Өндірісте еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, өміріңізге аса қауіпті!

Өндірісте еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, өміріңізге аса қауіпті!
30.09.2016
927
Еңбекті қорғау

Өндірісте еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, өміріңізге аса қауіпті!

Бүгінгі күні тікелей өндірістік бөлімшелер басшылары тарапынан тиісінше бақылаудың болмауынан, өкінішке орай, біздің өндірістік нысандарда қайғылы жағдайларға соқтырып жататын оқиғаларға жол беріліп отыр. Өндіріс басшылары біздің қызметкерлердің денсаулығы мен өмірі үшін жауапты. Алайда, олардың көпшілігі өндіріс саласындағы еңбек қорғау және қауіпсіздік бойынша өз міндеттерін жетік білмейді. Міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны үшін олар лауазымдық жауапкершілікке тартылады. Талдау жұмыстары көрсеткендей, еңбек қорғау талаптарын бұзу, өнеркәсіптік қауіпсіздік және технологияларды сақтамау зардап шегушілердің өздерінің де өрескел қателіктері мен абайсыз әрекеттерінен болып отыр. 

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Қауіпсіздік техникасы, еңбек пен қоршаған ортаны қорғау департаментінің хабарлауынша, жыл басынан бері ҚМГ БӨ өндірістік еншілес және бағынышты ұйымдарында 17 өндірістік жарақат алу оқиғалары орын алып, нәтижесінде 19 жұмысшы жарақаттанды. Оның 10-жеңіл, 7-ауыр жарақат алды және 2 жұмысшы қаза болды. 12 зардап шегуші «Өзенмұнайгаз» АҚ, 3 адам «КРУЗ» ЖШС және бір-бірден «Ембімұнайгаз» АҚ, «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС, «ТТжҰҚКБ» және «Жөндеу» мекемелерінің жұмысшылары. Барлық еншілес мекемелерде өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда жарақат алу көрсеткіші төмендеген. Өкінішке орай, «Өзенмұнайгаз» АҚ өндірістік жарақат алу оқиғалары айтарлықтай көбейген.

Екі отбасы асыраушысынан, он бала әкелерінен айырылды...

Осы жылдың 18-шілдесінде сағат 10:30 шамасында «Өзенмұнайгаз» АҚ «Өзенэнергомұнай» басқармасының екі электромонтерін тоқ соғып, мезгілсіз қаза болды. 5-ші разрядты электржабдықтарына қызмет көрсету және жөндеу бойынша электромонтер Қ.Төлебаевтің артында 4 баласы мен зайыбы, ал, 5-ші разрядты электр қуатын беретін әуе желілерін жөндеу бойынша электромонтер М.Конарбаевтің артында 6 баласы мен зайыбы қалды. Асқар тау әкелерінен, сүйікті жардан айырылған екі шаңырақтың қайғысы қабырғаны қайыстыратын қаза. Бірі 43, енді бірі 36 жастағы тепсе темір үзетін екі азаматтың мезгілсіз дүниеден өтуі – компания үшін де орыны толмас қайғы. Қайғылы оқиға болған 18 шілде күні «Өзенэнергомұнай» басқармасының аталған екі жұмысшысы «Балкан» маңайында РП-23 №4 ұяшығының 6 кВ соңғы пәрменінде желілік ажыратқышты алмастыру жұмыстарын жүргізуі тиіс болды. Нарядқа сәйкес қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүргізіледі. Алайда, 2 МГӨЦ асханасы жағындағы №14 ұяшықтың КТП-сын тоқтан ажыратып, оқшаулау шараларын жасамаған және де РП-23 №14 ұяшықта тұрақты тұйықтағышты іске қоспаған. Электромонтер Қ.Төлебаевтің асхана бір айдан бері жөндеуде және тоқтан ажыратылған деген сөзіне сенген. Шамамен сағат 10:15 кезінде Қ.Төлебаев пен М.Қонарбаев РП-23 №4 ұяшығының 6 кВ соңғы пәрменінде, жылжымалы жерге-тұйықтағышты қолданусыз жұмысты бастайды. Бұл кезде, кейін белгілі болғандай «Ықылас-Темір» ЖШС жұмысшылары асханада жөндеу жұмыстарын жасап жатқан. Шамамен сағат 10:05-те 2 МГӨЦ асханасы ғимаратында тоқ өшеді. Бұдан соң «Ықылас-Темір» ЖШС электригі асхана ішіндегі 0,4 кВ басқару қалқанына барып, РП-23 №10 ұяшығындағы автоматты ажыратқышты қосқан. Автоматты ажыратқыш қосылған соң, РП-23 №10 ұяшығынан электр қуаты жөндеу жүріп жатқан РП-23 №14 ұяшыққа кері трансформация берген. Соның салдарынан жоғарыда автогидрокөтергіш платформасында жұмыс істеп жатқан екі жұмысшыны тоқ соққан. Оларға жедел жәрдем келгенше көмек көрсеткен, бірақ екі жұмысшы да Жаңаөзен қалалық ауруханасында жан сақтау бөлімінде көз жұмды. 

Қайғылы оқиғаның себептері

Жауапты тұлға «Ақтауойлмаш» ЖШС тарапынан еңбек қорғау және қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы, «Ықылас Темір» ЖШС қосалқы мердігер ұйым жұмысшысының автоматты ажыратқышты қосуы және қауіпті өндірістік нысанға қосалқы мердігердің дайындығы жоқ оқымаған қызметкерді жіберу қателіктеріне жол берген. 
«ӨМГ» АҚ және «ӨЭМБ» жауапты қызметкерлері өндірісті тиісінше деңгейде ұйымдастырмаған. Кері трансформация қатері ескерілмеген және қателесіп немесе өз еркінен қосылып кету қауіптерінің алды алынбаған. Зардап шеккендер абайсыздыққа жол берген және қорғаныс электр құралдарын қолданбаған.

Жауапкершіліктің қай деңгейде де әлсіреп, ақсап тұрғанын көреміз. Біз әлі күнге дейін қайғылы оқиғалардан сабақ алмай келеміз. Бәріміз демесек те, бірқатарымыз әлі күнге осындай қайғылы оқиғалар өзгелер басына түсіп жатқандай қараймыз. Шын мәнінде өндірістік қауіпсіздік жұмыстың әр секундында сақталуы керек. Ол өз өміріңіз! Сақтаныңыз! Сақтаңыз барлық талапты! Олқылықтардың орнын толтырып, кемшіліктерді жойыңыз, осы бағыттағы жұмысты жетілдіріңіз! 

Кемшіліктерді жою жолдары

Арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген комиссия қайғылы оқиғаларды болдырмау мақсатында бірқатар шараларды дайындады. Атап айтқанда:

• Мердігер ұйымдардың электр жүйесі өрт және өндірістік қауіпсіздік талаптарына сәйкестілігін тексеріп барып, келісім-шарттық аймаққа өткізу рәсімін және «Өзенмұнайгаз» АҚ кен орындарында жүргізіліп жатқан күрделі құрылыс және жөндеу жұмыстарына бақылау рәсімін дайындау.

• Жабдыққа электр техникалық қызмет жүргізу кезінде рұқсатсыз және абайсыз қосылудың алдын алу мақсатында өндірістік қауіпсіздік жүйесін енгізу. Оқшаулау және бұғаулау құралдарын пайдалану. 

• Өндірістік құрылымдық бөлімшелер және энергетиктер арасында жөндеу-жоспарлы-ескерту жұмыстарын қауіпсіз ұйымдастыру үшін өзара қарым-қатынас рәсімдерін дайындау. 

• Қате қосу және кері трансформацияны болдырмау үшін, наряд-рұқсатты жазу кезінде барлық қажетті ажыратуларды міндетті түрде көрсету.

• Энергетиктер жүргізетін барлық жұмыс түрлеріне қауіпсіздік және еңбек қорғау бойынша нұсқаулықтарды дайындау. 

• Қолданыстағы жерге тұйықтағыштардың, ажыратқыштардың электр басқару қалқандарын қауіпсіздік ережелеріне сай екендігін тексеріп, анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарын жүргізу.

• Барлық электр жалғанған, қолданыстағы электржабдықтардың және құралдардың шеңберленген схемасын анықтап, алдын алу, кері трансформацияны болдырмауды тексеру жұмыстарын жүргізу. 

Сіз жұмысқа кеткенде үйіңізде отбасыңыз, балаларыңыз бен жақындарыңыз күтіп қалады. Оларға аман-есен, жарақатсыз оралу алдымен Өзіңіз үшін және еңбек ететін компанияңыз үшін өте маңызды. Өйткені, Сіз отбасыңызға, ал, қызметкер ретінде кәсіпорынға керексіз. Сондықтан өндірісте еңбек қауіпсіздігі талаптарына сақтамау, өміріңізге аса қауіпті! Әріптестеріңіздің де өміріне қауіп тудырмайтындай жағдайда барлық қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындауға міндеттісіз. «Асыққан шайтанның ісі». Ісіңізге мұқият, ұқыпты, жинақы кірісіңіз. Жұмыста барлық технологиялық талаптарды сақтаңыз, өз бетіңізше тапсырылмаған жұмыстармен айналыспаңыз. Сонда ғана қайғылы оқиғаның, жарақаттың алдын аламыз. Сақтансаң сақтайды! 

Өндірісте орын алған жарақаттар, олардың себептері және кемшіліктерді жою жолдары:

Еңбек, техника қауіпсіздігін сақтау – маңызды! Ол алдымен Сіздің амандығыңыз! Біз оқырмандар назарына кенорындарында болған өндірістік жарақат оқиғаларының бірқатарын ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта да мұндай мазмұндағы материалдар жарияланады. 

– Биылғы жылдың 14 қаңтарында Жаңаөзен-Қарамандыбас автожолында «Өзенмұнайгаз» АҚ Технологиялық көлік басқармасына тиесілі мемлекеттік номері 971 АА12, ПАЗ-жүргізушісі Х.Доржагулов пен мемлекеттік номері 924 СХА12, «Фольксваген Пассат» жеке автокөлігінің жүргізушісі Н.Нұрадиновтың арасында жол көлік оқиғасы болды. «Өзенмұнайгаз» АҚ Технологиялық көлік басқармасына тиесілі автобус Мұнай өнеркәсібі қондырғылары және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының бір топ қызметкерін жұмыстан соң үйлеріне жеткізу үшін жолға шыққан.

Бір сәтте жеке көлік иесінің рульді басқара алмай, қарсы бағытқа шығып, автобусқа келіп соғуынан, автобустың алдыңғы орнында қауіпсіздік белдемшесін тақпай отырған 4-разрядты диспетчер А.Мұханова мен 4-разрядты газбен кесуші М.Құлбеков ауыр жарақат алды. Автобустың алдыңғы қатардағы орындықтарында белдемше тақпай отырған «World Monitoring» ЖШС екі қызметкері де әртүрлі жарақаттар алған. Көлікте қауіпсіздік белдемшесін тақпау ҚР жол қозғалысы ережесін, сондай-ақ ҚР Еңбек кодексінің талаптарын бұзу болып саналады. 

► Жол көлік оқиғасының себептері «Өзенмұнайгаз» АҚ және «World Monitoring» ЖШС назарына берілді. Осы екі мекеменің барлық қызметкерлеріне жұмысшыларды тасымалдау кезінде сақталуға тиіс (қауіпсіздік белдемшесін тағу және т.б) қауіпсіздік шаралары туралы кезектен тыс түсіндіру шаралары өткізілді. Жұмысшылардың қауіпсіздік белдемшесін қолдануы бойынша жадынама дайындалып, барлық жүргізушілерінің қауіпсіздік белдемшесін қолдану бойынша және жолаушылардың оны қолдануын бақылау бойынша дербес жауапкершілігі туралы бұйрық шығарылды. Автокөлік жылдамдығын мөлшерден тыс арттыруға қатысты жүргізушілер жауапкершілігі туралы бұйрық шығарылды. ӨМГ өндірістік аумағына кіруге арнайы рұқсаты жоқ барлық автокөліктерге тиым салу қарастырылды.

– Биылғы жылдың 16 қаңтарында «Өзенмұнайгаз»АҚ 4-МГӨБ №4 ұңғымаларды жерасты жөндеу цехының (ҰЖАЖ) 4-разрядты операторы С.Джубанов жеңіл жарақат алды. Кестеге сәйкес ҰЖАЖ-4 №12 вахта бригадасы шебер Ж.Жайылғановтың жетекшілігімен, 5-разрядты Т.Мамаев, 4-разрядты С.Джубанов, ҰҚКБ-1 машинист жүргізушісі К.Айдаровпен кен орнына бірінші кезекке жұмысқа шығады. Сағат 7:45 шамасында ТҚ -105 №578 ұңғыма басында алдыңғы вахтамен жұмысты тапсыру-қабылдау шарасынан кейін жұмысқа кіріседі.  Сағат 16.40 шамасында 53-ші сораптық штанганы түсіру кезінде аспалы штанганың кілті (АШК) айналуын тоқтады, бригада оның себебін анықтауға кіріседі. Оператор Т.Мамаевтің айтуынша, АШК тетігін қосқан, кезекті қосу сәтінде С.Джубановтың оған қолын қойғанын байқамаған. Осы сәтте АШК жүріп кетіп, С.Джубановтың сол қолының саусағын жарақаттаған. Т.Мамаевтің сорап штангаларын бұрап нығайту және шығаруда кедергі болғандықтан, АШК есіктерін өзі ажыратқаны, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кезде түзетулер жүргізгені анықталды. Бұдан басқа шебер Ж.Жайылғановтан сұрақ алу кезінде кілттің сынуы қайғылы оқиғаға дейін болғаны және ол жайында өз басшылығына ауызша баяндағаны, бірақ жазбаша тапсырмағаны белгілі болды.

С.Джубановтың жазатайым оқиғаға тап болуының негізгі себебі «Өзенмұнайгаз» АҚ жауапты тұлғаларының тарапынан өндірістік жұмысты қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруынан болып отыр. 2015 жылдың 30 желтоқсанында «ӨМГ» АҚ Басқармасы бекіткен «ПР-165-42-135 ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу рәсімдері» талаптары бұзылған. ҰЖЖ жұмысын жүргізуге алаң дайын, тегіс болмаған, кілтке техникалық тексеру жүргізілмеген, кілттің ұзақ және үздіксіз жұмыс істеу жағдайын жасау шаралары ұйымдастырылмаған,ҰЖЖ кезінде еңбек қауіпсіздігіне ведомстволық бақылау жасау жауапты тұлғалар тарапынан ұйымдастырылмаған. Жұмыс орнында кез келген қауіптерді жою бойынша шаралар қабылданбаған. 

«ӨМГ» АҚ жауапты департаменттері мен бөлім басшылары тарапынан жұмысшылардың қауіпсіз жағдайда еңбек етуінде, қызметкерлердің дер кезінде және сапалы оқуына, жұмысшылар білімдерін тексеру және нұсқаулық жүргізуге бақылау болмаған. Зардап шегуші Еңбек кодексі талаптарын орындамаған. 

► Жазатайым оқиға және оның себептері ӨМГ барлық жұмыскерлеріне жеткізілді. ӨМГ барлық жұмысшыларына қауіпсіз жағдайда еңбек ету туралы кезектен тыс түсіндіру жұмыстары жүргізілді. МГӨБ-4, АШК-3, Гранит, КМУ-50 жұмыстарын қауіпсіз әдіспен жүргізуіне өндірістік және еңбек қауіпсіздігі бойынша мемлекеттік инспекторлардың қатысуымен ҰЖАЖ-4 шеберлері мен операторларының білімдерін тексеру, сондай-ақ АШК-3, Гранит, КМУ-50 құралдарымен жұмыс істеуде оқу дәрісін алмаған жұмысшыларды қауіпсіз еңбек етуге оқыту жұмыстары жүргізілді.

2015 жылдың 30 желтоқсанында «ӨМГ» АҚ Басқармасы бекіткен «ПР-165-42-135 ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу рәсімдері» талаптарын орындамаған тұлғаларға қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық шығарылды. АШК-3, Гранит, КМУ-50 кілттерімен қауіпсіз жағдайда жұмыс істеу бойынша ҰЖАЖ операторлары нұсқаулығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Қайғылы оқиғаның болуы және Еңбек кодексіне өзгерістердің енгізілуіне байланысты ӨМГ барлық инженерлік-техникалық жұмыскерлері біліктілікті көтеру курстарында еңбек қорғау және қауіпсіздіктен білімдері бойынша қосымша оқытылды. Қолданыстағы барлық АШК-3 кілттерінің қауіпсіздікке сәйкестігі тексерілді.  

– Осы жылдың 6 ақпанында «Өзенмұнайгаз» АҚ  Бұрғылау жұмыстары басқармасы (БЖБ) ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеу цехының (ҰКЖЖЦ) 5-разрядты операторы Ә.Сариев жеңіл жарақат алды. №18 ҰКЖЖЦ бригадасының жұмысшылары 5-разрядты оператор Ә.Сариев, 4-разрядты оператор Б.Балиманов және көтергіш агрегаттың 5-разрядты машинисі А.Амиров таңертең медициналық тексеруден өтіп, басшылыққа ескертпей, өзара келісіп, оператор Б.Балимановтың орнына жұмысқа оператор Б.Қадыралиевті жіберген. Жұмыс орнына келген Ә.Сариев орталық диспечерлік қызметке бригада толық құрамда деп хабарлаған. Б.Балимановтың орнына Б.Қадыралиев шыққанын ескертпеген. Бұдан әрі бригада ұңғымадан 38 дана сораптық-компрессорлық тұрбаны, тереңдік сорап және 1 дана тереңдік сораптың қосымшасын көтерген. Түскі тамақтанудан соң сағат 14:00 шамасында олар МГӨБ-1 өкілін шақыртады, бірақ оны күтпестен ұңғымаға жерасты жабдығын түсіруді бастайды. Ұңғымаға 1 дана сорап қосымшасын түсірген оператор Б.Қадыралиев оператор Ә.Сариевке тереңдік сорапты элеваторға ілдірдім деп белгі береді. Одан әрі оператор Ә.Сариев машинист А.Амировке тереңдік сорапты көтеруге тапсырма береді де, өзі қауіпсіз жерге тұрмай, көтеріліп жатқан тереңдік сораптың астында тұрады. Шамамен 4 метр биіктікке көтеру кезінде тереңдік сорап элеватордан тайып кетіп Ә.Сариевтің сол қолына тиіп, нәтижесінде жарақат алады.

Жазатайым оқиғаның негізгі себептері, қауіпсіздік және еңбек қорғау ережелерінің сақталмауы, яғни зардап шегушінің өрескел абайсыздығы, сонымен қатар Б.Қадыралиев тарапынан элеватордың жабылғандығына көзі жетпей тұрып көтеруге рұқсат беруі, яғни абайсыздығы, асығыстық пен мұқиятсыздығы болып отыр.

► Бұл жазатайым оқиға бойынша да кемшіліктерді болашақта болдырмау шаралары жасалды. «Өзенмұнайгаз» АҚ БЖБ барлық жұмысшыларына аталған оқиғаның жағдайы және себептері, сонымен қатар жұмысты қауіпсіз әдіспен жүргізу ісіне кезектен тыс нұсқаулық шаралары жүргізілді. Басқарма директорының бұйрығы бойынша ғана бекітілген жұмысқа шығу кестесіне өзгерістер енгізу міндеттелді.

Материалдар ҚМГ БӨ Қауіпсіздік техникасы, еңбек пен қоршаған ортаны қорғау департаменті аұпараттары негізінде дайындалды.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх