Қуантсаң, баланы қуант!

Қуантсаң, баланы қуант!
16.06.2016
322
Әлеумет

Қуантсаң, баланы қуант!

«Ембімұнайгаз» АҚ

Баланың күлкісіне, шаттанғанына жетер ештеңе жоқ екені де рас. «Ембімұнайгаз» АҚ Халықаралық балаларды қорғау күніне арнап Атырау қаласындағы әсем ғимараттардың бірінен саналатын «Салтанат сарайында» әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына «Жан жылуы» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. 

Шараға Атырау облысының аз қамтылған отбасы балалары, мүмкіншіліктері шектеулі балалар, №1 С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің және «Шағын ел» қоғамдық бірлестігінің тәрбиеленушілері, «Болашақ-К» қоғамдық қорының емделушілері қатысты. Қайырымдылық шарасында барлығы 300-дей бала және 100 шақты олардың тәрбиешілері мен ұстаздары бірге болды. 
Сәнді киініп келген балаларды сарай да бар сән-салтанатымен қарсы алды. Балалар қуанатындай әсем көркемделіп, әдемі безендірілген зал келушілерге лық толды. Ең алдымен балаларды дәмдісі мен тәттісі мол дастархан күтіп тұрған еді. Осы сәтте концерттік бағдарламалар да басталып, қазақстандық эстрада жұлдыздарының әндері мен цирк әртістерінің сиқырлы көрсетілімдері балаларды бірден баурап алды. Балалар ортаға шығып билеп, өнер иелерімен суретке түсіп, ауада қалықтаған домбыра, кішкентай қорапқа кіріп жоқ болып, қайта пайда болған адамның өнеріне, басқа да цирк жанрларына таңдай қағысты. Қазақстандық белгілі әнші Бейбіт Көшқалиев ортаға шығып ән салғанда балалар мен ата-ана, ұстаздар бірге билеп көңіл көтерісті. Жалпы, мереке өте қызықты, мазмұнды шаралармен астаса өтті. Бұл компанияның бірінші өткізіп отырған шарасы емес. Бұған дейін де «Ембімұнайгаз» АҚ балаларға қамқорлықты үнемі жасап келеді. 
– Компанияның Қайырымдылық және демеушілік бағдарламасының аясында 2015 жылы 124 миллионнан астам қаражат бөлінді. Қаражаттың  негізгі бөлігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына, ауыр науқасқа ұшыраған балаларға арналып отыр. Компания тарапынан үнемі әлеуметтік қолдау көріп отырған мекеменің бірі – №1 С.Қазыбаев атындағы балалар үйі. Өткен жылы ЕМГ балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін Железноводск қаласындағы «Қазақстан гелологы» сауықтыру орнына үш айға жолдамамен көмек көрсетті. Компания облыстың арнаулы және медициналық мекемелеріне және «Шағын ел» қоғамдық бірлестігіне тұрақты көмек көрсетіп келеді. 2015 жылдың қорытындысында ЕМГ 10 ауыр науқасты баланың ота жасауына қаражат бөлді, – деп атап өтті Әлеуметтік саясат департаментінің директоры Қуандық Қалидуллин.  
Компания ұйымдастырған мерекелік шараға қатысушы барлық балаға соңынан арнайы сыйлықтар мектеп сумкасымен барлық оқу құралдары және тәттілер тарту етілді.

Айнагүл Мақсотова, ата-ана:
– «Ембімұнайгаз» АҚ ұйымдастырып отырған шараға тағы да келіп, қуанып қалдық. Осындай шара жаңа жыл қарсаңында да өткен еді. Бұл балаларымыздың бір сәт демалуына, бұйығы тірліктен арылуына көмектеседі деп ойлаймын. Концерт пен өнер көрсетілімдерінен жақсы әсер алдық, рахмет!

Роза Жолдасқызы, ата-ана:
– Биылғы шара жылдағыдан да жақсы өтіп, жағымды әсері молынан болған сияқты. Балалар өздерінің мүмкіндігі шектеулі екендігін ұмытып кеткендей ортаға шығып билеуі соның айғағындай. Ол сәл де болса алға талпынуына, жақсылықа ұмтылдырады ғой. Компанияға жарасты шара үшін алғысымды білдіремін. 

Жібек Бисенова, «Болашақ» ҚҚ төрайымы:
– Қоғамдық қор «Ембімұнайгаз» АҚ-мен бірқатар жылдар бойына әріптестік байланыста. Бүгінгі шара соның бір көрінісі және жақсы ұйымдастырылып отыр. Балалардың өздерін еркін ұстап, ортаға шығып билеп, бүлдіршіндердің бірінен бірі қалыспай өлең-тақпақ оқулары қандай тамаша. Көбісі мүмкіндігі шектеулі балалар екенін көріп отырмыз. Осындайда келіп бір-бірімен араласып, өздерін қоғамның толық мүшесі сезінуі олар үшін ауадай қажет. Сонда ғана бойларына сенім ұялап, қатарға тез қосылады.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх