«Ақбөбек» лагерінде жайдарлы жазғы демалыс

«Ақбөбек» лагерінде жайдарлы жазғы демалыс
29.07.2016
451
Әлеумет

«Ақбөбек» лагерінде жайдарлы жазғы демалыс

«Кендірлі» демалыс аймағындағы «Ақбөбек» лагерінде балалар жазғы демалыстарын көңілді әрі тиімді өткізуде.

Ұлттық тәрбиенің негізі – салт-дәстүрде екендігін жақсы түсінетін «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы үш жылдан бері «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығымен келісім-шартқа отырып, компания қызметкерлерінің балаларын ұлттық тәрбие негізінде тәрбиелеуді мақсат етіп қойған болатын. Аталған орталық тікелей Елбасының тапсырмасы бойынша құрылған еді. Лагерьдегі балалар бойындағы рухани және адамгершілік қасиеттерді дамыту және балалардың денсаулықтарын нығайту – арнайы педагогикалық бағдарлама бойынша жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда лагерьде ондаған үйірмелер жұмыс жасап, балаларымыздың жан-жақты дамуына жетекші мамандар барлық күш-жігерін, білімі мен біліктілігін жұмсауда. Атап кететін болсақ, лагерьде «Сыр сандық», «Жас ақын», «Сурет салғым келеді...», «Алтын дауыс», «Жас актер», «Сиқырлы әлем» (балалардың құммен сурет салуы) т.б. үйірмелері жұмыс жасап жатыр. Бір ауысымда 280 баладан демалып, тәнін шынықтырумен қатар рухани жағынан жетіліп қайтады.

Лагерь психологы Дәурен Жұмабаев «Балаға еркіндік бермеу – оның ересек өмірде өз орнын табуына көп зиян келтіреді. Үнемі қамқорлықта өскен бала жауапкершіліктен ада болады. Рухани өсу үшін баланы жауапкершіліктен қорықпауға тәрбиелеуіміз керек. Біздің бабаларымыз ұрпағына жауапкершілікті жүктей отырып тәрбиелей білген. «Он үште отау иесі» деген сөзді айтқанда, қазақ бірден 13 жаста үйлене сал деп отырған жоқ, осы жастан бастап өзіңе, отбасыңа, Отаныңа жауаптысың дегенді меңзеп отыр. Жауапкершілікті сезіну – баланың тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді», – дейді.

Бүгінгі күні ата-бабаларымыздың асыл мұрасы – ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуді кішкентай кезінен бастап бала бойында қалыптастыру өзекті мәселеге айналып отыр. «Біз ақбөбектік әрбір баланың жанына жақсылық пен мейірімділік дәнін егуге бар күшімізді саламыз», – дейді лагерь жетекшілері бір ауыздан.

Лагерьде 27 жетекші-маман жұмыс жасайды. Бір ауысымда 11 отряд бар. Әрбір отрядтағы 25 балаға 2-3 тәрбиешіден келеді. Әрбір тәрбиеші – тиянақты, өз жұмысына берік. Әрине кірпігіне кір жуытпай өсіріп отырған бір-бір үйдің еркелері мен серкелерінің тілін табу оңайға соқпасы анық. Әйтсе де, Ақбөбектің тәрбиеші қыз-жігітттері кез келген балаға ықпал етуге болатындығын алға тартады. Бала өзіне жан жылуын сыйлай білетін, қамқорлық танытып, көңіл бөлетін жанды іздейтінін жақсы түсінетін олар, барынша сабырлылық танытып, әр баланың жүрегіне жол табуға тырысады. «Әрбір бала өз алдына индивид. Әр бала – бір-бір әлем. Әр баланың таудай талабы, асқар арманы бар. Сондықтан, балаға да дипломатия керек!» – дейді олар күлімсіреп. Қарап отырсаңыз ертемен тұрып, түн жарымы ауғанда төсекке жату, ал күні бойы балалардан бір елі ажырамай, толып жатқан міндеттерді орындау үшін жетекшіге қанша күш-жігер қажет десеңізші!

Балалар лагерінде қоры айтарлықтай көп болмағанымен кітапхананың жұмыс жасап жатқандығын көріп, қуанып қалдық. Үйдегі компьютер балалардың кітаппен достасуына мүмкіндік бермейтіні кім кімге де жасырын емес. Психолог-мамандардың айтуынша, компьютер тәрбиесін алған балалар күйреуік, тәкаппар, өзімшіл болады. Ақбөбек осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында балаларды көркем әдебиетке баулуды қолға алып отыр. Алайда, кітап қорының жұтаңдығы көңілге кірбің ұялатады екен. Тәрбиешілер бала тәрбиесі қоғамның, баршаның назарындағы ең басты мәселе екендігін алға тарта отырып, кітапхана қорын толықтыруға қала тұрғындары атсалысса нұр үстіне нұр болар еді деген ұсыныстарын алға тартты. Расында да, кейбір үйде шаң басып тұрған кітаптар, лагерь кітапханасының сөресінен орын алып, кәдеге асып жатса керемет емес пе?!  Кітап баланы дұрыс сөйлеу мен жақсы әдеттерге үйретіп, ой-өрісін дамытады. Тіпті, кітап баланың жүрек көзін аша отырып, сол көзбен мына әлемге қарауды үйретеді. «Артық білім кітапта» демейтін бе еді, хакім Абайдың өзі. Ақбөбекте балалардың оқитын және көретін нәрселерінің дұрыс болуы қатаң бақылауға алына отырып, балалардың іштей жетіліп, дамуына жағдай жасалынған.

«Біздің мақсат – лагерьді әрбір бала үшін жайлы жерге айналдыру болып табылады», – дейді лагерь меңгерушісі Жанкелді Әмірғалиев. Мұнда балалар футбол, волейбол, баскетбол ойнайды. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық ойындары да ойнатылады. Лагерьде ойнатылатын асық ойны – баланың ойлау қабілетін дамытады, адаммен тез тіл табысуға үйретеді, баланың көзі қашықтықтан көруге дағдыланады, ойын баланы мергендікке баулиды, ойдың жылдам өсуіне де көмектеседі. Ұзақты күні ұялы телефон шұқылаумен отыратын балалардың теңіз жағасында спорттың сан түрімен айналысып сергіп қалған жайлары бар.

Күніне 5 рет тамақтанатын балалардың ас мәзірі туралы асхананың бас аспазы Байрамбай Жолдасов былай деп сөз өрбітеді... «Мен 1984 жылдан бері тамақ пісіріп келемін. Тамақ пісіру – өнердің көкесі. Тәтті тамақ баланы қуаттандырады, жанын жадыратып, тіпті өмірге деген құштарлығын арттырады. Мен бұны тәжірибелі аспаз ретінде айтып тұрмын. Біз тек қана құнарлы, табиғи, денсаулыққа пайдалы, бір сөзбен айтқанда «халал» тамақтар ғана әзірлейміз деп 100 пайыз сенімділікпен айта аламын. Қазір әлем проблемасына айналған фаст-фуд тамақтары бізде мүлдем пайдаланылмайды. Сондай-ақ, газды сусындар, қытырлақ чипсылар деген мұнда атымен жоқ. «Кез келген нәрсені жегеннен, аш болған артық», – дейді Омар Хайям. Сондықтан, балаларымызды бойына тамақтану талғамын қалыптастырғанымыз жөн. Біз күніне 550 адамды тамақтандыратын асхана ұжымы «ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болмасын» деген принциппен жұмыс жасаймыз. Демалушылар мен балалар біздің тағамымыз бен қызметімізге дән риза. Үнемі алғыстарын айтып кетеді. Олардың алғысы мен жылы сөздері бізді қанаттандырып, жұмысымызды одан әрі жақсартуға итермелейді».

«Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, асүйде тамақ пісірген әйел зиянды нәрселерді ойлауға уақыт таппайды», – дейді Ахмет Йассауи атамыз. Ендеше, есіңізде болсын, Ақбөбектегі баланың да зерігуге еш уақыты жоқ. Бұл жерден бап пен мәпе, аялы алақан тапқан балалар тағы да Ақбөбекке келгісі келетіндіктерін айтады.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх