Адам тәнінің сұлулығы – саулығында

Адам тәнінің сұлулығы – саулығында
29.07.2016
1217
Әлеумет

Адам тәнінің сұлулығы – саулығында

«Кендірлі» демалыс аймағында мұнайшылар денсаулығын нығайту мақсатында жұмыс жасап жатқан 100 орындық «Медикер» медициналық-оңалту орталығы 2004 жылдан бері үздіксіз жемісті жұмыс жасап келеді. Бабалар «Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең», – деп бекер айтпаған ғой. Қарбаласқа толы өндірісте жүрген мұнайшылар денсаулығының жыл өткен сайын сыр беретіні айтпаса да түсінікті.

Орталықтың емдеуші дәрігері Балым Аманованың айтуынша, демалуға келген мұнайшылар негізінен буын ауруымен ауыратын көрінеді. «Мұнайшылар арасында жүрек қан тамырлары ауруымен ауыратын адамдардың жиі кездесетіні бізді қынжылтып отыр. Жүрек – адамның моторы. Адам бойындағы қанды ары-бері айдайтын жүрек екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Жалпы аурулардың қозуына жүйкенің тозуы әсер етеді. Ал біздің демалушылардың кейбіреулері түкке тұрғысыз нәрсеге жүйкесін жұқаратады. Бұл – жақсы емес!» – дейді білікті дәрігер.

Қазіргі таңда аталмыш орталықта 95 адам демалып жатыр. Кейбір асқазаны ауыратын азаматтарға бөлек диеталық тағамдар дайындалады. Олар дұрыс тамақтанбаудың семіздік проблемасын тудыратынын алға тартады. Шектен тыс салмаққа ие болу, адамның есте сақтау қабілетін төмендетіп, мидың қартаюына, буын ауруларына әкеледі. Медикерлік мамандар сымбатты болудың қарапайым жолдарын ұсынады. Олар: барынша жаяу жүру, таңертең жүгіру, үзбей жаттығу жасау. Сондай-ақ, соңғы жылдары қаптап кеткен шетелдік тағамдардан бас тартқан абзал. Алайда, осы қарапайым ережелерді демалушылардың орындаудан бас тартуы медицина қызметкерлерін қынжылтып отыр. Иә, қажетті нәрселерді істеуге кедергі жасайтын адамның өзі ғана екені сөзсіз.

Бір қуанарлығы, айлар сұлтаны оразада демалушылар мен медқызметкерлердің Алла разылығы үшін 70 пайызы ораза тұтып, оларға асхана ұжымы ауызашар ұйымдастырып, тіпті сәресін ашуға қызмет етіп, сауап жинаған. Медикердегі намазхана бөлмесінде, бүгінгі демалушылардың 17-і намаз оқитын көрінеді.

Сағидулла Таянов, МДжӨҚЖБ газбен кесуші:
– Мықты денсаулық байлықтан да қымбат. Мынадай орталықтың қол жетімділігі мені қатты қуантады. Массажының өзі өте пайдалы. Башпайыңнан басыңа дейін құрысыңды жазып бергенде жаның рахаттанады. Ауасы қандай, тамағы қандай. Тіпті теңіз толқынының өзі жүйке дертіне бірде бір ем екен. Оны осында келіп біліп жатырмыз.

Мұрат ӘДІЛбек, БЖБ қызметкері:
– Мен қазір буланып отыратын ағаш қауғада ем қабылдап отырмын. Он бес минуттан соң жақсы көңілмен шығасың. Қазақта «қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген керемет сөз бар. Адам баласының асылдың бәрін шарқ ұрып алыстан іздейтін әдеті ғой. Әйтпесе, жанның рахаты өзіміздің Медикерде екенін түсіндім.

Ерлан Тағаев, №1 МГӨБ қызметкері:
– Маған мұнда керемет ұнап жатыр. Бұл жердегі жүрек ақауына, асқазан, бүйрек, бауыр деген ішкі құрылысты қалпына келтіру үшін дайындалатын арнайы шайларының өзі неге тұрады десеңші?! Бір өкініштісі, ем алып болған соң, бос уақытымызды қалай өткізерімізді білмейміз. Ең азы, волейбол, баскетбол, футбол алаңшалары жоқ.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх