Мұнайшы-геолог – 80 жаста!

Мұнайшы-геолог – 80 жаста!
15.09.2016
414
Қызметкерлер

Мұнайшы-геолог – 80 жаста!

Ембі өңірінде бүкіл саналы ғұмырын мұнай саласына арнаған зейнеткер қарттар аз емес. Осындай еңбек ардагерінің бірі мұнайшы-геолог Тұрсынбай Бақытұлы Бахтияров жуырда 80 жасқа толды. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалды әріптестері, «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесі құттықтады. Тұрсынбай аға 1936 жылы 24 маусымда Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы советінің «Сулы-Көл» елді мекенінде дүниеге келген. 1944 жылы 1-сыныпқа барып, 1954 жылы Гурьев қаласындағы Серго Ордженикидзе атындағы мектепті бітіріп, 1954-1957 жылдары Совет Армиясында, авиациялық полкте әскерде болған. 1958-61 жылдары Семей қаласындағы геологиялық барлау техникумын бітіріп, техник-геолог мамандығын алған. Жұмыс жасап жүріп, сырттай оқып, Алматының политехникалық институтын бітіріп, инженер-геолог атанды. 1961-1992 жылдар аралығында «Гурьевнефтегазгеология» басқармасында техник-геолог, аға геолог, барлау-іздестіру тобының басшысы болды. Т.Бахтияровтың тікелей қатысуымен Исатай ауданындағы Мартыши, Камышитовый, Жаңаталап, Шығыс Жаңаталап, Орталық Жаңаталап, Грань, Забурунье кен орындары ашылған. Қызылқоға ауданындағы Орысқазған, Жолдыбай, Шығыс Жолдыбай, Кемеркөл-Қожа кен орындарын ашуға атсалысқан. Қазір сол кен орындарында мыңдаған тонна мұнай өндірілуде. Барлау экспедициясында жұмыс жасап жүріп қоғамдық жұмысқа араласып, 6 жыл кәсіподақ комитетін, 4 жыл компартия ұйымын басқарған. Т.Бахтияровтың 30 жыл үстіндегі еңбегі мұнай барлауға арналды. Ол «В.Лениннің 100 жылдығы», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Жер қойнауын барлауға сіңірген еңбегі үшін» медальдеріне ие болған. Мартыши, Камышитовый кен орындарын ашуға үлес қосқаны үшін Исатай ауданы атқару комитетінің Алғыс хатымен марапатталған. Биылғы жылы «Мұнайгаз кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Ол қазір де қоғамдық жұмысқа араласады. Геолог ауылдық округінің соғыс және тыл ардагерлері мен еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы. Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамы, Атырау аймақтық мұнайшы қоры комиссиясының мүшесі. Ұл-қыздары қоғамның әр саласында еңбек етуде. Сексенге келген ағамыз әлі де тың. Қоғамдық жұмыста аяқ шалдырмай ардагерлерін аралап, мерекелерде құттықтап, ауыл қарттарымен аралас-құралас жүріп жатыр. Жасыңызға жас қосылсын, Тұрсынбай аға! 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх