«Ақбөбек» маусымы ашылды

«Ақбөбек» маусымы ашылды
16.06.2016
364
Әлеумет

«Ақбөбек» маусымы ашылды

«Кендірлі» демалыс аймағында «Ақбөбек» балалар демалыс орталығы маусымы ашылып, жұмысын бастады.

Салтанатты жиынға қатысқан «Өзенмұнайгаз» АҚ Кәсіподақ төрағасы Наурыз Сақтағанов, Әлеуметтік-әкімшілік департаментінің директоры Бауыржан Жұбаназаров балаларды мерекемен құттықтап, жақсы демалыс тіледі.
Қазақ елінің айбынды әнұранымен Қазақстан туы көтеріліп, іле ақбөбектіктер туы да көкте желбіреді. Аталмыш орталық директоры Жанкелді Әмірғалиев тәрбиенің негізі әдептілік екендігіне тоқталып, бұл жерде демалушы балдырғандарды денсаулығы мықты, елін, жерін сүйетін патриот, білімді де тәрбиелі ұрпақ етіп тәрбиелеуде өздерінің бар күш-жігерін жұмсайтындықтарын алға тартты.

Дәурен Жұмабай, «Ақбөбек» балалар лагерінің тәрбиешісі:
– Бізді аталмыш лагерьге «Кәсіби шеберлік мектебінен» байқау арқылы іріктеп алды. Байқауда біздің біліктілігіміз бен балалармен жұмыс жасауға психологиялық тұрғыдан дайындығымыз ескерілді. Лагерьде біз балалардың дұрыс тамақтануына да жіті көңіл бөлеміз. Сондай-ақ, балалар арасында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыра отырып, балаларды мейірімділікке, адамгершілікке тәрбиелеу – біздің алдымызда тұрған негізгі міндет болып саналады.

Альбина Тәжібай, Айсана Әмір: 

– Лагерь бізге өте ұнайды. Біз бұл жерден көп дос табамыз. Ән саламыз, би билейміз. Кітап оқимыз. Қолөнермен айналысамыз. Бір-бірімізді жақыннан тануға мүмкіндік туады. Сен үйде ерке болып жүрсең, мында команданың ішінде боласың. Басқалармен достаса жүріп, олармен қалай қарым-қатынас жасау керек, көпшілік жерде өзіңді қалай ұстаған жөн деген сияқты көп нәрселерді үйренесің. Тіпті, асханада көпшілікпен тамақтана отырып, тамақтану мәдениетін де үйренуге тырысасың. Көп нәрсенің жақсы болуы – айналаңдағы достарыңмен қарым-қатынасыңды дұрыстауыңа байланысты екендігін түсінесің. Лагерь бізді айналаға, қоршаған ортаға, бір-бірімізге мейіріммен қарауға тәрбиелейді. Біз «Ақбөбекке» келгенімізге өте қуанып тұрмыз!

Арай Сүгірова:
– Мен «Ақбөбек» лагеріне бірінші рет келіп, сондай қуанып тұрмын. Бұйыртса, мына жып-жылы теңізге сүңгіп шығып, жағасында тырайып-тырайып күнге қыздырынып жатамыз ғой. Бізге, осындай естен кетпес демалыс сыйлаған «Өзенмұнайгаз» компаниясына алғысым шексіз.

Нұрболат Ұзақбай:
– Маған «Ақбөбекте» демалған ұнайды. Мұнда баланың шығармашылығын дамытатын әртүрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Біз сурет саламыз, тоғызқұмалақ ойнаймыз, кітап оқимыз. Бір сөзбен айтқанда, бізге мұнда еркіндік беріледі. Еркіндік біздің көңілімізге сенімділік ұялатады.

«Өзенмұнайгаз» АҚ, Әлеуметтік-әкімшілік департаменті мамандарының сөзіне жүгінсек, жеті ауысымнан тұратын жаздың үш айында «Ақбөбекте» 280 бала демалады. Балалар, жазғы демалысы жайдары, мазмұнды өтсін.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх