Құрманғазы Есқазиев, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры: «Біз қиын кезеңнен бірге өтеміз»

Құрманғазы Есқазиев, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры: «Біз қиын кезеңнен бірге өтеміз»
30.09.2016
390
Өндіріс

Құрманғазы Есқазиев, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры: «Біз қиын кезеңнен бірге өтеміз»

Қыркүйектің 22-23 күндері, «Еңбек күні» мерекесі қарсаңында «ҚазМұнайГаз»Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиевтің арнайы шақыруымен «Өзенмұнайгаз», «Ембімұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Қазгермұнай» өндіруші компанияларының цех басшылары алғаш рет Астанада басқосты. Кездесудің бірінші күні тренингке, келесі күні өндірістік-әлеуметтік сұрақтарды қамтыған жиынға арналды. Жиынға компанияның басшылық құрамы қатысты.

ҚМГ БӨ,  ӨМГ және ЕМГ компанияларында қабылданып жататын кейбір шешімдер цех басшыларына түсінікті деңгейде жетіп жатыр ма, оларды толғандыратын сұрақтар қандай? Көпшілік назарын бас директор алдымен осы мәселеге аударды. Қ.Есқазиев соңғы кездері цех басшыларының мәртебесі төмендеп кеткенін айтты. «Жұмысшылар алдымен Сіздерге, цех басшыларына келеді. Сіздермен түсіністік болмай, жұмыс жүрмейді. Сіздермен ақылдасып, толғандырған сұрақтарыңызға нақты жауап беру үшін, биылғы және келер жылға жоспарлармен ақылдасу үшін жиналып отырмыз. Бұл компаниялардың және МГӨБ басшыларына сенім жоқ деген сөз емес. Кейбір жоспарларды Сіздерге тікелей жеткізу керек. Бір-бірімізді танып, білуіміз керек, проблеманы бірге шешуіміз қажет. Орталық аппарат, жергілікті компаниялар, біздің бәріміздің мақсатымыз – Сіздерге жоспарларымызды жеткізу, түсіндіру, көмектесу», – деді сөз басында ҚМГ БӨ басшысы.

Мұнай өндіру мыңдаған мұнайшының өзара түсіністікте еңбек етуі арқасында іске асады. Сондықтан қойылған міндеттер мен қабылданған шешімдер өндірістің барлық буынына дұрыс, түсінікті жеткізілуі қажет. Бұл орайда жұмысшымен тікелей еңбек ететін цех басшысының орыны әрине бөлек.

ӨНДІРУДІҢ ӨЗІНДІК ҚҰНЫ ЖОҒАРЫ, МҰНАЙ БАҒАСЫ ТӨМЕН

Бүгінде әлемдегі мұнай өндіруші ірі компаниялардың өзі жұмысшыларын қысқарту есебінен экономикалық жағдайларын түзеуге мәжбүр болып отыр. Біразы күрделі шығыстарын қысқартты. Қ.Есқазиев ҚМГ БӨ өндіруші компанияларында да қаржылық-экономикалық жағдайдың қиын кезеңде тұрғанын айтты. Мұнай өндірудің өзіндік бағасы жоғары, ал нарықтағы мұнай бағасы  құлдырап түсіп кетті.

ҚМГ БӨ-нің өндіру, сервистік компанияларын қосқанда 18 мекемеде 26 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қызметкерлер Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында жұмыс істейді. Қазір ӨМГ-ның қаржылық-экономикалық жағдайы қиын. ҚМГ БӨ өткен жылы «Өзенмұнайгазға» 37 млрд.теңге және плюс 16 млрд.теңге мұнайсервистік компанияларға қаржылық көмек көрсетті. «ӨМГ-ға 2016 жылы 45 млрд.теңге көмек көрсетеміз, 50 пайызы жұмысшылардың жалақысы, 50 пайыз салықтар. 2017 жылы ӨМГ-ға қаржылық көмек 15 млрд. теңге болады. 2018 жылдан бастап жағдайы дұрысталуы керек. Еңбек және өндірістік тәртіпті, техника қауіпсіздігін сақтап, мұнайды мол өндіріп, сапалы жұмыс істеуіміз керек» деді басшы мән-жайды жіті баяндап.

ӨНДІРІСТІК ЖАРАҚАТ АЗАЙМАЙ ТҰР

Қ.Есқазиев өндірістік нысандарда қайғылы жағдайға соқтыратын оқиғаларға жол берілуі, жұмысшы өмірі мен денсаулығына тікелей жауапты басшылар тарапынан қарапайым бақылаудың болмауы себеп деді. Өндіруші компаниялар арасында «Өзенмұнайгаз» АҚ өндірістік жарақаттан алда тұр. «Өндірістік қауіпсіздік-еңбек қорғау бойынша оқытатын боламыз. Қатаң шараларды қабылдаймыз, бірақ алдымен Сіздермен келісеміз, қандай көмектер керек осыған көңіл бөлеміз. Жұмысшылармен кездескенде қолғап жоқ, кілттеріміз дұрыс емес деп жатады. Еңбек етуге қажетті жағдайлар қамтамасыз етіліп отыруы керек», – деді ҚМГ БӨ басшысы.

БІР АДАМ ДА ЖҰМЫСТАН ҚЫСҚАРМАЙДЫ

ҚМГ БӨ басшысы Қ.Есқазиев ӨМГ, ЕМГ, ҚГМ, ҚБМ штаттық саны қысқармайтынын айтты. «Мұнай бағасы бұдан да түсіп, қандай күрделі жағдай болса да егер жұмысшы, маман еңбек және өндірістік қауіпсіздікті бұзбай жұмыс істесе бірде бір адамды қысқартпаймыз. Қиындықтан бірге өтеміз. Тіптен қиын болып жатса, осылай бас қосып ақылдасамыз. Күрделі жағдайдан өту үшін өндіру жоспарын орындауымыз керек. ӨМГ штаттық саны – 9509 адам. Сақталады, қысқарту болмайды деп келісімге қол қойдық», – деді.

АРНАЙЫ ТЕХНИКА ЖАҢАРТЫЛАДЫ, ӨНДІРІСТІК ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛЕДІ

Қиын экономикалық жағдай және қаржылық дағдарысқа қарамастан, мұнай өндіру жоспарын ұстап тұру үшін жаңғырту бағдарламасын үнемі жаңартып отыру керек. Компания бұл бағытта жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл орайда Қ.Есқазиев қазіргідей қиын уақыттың өзінде ӨМГ-ге 5 жыл ішінде 17 млрд.теңгеге 643 арнайы техника сатып алынатынын айтты. Оның ішінде 2017 жылы 174 арнайы техника сатып алынады. Өйткені, «Өзенмұнайгаздағы» 1502 бірлік арнайы техниканың 40 пайызы тозған. «Біз ҚМГ ҰК-на ӨМГ арнайы техникасының 40 пайызын жаңарту керектігін дәлелдеп шықтық. Бұл техниканы жаңарту ғана емес, еңбек өнімділігін жақсарту. ӨМГ-да мың орынды автосервис орталығын салатын боламыз. Автожолдарды қоса алғанда, өндірістік мәселелерді шешеміз. Қосымша әлеуметтік және басқа сұрақтар бар. Өзенге барғанда белгілі бір уақыттар аралығында су болмайды. Біздің мұнайшылардың және әкімдіктің өтініші бойынша Кендірлінің қасынан су тұщыту зауытын салатын боламыз. Қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда» деді Қ.Есқазиев. Осылайша, Өзен кен орындарын және қала тұрғындарын сумен қамту мәселесі қолға алынып отыр.

Өндірістік жолдар мәселесі де мұнайшылар үшін аса маңызды. «Ембімұнайгаз» АҚ кеніштеріне қатынайтын жолдардың бірқатары жаңартылып, біразы жөнделеді. Себебі, жол азабын жүрген тартады. Қаржылық дағдарысқа қарамастан, қазіргідей қиын кезде компания бұл жұмыстарды да іске асырмақ. Сонымен, ЕМГ АҚ 2016 жылға арналған өндірістік бағдарламасына сәйкес, Оңтүстік Батыс Қамысты – Оңтүстік Шығыс Новобогат 14 шақырым автокөлік жолына күрделі құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Құлсары-Сарықамыс автокөлік жолынан ГЗУ-8 Досмұхамбетов кенішіне – 1,643 шақырымға автокөлік жолы салынады. Сондай-ақ Қарсақ-Ботахан кеніштері арасына – 11 шақырымға автокөлік жолы салынбақ. Байшонас-Қарсақ автокөлік жолына – 24 000 м² күрделі жөндеу жүргізіледі.

Өндірістік бағдарлама бойынша Атырау-Ақтөбе теміржолы арқылы өтпе жол түйісетін Кенбай кен орнына кірме жолға да күрделі жөндеу де биыл іске асырылмақ.

ӨМГ ЖӘНЕ ЕМГ ЖАҢА ҰЖЫМДЫҚ ШАРТТАРЫ

Қазіргі уақытта «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» компанияларының жаңа Ұжымдық шарттарын талқылау мерзімі болып жатыр. Бұл екі компанияның қолданыстағы Ұжымдық шарттары осы жылдың соңына дейін сақталады. Жаңа мерзімге қабылданатын Ұжымдық шарттардың басым көпшілік баптары өзгертусіз қалады. Жаңа қабылданған заң нормаларына қатысты Қ.Есқазиев Ұжымдық шартты дайындау барысында ӨМГ және ЕМГ еңбек ұжымымен, кәсіподақтармен бірлесіп, ақылдасып жұмыс жасалатынын айтты. «Алдын ала айтайын, ауыр экономикалық жағдайға қарамастан, бірінші кезекте жұмысшыларымыздың әл-ауқатына, оның денсаулығына байланысты әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлінеді», – деді бас директор Қ.Есқазиев.

ҚМГ БӨ бас директоры Құрманғазы Есқазиевтің цех басшыларымен кездесуінде барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп және жазбаша тиісінше олардың өздеріне де белгілі бір мерзімді жолданатыны назарға берілді. Басшы мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх