Прорвадан басталған дара жол

Прорвадан басталған дара жол
15.07.2016
590
Қызметкерлер

Прорвадан басталған дара жол

Адам өмірінің алтын арқауы маңдай тер, адал еңбекпен өрілетіні анық. Соның ішінде мұнайшы мамандығы табандылықты қажет етеді. Еңбек жолы мен қызметi Ембі мұнай өндірісіне тікелей қатысты, білікті басшы, білгір маман, «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Ғабдуллин Айболат Ғизатұлы бүгінде алпыс жасқа толып отыр. Асқаралы 60 жастың асуын кәсіби маман, абыройлы азамат, өнегелі отағасы санатында бағындырып отырған оның адамгершілік қырын, іскерлік қабілетін қызметтес әріптестері мен тілектес достары ерекше бағалайды. Бүгiнгi әңгiме арқауы Айболат ағаның өмір, еңбек жолы хақында болмақ. 

– Айболат Ғизатұлы, мерей жасыңыз құтты болсын! Сіздің аумағы кең, асты кен жеріміздің қазыналы қойнауынан «қара алтын» өндіруге атсалысқаныңызға 40 жылдай уақыт болыпты. Бозбала шағыңызда журналист болсам деп армандаған екенсіз, бірақ мұнайшылық жолға қалай кетіп қалдыңыз?

– Арманы адамды алға жетелейді ғой. Бала күнімізден кітап құмар болып өстік. Жазушылардың тіл көркемдігіне қызығатынмын. Содан да болар, журналист болсам деген бала қиялым болды. Бірақ З.Қабдоловтың «Жалын» романындағы мұнайшы жігіттің тағдыры мені қатты толғандырды. Сөйтіп, жүрегім мұнайшылықты қалады. 1973 жылы Гурьев қаласындағы №7 мектепті аяқтаған соң, жастық арманмен Алматыға аттандық. 1978 жылы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетін тәмәмдап, тау-кен инженері атанып, «Құлсарымұнайгаз» басқармасына жолдама алып елге оралдым. Үлкен ағам екеуміз «Ембімұнайгаз» бірлестігіне келдік. Ештеңенің жөнін білмейміз. Сол жерде Қалмұханов Рысқали деген ағайынымызды кездестіріп, ол кісі «Прорваға барғаның жөн» деп, бірлестіктің мамандар бөліміне барып, жолдамамды Прорваға өзгертіп берді. Осылайша менің мұнайшылық өмірім басталды.

– Жұмысқа мұнай өндіру операторы болып орналасып, 15 күннен кейін бөлімше шебері, ал үш айдан соң бөлімше бастығы болып тағайындалыпсыз. Бұл аз жауапкершілік емес. Сізге ол қиын тиді ме, әлде ширата түсті ме?

– Прорвада мені басшылардың ұйғарымымен мұнай дайындау және айдау бөлімшесіне мұнай дайындау операторлығына жұмысқа алды. Мен барған бөлімше құрамында 5000 текше метр бірнеше тік қазандары, қыздыру пештері және сорап қондырғылары бар, ең жауапты өндірістік бөлімше болып шықты. Мұнай өндіру маңызды жұмыс болса, оны тазалап, мемлекетке өткізу одан да күрделі, өте жауапты іс екен. Менің алдымда бір қыздыру пеші жарылып, жазатайым оқиғалар орын алған. Осы ауыр жағдайдан кейін комиссия көбейіп, өндірісті қайтадан қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатқан кез болатын.

– Сондай қауырт кезде сізді ең ауыр учаскеге жіберген екен ғой?

– Солай десе де болады. Өндіріс кібіртіктеуді көтермейді. Мұнай өндіру қажет, сондықтан белді буып, білек сыбана кірісіп кеттік. Бөлімше шебері Сатыбалды Әділов, механик болып Сәнтай Ідіров ағаларымыз жұмыс жасап жүрді. Мені тез арада жөндеушілердің қасына, түнгі ауысымдарға, шебердің жанына қосып, өндірісті үйретуге жедел кірісті. Жастық па, әйтеуір шаршау дегенді білмей, өндірісті жан-жақты меңгеруге, бәрін де дұрыс, қатесіз жасауға тырыстым. Үнемі ағалардың ақыл-кеңесіне жүгіндім. Жұмысқа араласқан уақыттарымда маған өндірістің қыр-сырын жан-жақты түсіндіріп, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білудің жолдарын саралап берген сол кездегі 35-40 жастағы жігіт ағалары, басқарманың бас мамандары Серік Өтешов, Жаңабай Жұмақұлов, Иван Сұлташев, Бағытжан Боранбаев ағаларымыздың жанашырлық көмегін ешқашан ұмытпаспын. Оның үстіне жас маманға көрсетілген басшылық сенімін ақтау парыз. Әрине бәрін бірден меңгеріп кету мүмкін емес. Мұнай өндірісі сан-салалы кәсіп қой. Әр іске жауапкершілікпен, адалдықпен, ізденіспен қарауға тырыстым. Барлық өзгеріс, қиындықтарды  азаматтармен бірге еңсердік. Өзім де біраз ширап, ысылып қалдым.

– Сіз келген тұста өндірісте қандай жаңалықтар іске асырылды?

– Прорвада бөлімше бастығы қызметінде 5 жылдай уақыт еңбек еттім. Сол аралықта өндірісте үлкен-үлкен өзгерістер болды. Жас маман ретінде өзім де жұмыс барысында көптеген тәжірибелі инженерлермен жұмыстас болып, іссапарларға шығып, мол өндірістік тәжірибе алдым. 1978-1983 жылдар аралығында мұнай дайындау және айдау бөлімшесінде өндіріске жаңа технологиялар енгізіле бастады. Қазақстан бойынша алғаш болып мұнайды қазансыз тікелей өткізу технологиясы жүзеге асты. Атап айтқанда, Венгриядан алынған автоматты «Кор-мас» қондырғысы қойылды. Оның құрамында мұнайдың құрамын түгел анықтайтын торабы бар. Бірақ бұл технология бізден сапалы мұнай дайындауда бірден-бір үлкен жауапкершілікті талап етті. Сонымен қатар бөлімшеде тұндырғыш қондырғылар  іске қосылып, мұнай қыздыру қондырғыларына жаңа пештер қойылды, бұрынғы сумен араластырып мұнайға қосатын химиялық реагенттер мұнайға тіке қосылатын жапондық реагенттерге ауыстырылып, бұлардың мұнай тазалаудағы үлесі жоғары болды. Мұнай қабылдайтын жаңа тік қазан (РВС-2000) салынып, оның көлемін өлшейтін радиоизотопты қондырғы пайдаланылды. Енді қазанның үстіне шығып, рулеткамен өлшемей-ақ, операторлар отыратын бөлмеден жаңадан қондырылған өлшегіш арқылы өнім көлемін қарап отыруға болатын болды. Мұның бәрі ол кезде айтарлықтай жаңалық еді.

– Сол кезде басқармада жылына қанша мұнай өндірілді?

– «Прорва» мұнай-газ өндіру басқармасында мен барған жылдары жылына 1 млн. 200 мың тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін мұнай өндірілетін. Мұнайдың 90 пайыздан астамы фонтандық әдіспен алынды. 1970 жылы ашылған «Ақтөбе» кен орнында ғана алғашқы ұңғылар механикалық әдіске көшірілді. Тәулігіне 4000-5000 тн. мұнай өндіріп, тапсыру оңай шаруа емес. Бүгінде ең көп мұнай өндіретін «Жайықмұнайгаз» МГӨБ тәуліктік өнімі бұған жетпейді. Ол кездегі бір қиындық – өндіріс аралық құбырлардың жарылуы еді. Құбырдағы қысым үлкен, әрі құрамында күкіртті газ бар, мұнай құбыры тесілгенде оңайлықпен күш бермейді. Ал өндірісті тоқтатуға болмайды. М.Қарсақов, ағайынды Тастанбековтер, Тапаловтар, А.Құрмашев, Б.Шегіреев сияқты жұмысшылар қазылған шұңқырлардағы мұнайдың ішінде отырып, құбыр тесігін дәл тауып, апатты ауыздықтайтын. Екінші бір жұмыстың ауыр тұсы – жер асты жөндеу жұмыстары еді. Н.Сатпаев, С.Өкпеғазиев, С.Адаев, Н.Құтжанов бастаған жігіттер 3000 метрге дейінгі  тереңдікке мұнай шыбықтарын тез көтеріп-жіберудің нағыз шеберлері еді.

– Еңбек жолыңыз басталған Прорва кен орны сіз үшін қымбат шығар?

– «Прорвамұнайгаз» басқармасында еңбек еткен кездерім мен үшін өмірімнің ең қызықты да, ыстық кездері болып есімде қалды. Мұнда 22 жасымда келіп, 23 жыл жұмыс жасадым. Бұл аз уақыт емес. Осы уақытта көптеген мұнайшылармен жұмыстас болып, ғұмырыма із қалдырған ғибрат алдым. Еңбек тәжірибем қалыптасып, салиқалы мұнайшы, тәжірибелі  маман атандық. Жора-жолдастар құрметіне бөленіп, өмірдің ыстық-суығын жолдастармен бірге бөлістік. Бұл жылдар шынымен өсу, шыңдалу, өрлеу жылдары болды. Өндірістің жаңа технологияларын игеру мақсатында 1979,1981,1983 жылдарда Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халықшаруашылығы көрмесіне қатысып, сол кезде жаңадан игеріліп жатқан Батыс Сібірдегі, «Нижневортовскнефть» мұнай-газ өндіру басқармасында болып, тәжірибе алмастық. Шетелдерде де болдық. Өндіріс бір орында тұрмайды, үнемі жаңалық, өзгеріс. Бұл орайда өзге кәсіпорындардағы мамандармен танысып, тәжірибе алмасудың орны ерекше.

– Сол тұстары дарияға құяр бұлақтың көзін ашқан, даңғылға айналар соқпақтың ізін салған, сіздің маман ретіндегі қабілетіңізді ашқан әріптес ағаларыңыздың кейбірін атап кетсеңіз?

– Ондай көптеген ағалардың ақылын алдық. Сол кездегі бірлестіктің бас инженері Қ.Балжанов, мұнай өндіру бөлімінің басшысы А.Назаров және өндіріс басшылары Р.Қалмұханов, М.Нұрғалиев, Б.Еламанов, С.Дүзбаев, М.Қилыбаев сынды көптеген ағалардың өмір, қызмет жолдары үлгі болды. Ал басқарма бастығы Асқар Рзиев Мәскеуден мұнай иститутын бітіріп, еңбек жолын бірден Прорвадан бастаған азамат. Мұнай қабатына су айдау операторлығынан бастап басқарма бастығына көтерілген екен. Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы атағының иегері. Ал тікелей жұмыстас болған ұстаз ағаларым – Сәнтай Ідіров пен Мұханбет Аққайыровтың маған үйреткен тағылымдары өте көп. Сол кездегі орденді мұнайшылар. Мұханбет ағамыз мен келгенде цех бастығының орынбасары, өндірістік қамту бөлімінің бастығы болып қызмет еткен болатын. Бір жұмыс бөлмесінде отырдық, өндірісті бірге араладық. Жұмыс десе уақытпен санаспайтын. Ерекше қасиеті адаммен тіл табысу, жұмысқа жұмсау мәдениеті еді. Сәнтай аға соғыстан соң ФЗО-ны тәмамдап Құлсары кенішінде еңбек жолын бастаған. Прорваны алғаш игерушілердің бірі. Бұл кісі бастаған жұмысын орта жолда тастамайтын адам. Жаңалыққа жаны құмар, өнертапқыш еді. Сол арқылы жоқтан бар жасайтын. Жалпы, ағалардың бәрі де жақсылығымен есте қалды.

– «Ембімұнайгаз» АҚ-дағы жаңа жобаларға тоқтала кетсеңіз?

– «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бүгінгі еңбек қарқыны артып, өндірісі өркендей түсуде. Алдымен, мұнаймен ілеспе газды пайдаға асыру жөнінде бірқатар бағдарламаларды іске асырдық, оның басты мақсаты қоршаған ортаны қорғауға сәйкес ілеспе газды алауда жағуды толықтай жою. Бүгінгі таңда осындай екі жоба жүзеге асырылды: Исатай ауданында «Жайықмұнайгаз» МГӨБ С.Балғымбаев кенорнында және Мақат ауданында «Доссормұнайгаз» МГӨБ Шығыс Мақат кенорнында. Осы шақта Прорва тобының кенорнында қуаттылығы жылына 150 млн. текше метр мұнаймен ілеспе газды күкірттен тазалау қондырғысының құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. 2015 жылы «Уаз» интеллектуалды кен орны концепциясы» енгізілді. Мұнай қорының көлемін арттыру мақсатында геологиялық-барлау жұмыстары қолға алынуда. Жаңа кен алаңдарының ашылуы өндіріске жаңа серпін беретініне сенімдімін. Басқа да жаңалықтар өте көп. Жалпы өндірісте қайнаған еңбек жалғасуда.

– Адам өзгеге өнегелі болу үшін өзі де үлкен үлгі көруі, темірқазық жұлдыздай адастырмас тәлім алуы, оны өміріне тұғыр етіп сақтап қалуы тиіс. Сіздің де өмір және еңбек жолыңыз көпке үлгі. Осы тұрғыдан келгенде кейінгі ізбасарларыңызға қандай тілек айтар едіңіз?

– Өндіріске келген адам өндірісті түсінуі, білуі тиіс. Қазірде «Ембімұнайгаз» АҚ-да жаңа технологиялар өрістеп, өндіріске ендеп енгізіліп жатқан кез. Адам заман көшінен қалмағаны абзал. Білім, білік, ынта, жігер қажет. Осындай ынталы жастар баршылық. Бүгінде өндірістен өскен Қ.Қасымғалиев, С.Әбдиев, А.Құтжанов, Қ.Төлеуішов т.б. жастардың алымды қадамы қуантады. Ембінің болашағы осындай білімді жастардың қолында. Мамандығын заман талабына сай жетік меңгерген жас мамандардың кәсіби тұрғыда өсе берулеріне, биік белестерді бағындыруларына  қашанда тілекшімін.

– Сіз жаңа әулеттен шыққан бірінші мұнайшымын дедіңіз. Перзент үшiн үлгi-өнеге ең әуелi отбасынан басталады ғой, ата-анаңыз, отбасыңыз туралы айтсаңыз?

– Мен ұстаздар отбасында дүниеге келдім. Әкем мен анам екеуі де мұғалім болды. Бірақ баланың үлкені болғандықтан әжем бауырына басқан, сол кісінің өнегесін көп алдым. Прорваға жұмысқа барғанда Сарықамыста тұрып, сол жылдары отбасын құрдым. Жолдасым Жеміс те мұнайшы. 2 ұл, 2 қызымыз бар. Балаларым түгелдей жоғары білім алған. Ұлдарым мұнайшылық жолды таңдады, қыздарым мұнай саласының экономист мамандары. Бәрі де аяқтанған, олардан немере-жиен сүйіп отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет, Айболат аға! «Алпыс – тал түс» деген екен бұрынғы қарттарымыз. Жасыңызға жас қосыла берсін!

Мерейгер туралы лебіздер:

Асқар Рзиев, еңбек ардагері, бұрынғы бастығы:
– Айболат «Прорвамұнайгазға» алғаш келгенде жап-жас бала еді. Бұрын бұл жаққа аяқ баспаған, ешкімді танымайды. Мен сол басқарманың бастығы едім. Кішіпейіл бала екен. Бұрыннан жақсы еңбек етіп келе жатқан Ідіров Сәнтай деген маман бар еді, соған жақсылап аманаттап, «ал енді осы балаға бәрін үйрет» деп тапсырдым. Мұнай дайындау және айдау бөлімшесі болды, сонда қарапайым жұмысшы қылып жібердім. «Болар бала жасынан» демекші, әп дегеннен-ақ бала өзін жақсы ұстады, тәртіпті, жұмысына жауапты, қылтың-сылтыңы жоқ жігіт екен. Бірден жұмыс жасап кететіні байқалды. Ол уақытта Прорваның жұмысы көп, жылына 1,5 млн тн. мұнай өндірілетін. Сол кезде мұнайды қазансыз тапсыру әдісі өндіріске енгізілді. Венгриядан алынған «Кор-мас» қондырғысы қойылды. Ол барлық жұмысын автоматты түрде атқарады, мұнайын, суын, газын айырып, өзі реттеп отырады. Осы жұмыс нәтижесімен Айболат бірнеше мамандармен ВДНХ-ға Москваға барып келді. Айболат жұмысты беріліп жасайтын, сол қасиеті үшін де ұжымы оны қатты сыйлады. Үлкенді үлкен, кішіні кіші деп тұратын кішіпейіл, өте қарапайым, жасандылығы жоқ, шынайы жігіт. Сөйтіп, сол басқармада бас инженер, басшы да болды. Кейін «Ембімұнайгаз» АҚ-на барып, басшылық қызметтер атқарды, әлі де атқарып келеді. Өндіріске шын жаны ашитын азамат, мақтауға тұралық білікті маман. Қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді, аудандық мәслихаттың депутаты да болды. «Жылыой» ауданының Құрметті азаматы. Айболат інімді 60 жасымен құтықтап, әлі де алар асуларың көп болғай, аман жүргейсің деп тілеймін.

Қожас Лұқпанов, еңбек ардагері:
– Мен Айболат Ғабдуллинді тек жақсы қырынан таныдым десем артық айтқандық емес. Ол халықтың алғысын алған азамат, яғни, ұжымдастарымен өте жақсы қарым-қатынаста болды, бірлікпен еңбек етті. Мен 1979-1986 жылдары Ақтөбе, Досмұхамбетов кеніштерінде цех бастығы болдым, мұнай өндіру шеберлігінен зейнетерлікке шықтым. Айболатпен өндіріс барысында талай бірге қызмет еттік. Жақсы жұмыс жасады, соған лайық қызметі де өрледі. «Прорвамұнайгаз» басқармасында орталық инженерлік-технологиялық қызмет бастығы, бас инженер, басқарма бастығы, одан кейін «Ембімұнайгаз» ААҚ мұнай-газ өндіру департаменті директоры, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ басшысы лауазымдарын да абыройлы атқарған азамат. Қазір оның білімі мен білігі тіптен жоғарылады, өйткені өндіріске жаңа технологиялар енгізіліп жатыр ғой, оның бәрін меңгеру үлкен еңбек. Сол еңбектері еленіп 1999 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Мерей жасы құтты болсын, ақсақалды қариялыққа жетсін!

Бағдат Уәлиев, әріптесі:
– Айболат Ғабдуллин жұмысқа келгеннен-ақ өзінің еңбек қабілетін танытып, іскерлігімен көзге түсті. Өте кішіпейіл, қарапайымдылығымен жігіттермен тез араласып кетті. Операторлықтан өскен жігіт. Мен 1985 жылы ұңғымаларды жер асты жөндеу бригадасында жұмыс жасап, өнідірісте жиі жолығып тұрдық. Ол кезде Прорвада 2800 метрден ұңғылар қазу, оларды тездетіп іске қосу, мұнайын шығару, фонтандық әдістен шығып қалған ұңғыларды механикалық әдіске көшіру, теңізден қорғау үшін дамбылар салу сынды көптеген жұмыстар жүріп жатты. Айболат сол істердің басы-қасында болды. Прорвада көп істер атқарып, онда өзіндік қолтаңбасы қалды. «Прорва мұнайына 50 жыл» төс белгісінің иегері, Жылыой ауданының «Құрметті азаматы». Мұның барлығы Айболаттың мамандығына шын беріле адал еңбек еткендігінің көрінісі. Жолдасы Жеміс те лабораторияда абыройлы еңбек етті, екеуінің шаңырақ құрғанының да куәсі болдық. Айболат бізді өкшелеп 60-қа келіп қалыпты, жасы құтты болсын. Денің сау болсын, ардақты азаматым! 

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх