Белгілі геолог Жолдасқали Досмұхамбетовтің туғанына 100 жыл

Белгілі геолог Жолдасқали Досмұхамбетовтің туғанына 100 жыл
15.09.2016
220
Әлеумет

Белгілі геолог Жолдасқали Досмұхамбетовтің туғанына 100 жыл

Мұнай өнеркәсібі сан түрлі мамандықтың басын біріктірген алып кешен. Оның ішінде әсіресе геология саласын айрықша атауға болады. Жер нәрін іздеп, жаңа кен көздерін ашып, мұнай қорын ұлғайтуда геологтардың еңбегі ерен. Тарихымызды таразыласақ, елі мен жеріне, отанының өркендеуіне еселі еңбек етіп, өшпес із қалдырған тұлғалар көп. Олар мұнай өндірісі саласында да аз болмады. Міне, осы маңызды салада ұзақ жылдар еңбек етіп, бүкіл саналы ғұмырын арнаған белгілі геолог, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұнайшысы, Ленин атындағы сыйлықтың, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, көптеген кен алаңдарын, оның ішінде әлемге кең танымал Теңіз кенішін ашуға зор үлес қосқан Жолдасқали Досмұхамбетовтің есімі сол бірегей тұлғалар қатарында. Биыл заңғар мұнайшының туғанына 100 жыл толды. 

Мұнай өнеркәсібі сан түрлі мамандықтың басын біріктірген алып кешен. Оның ішінде әсіресе геология саласын айрықша атауға болады. Жер нәрін іздеп, жаңа кен көздерін ашып, мұнай қорын ұлғайтуда геологтардың еңбегі ерен. Тарихымызды таразыласақ, елі мен жеріне, отанының өркендеуіне еселі еңбек етіп, өшпес із қалдырған тұлғалар көп. Олар мұнай өндірісі саласында да аз болмады. Міне, осы маңызды салада ұзақ жылдар еңбек етіп, бүкіл саналы ғұмырын арнаған белгілі геолог, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұнайшысы, Ленин атындағы сыйлықтың, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, көптеген кен алаңдарын, оның ішінде әлемге кең танымал Теңіз кенішін ашуға зор үлес қосқан Жолдасқали Досмұхамбетовтің есімі сол бірегей тұлғалар қатарында. Биыл заңғар мұнайшының туғанына 100 жыл толды. 

Ескерткіш тақта ашылды

«Ембімұнайгаз» АҚ атақты геолог-мұнайшы Ж.Досмұхамбетовтің 100 жылдығы мен Теңіз кен алаңы мұнайының және геологтің есімін иеленген облыстық лицейдің 25 жылдығына орай мерекелік шараларды ұйымдастырды. Ж.Досмұхамбетов атындағы кен алаңында (ЕМГ қарасты «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы) майталман геолог-мұнайшының құрметіне ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылды. Шараға Компания басшылығы мен ардагер-мұнайшылар, мұнай-газ өндіру басқармаларының ұжымдары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Шара барысында «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының өндіру және игеру жөніндегі орынбасары Қ.Қасымғалиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Сматуллин, кәсіподақ ұйымының төрағасы К.Шанканов, «Жылыоймұнайгаз» басқармасының бастығы М.Наукенов, еңбек ардагерлері, ғалымның ізбасарлары, аудан әкімдігі өкілдері сөз сөйлеп, ескерткіштің орнатылуы келешек ұрпақ үшін маңызы зор, тамаша тағылымды оқиға екенін айтты. Тақта шымылдығын «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының өндіру және игеру жөніндегі орынбасары Қ.Қасымғалиев пен Ж.Досмұхамбетовтың ұлы Исатай ашты. Сонан кейін шараға қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Лицейдегі кездесу

«Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы, еңбек ардагерлері, ғалымның ұрпағы, өңірдегі басқа да өндірістік кәсіпорындар өкілдері Ж.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған лицейде өткен салтанатты шараға да қатысты. Биыл лицейдің ашылғанына 25 жыл толып отырса, кезінде мұнай саласының болашақ мамандарын дайындауды мектеп қабырғасынан бастау жөнінде бастама көтеріліп, 1992 жылы осы лицей құрылып, оған атақты мұнайшы Жолдасқали Досмұхамбетовтың есімі берілген-ді.

– Қазақ мұнайының бастауында тұрған «Ембімұнайгаз» АҚ тарихының жарқын беттері Ж.А.Досмұхамбетовтің еңбек еткен уақытымен тығыз байланысты. Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша 50-70 жылдары ашылған 10-нан астам мұнай кен алаңдарын игеріп жатса, олардың арасынан Байшонас, С.Балғымбаев, С.Нұржанов, Батыс Прорва, Оңтүстік-Батыс Қамысты, Жаңаталап, Ровное, Ақтөбе, Досмұхамбетов, Батыс Терең-Өзек кеніштер Жолдасқали Ахметұлының белсенді араласуымен ашылған, – деп атап өтті салтанатты шарада «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Ануар Жақсыбеков.

Компанияға қарасты мердігер мекеменің күшімен мектеп оқушыларының жазғы демалысына арналған қысқа мерзімде іргетасы 1948 жылы қаланған лицейдің ғимаратына толықтай күрделі жөндеу жүргізілді. Нақтыласақ, лицейдің сыртқы қас беттері мәрмәрмен қапталып, ғимараттың кабинеттері жаңартылды. Акт залы, спортзал, сынып кабинеттері толықтай жөндеуден өтті. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ лицейдің физика, химия және ақпараттық жүйелер кабинеттерін заман талабына сай жаңа құралдармен толықтай жабдықтап берді. Лицей директоры Фаруза Шаңгереева қонақтарға оқу орны ғимаратын таныстырып, оларға арнап жаңа технологиямен жабдықталған кабинеттерде қысқаша химия және физика пәні сабақтары өтті. Лицейден 25 жылда 76 оқушы «Алтын белгі», 68 оқушы «Үздік аттестат» белгісіне ие болып, үлкен өмірге қанат қақты. Яғни, жас ұрпақ Ж.Досмұхамбетовтың есімін ардақтап, лайықты оқуларымен көрініп келеді. Оқушылармен кездесуде еңбек ардагері, геолог-мұнайшы, Ж.Досмұхамбетовтың үзеңгілес әріптесі Орынғазы Есқазиев сөз алып, дарынды мұнайшының қазақ мұнайының дамуына қосқан қомақты үлесін, ерен еңбегін ықыласпен атап өтті.  

Ғылыми-практикалық конференция өтті

Бұдан кейін «Ембімұнайгаз» АҚ және «Теңізшевройл» ЖШС ұйымдастырған қос атаулы күнге арналған салтанатты шараға атыраулықтармен қатар астаналық меймандар да қатысты. Жиналғандарды құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қазақ мұнайының тарихы Қарашүңгілден басталатынына тоқталды. Бұл сала ел экономикасының локомотивіне айналды. Мерейлі мерекемен «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тэд Этчисон де құттықтады. 

Салтанатты шараға облысқа іссапармен келген республикалық «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Махамбет Батырбаев,  Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин, басқа да меймандар қатысты. Жиналғандар алдында сөз алған «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары Махамбет Досмұхамбетов: «Әкем халық алдындағы жауапкершілігі биік, жинақы әрі қысқа сөзді кісі еді. Ол өз шеберлігін геолог ретінде де, ірі өндірістің ұйымдастырушысы тұрғысынан да көрсете білді» деп атап өтті. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құрманғазы Есқазиев Қазақ мұнайының, соның ішінде Ембі кәсіпшілігінің кешегісі мен бүгінгісі және ертеңі туралы әңгімеледі.

– 60-жылдардың басында Ж.Досмұхамбетовтің басшылығының және ембілік барлаушылар мен мұнайшылардың күшімен Оңтүстік Маңғышлақтағы кеніштер, Өзен мен Жетібай кен алаңдары ашылды. Еліміздің мұнай-газ саласының тарихындағы маңызды оқиға-қазақстандық геолог-мұнайшылар алып кеніш – Теңіз мұнайын тапты. Теңіз кенішіне қатысты Ж.Досмұхамбетовтің айтқан болжамы шындыққа ұласып, атына сай жер асты мол байлық қоры анықталды. 1985 жылы Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің және КСРО Министрлер Кеңесінің Шешіміне сай Теңіз мұнай кешені құрылды. Алып кенішті игеру жұмыстары Қазақстанның халық сирек қоныстанған шөлейт жерлерінде қысылтаяң жағдайда ұйымдастырылды. Кен алаңын игеру жұмыстарына ондаған мың адам (мұнайшылар, бұрғышылар, құрылысшылар, өзге де мамандық иелері) тартылып, 5 жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Теңіз кен алаңын игеруге атсалысқан барша мамандық иелерінің табысты еңбектері үшін үлкен алғысымызды білдіреміз, – деп атап өтті ол. Алқалы басқосу Мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылғандықтан, бір топ еңбек озаттары облыс әкімінің Алғыс хатымен және мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталды.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх