Оператор мамандығының қыр-сырын меңгердім

Оператор мамандығының қыр-сырын меңгердім
29.07.2016
350
Қызметкерлер

Оператор мамандығының қыр-сырын меңгердім

Қанат Дінасылов, «Өзенмұнайгаз» АҚ, № 2 МГӨБ, № 48 топтық қондырғы операторы:

– «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының №2 Мұнайгаз өндіру басқармасына қарасты №48 топтық қондырғысында оператор болып жұмыс істеп жүргеніме 7 жылдай уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде оператор мамандығының қыр-сырын әбден меңгердім деп толық сеніммен айта аламын. Біздің топтық қондырғы қарамағында 25 скважина бар. Біз осы скважиналардың мүлтіксіз жұмыс істеп тұруына жауап береміз. Жұмысқа жарамсыз скважиналарды реттеушіге хабарлап, жерасты жабдықтарын жөндеу бригадасын шақыртуға ықпал етеміз. Үнемі осы скважиналарды қарап, олардың мұнай өнімділігін, қысымын, температурасын өлшейміз. Сораптарға тығырық соғамыз...

Бір қарағанда оператордың жұмысы оңай сияқты болып көрінгенмен, бұл жұмыстың машақатын оператор болып жүрген жігіттер мен қыздар ғана жақсы түсінеді. Сықырлаған қыс, шатынаған сары аязда немесе аңқасы кепкен аптапта әр жерде орналасқан әрбір скважинаның жұмысын тексереміз. Бұл жұмыстар шыдамдылық пен еңбекқорлықты қажет етеді. Бұған төзімі берік азаматтар ғана шыдайды. Жұмысыма, жалақыма көңлім толады.

Әріптестеріме тоқталсам, аталмыш топтық қондырғы шебері Айтжан Байтілеуов өз ісінің білгірі. Жұмысты қатаң талап ете отырып, өзі де жұмысты асқан құштарлықпен беріле атқарады. Сондай-ақ, әріптестерім Ырысты Әлқуатова, Серік Өткіловтердің әрқайсысының жұмыс өнімділігіне қосып жүрген өлшеусіз үлестерін айта кеткім келіп отыр. Серік жұмыспен қатар бос уақытында шағын футбол ойнағанды ұнатады. №2 Мұнайгаз өндіру басқармасының спорт секторы қоғамдық жұмысын қосымша атқарып жүрген жайы бар. Жалпы біздің компаниямыз жұмыскерлердің қарқынды еңбек етуімен қоса, белсенді спортпен айналысуына да қолайлы мүмкіндік туғызып отырған бірден бір компания. Спортқа деген жанашырлықтың арқасында, компания қызметкерлері небір спартакиадаларда жүлделі орын алып, басшылық үмітін ақтап жүргені бізді қуантады.

Менің ойымша, қай компания еңбегіңді бағаласа, адам баласы сол жерде қажырлы еңбек етуі тиіс. Мен өзімнің кәсібімді мақтан тұтамын. Сүйікті компанияңда оператор болу – мен үшін мақтаныш!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх