобаның авторы ауылдасымыз Ермек Мырзашұлы. Ескерткіш оңайлықпен тұрғызыла қойған жоқ, көптеген қиыншылықтар болды. Міне, біздерге осындай жәдігерді сыйлап, ескерткішті сапалы түрде салып шыққан, көптеген қиындықтарды жеңе отырып, ауқымды жұмысты дұрыс ұйымдастыра білген ауылдастарымыз Жұмабек Сағынғалиұлы мен Рамазан Құлымғараұлына, ескерткіш салу жұмысына барлық жағынан қолдау көрсетіп, өлшеусіз көмек көрсеткен ауылдас азаматтарды Жұмабек Жамауов, Төлжан Құлжанов, Саламат Қазиев, Болат Сералиев, Амантай Татиев, Қайрат Матайбаевқа ауылдастар атынан алғыс айтамыз» дейді ескерткіш орнату туралы идея авторы, геолог-барлаушы, «Құрмет» орденінің иегері Бисенбай Бисенғалиев.

Осы шара аясында «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» атты көлемді кітап та жарық көрді (авторлары Б.Бисенғалиев, М.Сатимова). Онда 1937-1987 жылдар аралығында қазақ мұнайының тарихында өзіндік орны бар Сағыз мұнай кәсіпшілігі мен ауылдың тарихы, еңбек еткен адамдар тағдыры, энциклопедиялық естеліктер, көптеген тарихи фотосуреттер берілген.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх