Заманауи үлгідегі бокс-гараж берілді

Заманауи үлгідегі бокс-гараж берілді
16.06.2016
408
Өндіріс

Заманауи үлгідегі бокс-гараж берілді

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы Технологиялық транспорт басқармасында заманауи үлгідегі бокс-гараж ашылып, жүргізушілер игілігіне берілді.

Салтанатты жиынға компания бас директоры Дәулетжан Хасанов, «Өзенмұнайгаз» АҚ Кәсіподақ төрағасы Наурыз Сақтағанов, бас директордың транспорт жөніндегі орынбасары Айтқали Бәшенов, бас директордың құрылыс жөніндегі орынбасары Салтанат Ысқақов, ТТБ директоры Қуандық Жүгенбаев, аталмыш басқарма кәсіподақ төрағасы Жанболат Қыдырғалиевтер қатысты. 
«Қымбатты, әріптестер! Американдық технологиямен салынған заманауи үлгідегі бокс-гараж құтты болсын. Сіздер сан жылдардан бері компания қызметкерлерін үздіксіз жұмыс орындарына уақытылы жеткізіп келе жатырсыздар. Темір екеш темірге де күтім керек. Мына гараж енді сіздердің темір тұлпарларыңызға қыста пана, жазда сая болады. Әрине, 343 техникасы бар үлкен басқарма үшін бір ғана гараждың аздық ететіндігін біз жақсы түсінеміз. Болашақта да маңызды нысан құрылысы жалғасын таппақ», – деді бас директор өз сөзінде.
Өз кезегінде «ӨМГ» АҚ Кәсіподақ төрағасы Наурыз Сақтағанов өзінің еңбек жолын аталмыш басқармада 1974 жылы 17 жасында бастағанын тілге тиек етіп өтті. 
Нысанның лента қию құрметі компания бас директоры Дәулетжан Хасанов пен басқарма директоры Қуандық Жүгенбаевқа тиді. Мердігер компания «Кенқұрылыссервис» ЖШС-нің директоры Базарбай Ізмағамбетов Қуандық Жүгенбаевқа символикалық кілтті табыстады.  

Базарбай Ізмағамбетов, «Кенқұрылыссервис» ЖШС директоры:

– Жаңа үлгідегі нысан қазіргі заман талабына сай салынған. Техниканы темір болғанмен қыста мұздатуға, жазда ыстық жерге қоюға болмайды. Қыста жылы жерде, жазда салқын жерде сақталған арнайы техниканың пайдалану мерзімі ұзақ болатыны түсінікті. Экономикалық дағдарысқа қарамастан «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының жүргізушілер көліктеріне бокс-гараж салдыртып жатқаны бізді риза етті. Біз компанияның тапсырысын уақытында, сапалы орындауға барлық жігерімізді салдық. Серіктестеріме жаңа нысан құтты болсын, игіліктеріңізге пайдаланыңыздар деп тілек айтамын. 

Қуандық Жүгенбаев, ТТБ директоры:
– Бір бокс-гараж 343 техникасы бар басқармаға аздық ететіні сөзсіз. Алайда, жақсы іс жалғасын табады деп үміттенеміз. Әзірше, жаңадан салынып, жүргізушілер игілігіне берілген гаражға 20-25 автобус сыяды деп отырмыз. «Кенқұрылыссервис» ЖШС ұжымының сапалы еңбегіне басшы ретінде өз ризашылығымды білдіремін.

Иманғали Жарылқапов, ТТБ, Механикалық жөндеу цехының бастығы:
– Мен осы мекемеге 1971 жылы жұмысқа тұрған болатынмын. Одан бері 40 жылдан астам уақыт өтіпті. Уақытпен бірге бәрі де өзгерді. Жаңа бокс-гараж американдық жаңа технологиямен салынған. Қараса көз тояды, көңіл көтеріледі. Компанияның әлеуметтік жағдайы күрт өзгерді. Мұнай өндіруді техникасыз көз алдыңызға елестете аласыз ба? Әрине, жоқ. Қызметкерлердің жұмыс орындарына көтеріңкі көңіл күймен жеткізілуі тікелей жүргізушінің хал-ахуалы мен көліктің күтіміне байланысты. Біздің жағдайымызды жасап жатқан компания басшылығына басқарма ұжымының атынан шексіз алғысымды білдіремін.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх