«KMG EP-Catering» қызметкерлеріне – жаңа жатақхана!

«KMG EP-Catering» қызметкерлеріне – жаңа жатақхана!
16.06.2016
473
Әлеумет

«KMG EP-Catering» қызметкерлеріне – жаңа жатақхана!

«Кендірлі» демалыс аймағында «KMG EP-Catering» ЖШС қызметкерлеріне арналған 24 бөлмеден тұратын, 44 орындық жатақхана ашылды.

Жатақхананың ашылу салтанатына «Өзенмұнайгаз» АК бас директоры Дәулетжан Хасанов, «KMG EP-Catering» ЖШС директоры Бектұрбай Қиялбаев, мердігер мекеме «Ақтауойлмаш» ЖШС техникалық директоры Кизат Абылқайыров, бас директордың құрылыс жөніндегі орынбасары Салтанат Ысқақов, Әлеуметтік-әкімшілік департаментінің директоры Бауыржан Жұбаназаров қатысты.
– «Кендірлі» демалыс аймағында демалатын мұнайшыларға сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан «KMG EP-Catering» ЖШС қызметкерлеріне арнайы жатақхана салу көптен бері айтылып келе жатқан өзекті мәселелердің бірі болатын. Енді бүгін сіз бен біз осы мәселенің оң шешімін тапқанының куәсі болып тұрмыз. Құтты болсын дейміз. Біздің компания келешекте де жұмыскерлерге ыңғайлы жұмыс жағдайын жасау саясатымен үздіксіз айналысатын болады. Әрбір жұмыскерге ыңғайлы жұмыс жағдайын жасай отырып, біз қызмет түрлерінің сапалы әрі жоғары деңгейге көтерілуін талап ете аламыз», – деді өз сөзінде бас директор Д.Хасанов.
«KMG EP-Catering» ЖШС қызметкері, сораптар станциясының машинисі Берік Дәулетов серіктестік еңбек ұжымы атынан қазіргі заман талабына сай жатақхана салынуына қаржы бөлген «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылығына шексіз алғысын білдіре отырып, әріптестерін жатақхананы өз үйіндей күтіп ұстауға шақырды.
Нысанның лентасын «Өзенмұнайгаз» АҚ директоры Д.Хасанов пен «KMG EP-Catering» ЖШС директоры Б.Қиялбаев қиды. «Ақтауойлмаш» ЖШС мердігер компаниясының техникалық директоры Кизат Абылқайыров «Кендірлі» демалыс аймағының цех бастығы Өмірхан Үрпековке символикалық кілтті табыс етті. 

Берік Дәулетов, «KMG EP-Catering» ЖШС қызметкері:
– Жаңа нысанның пайдалануға берілгеніне өте қуаныштымыз. Әріптестеріме айтар өтінішім, жатақханамызды күтіп ұстайық! Берілген игілікті бағалайық деген тілегімді білдіргім келеді. Кейбір әріптестерімнің бойынан мекеме мүлкіне деген жанашырлықтың аздығы мені қынжылтады. Бәрімізге, жатақханамыз құтты болсын! 

Өмірхан Үрпеков, «Кендірлі» демалыс аймағындағы цех бастығы:
– «KMG EP-Catering» ЖШС қызметкерлері бір тәулікте 150-200 адамға қызмет көрсетеді. Жаз мезгілінде «Ақбөбек» балалар лагері ашылды. Демалушы балалар мен тәрбиешілердің, жалпақ тілмен айтқанда, тамағы да, жуылатын кір-қоң да біздің атқаратын міндетіміз. «Кендірлі» демалыс аймағындағы тазалыққа, көгалдандыру мәселесіне, ғимараттардың сантехникалық құбырларын жөндеу, жазғы мезгілде «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, теңізге кеткен адамдарды құтқару – бәрі біздің жауапкершілігімізде. Мұнайшылардың және олардың балаларының жақсы демалуы үшін, барлық жағдайын жасап жүрген – «KMG EP-Catering» ЖШС қызметкерлеріне осындай жатақхана салып берудің өзекті мәселеге айналғанына да біраз болып еді. Енді шешімін тапты.
Міне, сол қуанышты шараға қатысып, қуанып тұрмыз. Жатақхананы қаржыландырған «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына зор алғысымызды білдіреміз. Болашақта да біз компания үшін барынша сапалы қызмет көрсететін боламыз деп сендіремін.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх