Жаңа департамент жаңа серпінмен қызметке кірісті

Жаңа департамент жаңа серпінмен қызметке кірісті
29.07.2016
279
Қызметкерлер

Жаңа департамент жаңа серпінмен қызметке кірісті

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамында өткен жылдың соңында ашылған Аймақтық және іздеу геологиясы департаменті жер қыртысының жекелеген аудандарын (континенттерді, құрылымдық жүйелерді, платформаларды немесе солардың бөліктерін т.б) зерттеумен айналысады.

Аталған департамент директоры Берекет Тоқаевтың айтуынша, департаменттің зерттеу әдіс-тәсілдеріне геологиялық түсірім, шөгінді жыныстардың қалың қабатымен көмкерілген терең бұрғылау, жер қойнауларын геофизикалық әдістермен (гравиметрия, магнитометрия, сеймометрия) жан-жақты зерттеу жатады. Осы әдістерді қолдану нәтижесінде департамент қызметкерлері Өзен және Қарамандыбас кен орындарының геологиялық карталары мен қималарын жасау арқылы, зерттелген аймақтың геологиялық даму тарихы мен құрылымдық пішіндердің кеңістіктегі орны анықталады.

Бір сөзбен айтқанда, аталмыш департамент жартығасырлық тарихы бар кен орынға жаңа серпін бермекші. Нақтырақ айтатын болсақ, модернизациялау жобасы аясында кен орынға жаңа технологиялар енгізе отырып, 6000-7000 тереңдікке дейін бұрғылау арқылы мұнай өнімінің жаңа көздерін табуға барлық күш-жігері мен білімдерін жұмсамақ. Әрине, қазу жұмыстары басталмастан бұрын, жердің сейсмологиялық ерекшелігі ескерілетін болады.

Департаментте екі жетекші инженер Игорь Чжен, Айман Төлекешова, екі аға инженер Шәрипа Қайырбаева мен Серік Төлекешовтар еңбек етуде. Сондай-ақ, білікті мамандардан құралған департамент «ҚазГҒЗИ» АҚ-ына геологиялық-кәсіби ұсыныстарын бере отырып, кен орынның екінші тынысының ашылуына өз үлестерін қоспақ.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх