«Интеллектуалды кенорын» дегеніміз не?

«Интеллектуалды кенорын» дегеніміз не?
05.02.2016
812
Трансформация

«Интеллектуалды кенорын» дегеніміз не?

Бұл жұмыс істеп тұрған өндіру қорын оңтайлы пайдалану үшін басқару пунктіне скважинадан ақпаратты беруге мүмкіндік беретін инновациялық технология. Интеллектуалды скважина деректерді үздіксіз өңдеуді, жедел бақылау және шұғыл шешім қабылдау үшін ақпараттар мониторингін қамтамасыз етеді. 

Онлайн жүйесінде

«Ембімұнайгаз» АҚ-ында Уаз  – бірінші интеллектуалды кен орны. 2015 жылы компания бастамасы бойынша, сондай-ақ ЕМГ қаражаты мен мүмкіндігі есебінен интеллектуалды кен орнын енгізудің бірінші кезеңі іске асырылды. 
8 штангалы тереңдік сораптық (ШТС) скважинаға интеллектуалды басқару станциясы (ИБС) орнатылды,  ақпарат жолдау тетігі, динамографтармен және басқа да цифрлық құралдармен жабдықталды. Осындай станциялар 23 ЭВС-қа (электровинттік сорап) орнатылып, жабдықталды. 
Бұдан басқа цифрлық жабдықтар мұнай өндіру технологиялық жүйесінде іске қосылған барлық нысандарға орнатылды. 
Интеллектуалды кен орынның жұмысын  қарапайым тілмен айтсақ, скважинаның және басқа өндірістік нысандардың жұмыс істеп тұрған уақытында жиналатын барлық ақпарат Атыраудағы ЕМГ кеңсесіндегі бақылау (ситуациялық) орталығына жолданады. Мұнда ақпараттар талданады, бақылау жасалады және қажет болған жағдайда шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді. 

Неліктен Уаз таңдап алынды?

►  Бұл  2012 жылы өндірістік пайдалануға берілген жас кен орны. 
►  Барлығы 27% өндіру жағдайында, сулануы 59% және алынатын мұнай өнімдері коэффициенті – 0,052 д.ед. жағдайында алынатын қалдық қор әлеуеті 971 мың.т құрайды.  
►  Салыстымалы түрде алғанда шағын өндіру қоры – 35  бірлік скважина (ШТС, ЭВС, фонтан), негізгі бөлігін механикаландырған қор құрайды (33 бірлік).
►  Өндіруші скважиналар айтарлықтай жақын орналасқан. 
► Скважиналардың пайдаланылатын жерүсті жабдықтары және экс-плуатациялық тізбектің техникалық жағдайы қанағаттанарлық жағдайда. 
►  2012 жылы жыл сайын жаңартылып отыратын геологиялық-гидродинамикалық  модель құрылған. 
►  Өндірілетін өнім бойынша бөлек есеп жүргізіледі. 

Өндірістік процестерді бақылау орталығы дегеніміз не?

Бұл ЕМГ кеңсесіндегі арнайы бөлме, мұнда кеніштерден келіп түсетін барлық ақпарат тіркеледі.  Мұнда ақпараттар жинақталып сақталады, оларды үлкен экраннан көруге болады. Бұл өндірістік есептерді, мониторингті жүргізетін талдау жүйесі және жергілікті жерде жабдық жұмысының бұзылуын тіркейді. Экранда онлайн тәртібінде кенорыннан барлық өлшемдер бойынша ақпараттар көрініс табады. Қорыта айтқанда, интеллектуалды кенорынның жұмысы жедел басқару тиімділігін арттыруға бағытталған.

Техника қауіпсіздігі

Интеллектуалды кенорны өндірістік қатерлерді төмендетеді және апаттық жағдайларды алдын ала ескертеді.  Мысалы, диспетчерге дабыл белгісі келіп түседі және жабдық апаттық жағдайда жұмыс істеген сәтте оны автоматты түрде тоқтатады. Жалпы алғанда, интеллектуалды кен орнының нәтижесінде онлайн жағдайында талдау және іс-шаралар көмегімен батпалы жабдықтың жұмыс істемеу санын азайтуға болады.

Интеллектуалды басқару технологиясы енгізілгеннен кейін қандай нәтижелер күтіледі?

Алдын ала бағалаулар бойынша:

1.  Уаз кен орнында қосымша өндіру 3%-ға артады. 
2.  Жерасты жабдықтарын пайдаланудың баяу тәртібі скважиналарды жөндеу санын азайтуға мүмкіндік береді. Ең пессимистік болжамдар бойынша жылына 20-дан 15 жөндеуге дейін.  
3.  Барлық скважиналардың тоқтауын тіркеу скважиналар жұмысын қалыпқа келтіру уақытын 15-20%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
4.  Скважиналарда электр қуатының  үнемделуі 30-40%.
5.  Мұнай өндіру үшін меншікті қуаттылықты азайту қозғалтқыштарды сатып алуға  бюджетті 20-25% -ға қысқартуға мүмкіндік береді.

Өндірістік есеп сапасын арттыру:

1. Жыл соңында тауарлық қорды 25%-ға қысқартуға.
2. Деректердің дұрыстығы мен жеделділігі  басқару есептіліктерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
3. Кен орнындағы барлық оқиғаларды тіркеу кейінгі түзету жасалатын іс-қимылдарға факторлық талдау жүргізуге мүмкіндік береді.

Жобалардың ықпалдастырылуы

УАЗ интеллектуалды кен орны, МТҚ және ТҚКЖЖ – үш пилоттық жобалары бір-бірімен байланысты, бірін-бірі толықтырады. Қарапайым мысал, ықпалдастырылған жүйе нәтижесінде оператордың жұмысы жеңілдейді және жабдықтың жұмыс істемей тұрып қалу уақыттары қысқарады: 
Жабдық істен шыққан жағдайда, операторлар ақпаратты мәліметтер базасынан көреді. Бірнеше минуттар ішінде жүйе жабдықтың істен шығу себебі туралы және әрбір құрылымдық бөлімше мен басқарманың қосалқы бөлшек қорында оның бары туралы ақпаратты береді. Операторға тек сол қосалқы бөлшекті не жабдықты жеткізу туралы мәліметтер базасына тапсырысты енгізуі ғана қалады. Сөйтіп, жабдықтың тұрып қалу уақыты үнемделеді. Ал, бұл өз кезегінде мұнай өндіру деңгейіне оң әсер етеді.

Жобаның жемісті боларына сенеміз

«Уаз» интеллектуалды кен орны концепциясы» сынамалы жобасын енгізу туралы әңгіме басталысымен-ақ біз оны жатырқаған жоқпыз, қайта, қуана қабылдадық. Өйткені, ол бізге артылып отырған сенім ғой. Уазда ұңғымалар бір-біріне жақын орналасқан, ол да жобаны жүзеге асыруға жағымды әсер еткені анық. Интеллектуалды ұңғымалар мәліметтерді үздіксіз өңдеп отыруды және жедел басқарып, шұғыл шешім алуды қамтамасыз етеді. Оның бәрі өндірістік, күрделі және пайдаланым шығындарын азайтуға ықпал етеді деп күтілуде. 
Серік Абдиев, «Қайнармұнайгаз» басқармасының бастығы, «ЕМГ» АҚ

Жеделділік жетістігі

«Уаз» интеллектуалды кен орны концепциясы» сынамалы жобасын енгізу қазіргі заманғы озық технологияларды өндіріске енгізу бағытындағы ұтымды шешім болып отыр. Жоба негізінде 32 ұңғыға интеллектуалды басқару станциялары орнатылды. Соған сәйкес кен орнындағы сол ұңғымалардың жұмысын қадағалап, диагностика жасау үшін қондырылған «Квантор-5» бағдарламасы қашықтықтан технологтар мен геологтар компьютерлерінде ұңғыма сораптарының, құбыр бойы қысымы, яғни мұнай алыну процесінен бастап, оның судан, тұздан арылуы, пеште қыздырылуы, құбырмен Солтүстік Жолдыбай кенішіне айдалуына дейінгі сәттің бәрі мониторда көрініп тұрады. Бұл мұнай өндіру ісіндегі жеделділікті қамтамасыз етеді. 
Асқар Оразалин, өндірістік-техникалық бөлім маманы, «ЕМГ» АҚ

Қоршаған ортаға зиянды әсері жоқ 

«Қайнармұнайгаз» мұнайгаз өндіру мақсатымен қатар қоршаған ортаны қорғауды, аймақтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Соның ішінде «Уаз» кен орнында ауаға зиянды заттарды шығару, шекті-рұқсат етілген концентраттың шамадан артуы байқалмайды. Кеніште газ ауаға жағылмайды, оны өндірістік қажеттілікке, май қыздыру пештеріне пайдаланамыз. Бұрын өндірілген мұнай арнаулы техникамен тасымалданса, бүгінде құбыр арқылы жүреді, ол да көліктің тайғақ жолдарда аударылуынан құтқарып, қауіпсіздік пен экологиялық тазалықты қамтамасыз етіп отыр. Экологиялық жұмыстар бойынша үнемі мониторинг жүргізіліп отырады. Ластанған жерлер қалдықжинағыштарда өңделеді. Жыл сайын жасыл желек санын арттыру да көзделіп отыр.
Гүлшат Самаликова, қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы, «ЕМГ» АҚ

Кәсіби біліктілікті көтереді

Қазіргі таңда Уаз, Қондыбай мұнайгаз өндіру бөлімшесінде 18 жұмысшы қызмет етеді. Олардың біліктілігін көтеріп, тәжірибелерін шыңдауына барлық жағдай жасалып отыр. Бөлімше бастығы Құтжанов Нұрлан модульдық бағдарлама бойынша оқып, біліктілігін көтерсе, шебер Есенгелді Сәрсекеев Дунин қаласына (Қытай) барып тәжірибе алмасып қайтты. Басқа да қызметкерлер көптеген тақырыптар бойынша біліктілігін жетілдіріп, қауіпсіздік пен еңбек қорғау бойынша да жыл сайын оқытылады. 2014 жылы мұнай және газ өндіру операторы Жігер Рақымжанов «Еңбек адамы» байқауына қатысып, «Мұнайгаз саласының үздік жас жұмысшысы» деген марапатқа ие болды. Кеніштегі мамандар жаңа интеллектуалды жобаны да игеріп кетеді деп сенемін. 
Марғат Маженов, мамандар бөлімінің бастығы, «ЕМГ» АҚ

Өндіру қарқынына ықпал етеді

«Уаз» кен алаңында мұнай Юра қабатынан алынуда. Бұл шамамен 600 метр тереңдікте. Интеллектуалды жоба бойынша мұнай өндіру көлемін реттеуге мүмкіндік мол. Электрқозғалтқыштарға басқару блогы команда береді де, ол қажет болған жағдайда мұнай өндіру көлемін көбейту не азайтуға мүмкіндік береді. Егер су көбейіп кетсе арнайы клапан ашылып су сол арқылы басқа желіге кетеді. Яғни бұрынғы задвижка орнын алмастырады. Бұл жерда тағы да адамның қатысы болмайды. Яғни, мұнай өндіру процесі өз қалпында жүреді. Май қыздыру пешін де оператор жақпайды, өзі автоматты түрде жанады. Бұл да үлкен қауіпсіздік. Осы жұмыстың бәрі монитордан тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Мұндағы жұмыс процесінің бәрінде де электр энергиясын пайдалануда айтарлықтай үнем жасалады.  
Ерлан Қасықбаев, геолог, «ЕМГ» АҚ

Қауіпсіздікке көп көңіл бөлінген

Интеллектуалды «Уаз» кен орнында өндірістік қауіпсіздік және еңбек қорғау мәселесі бойынша біраз жетістіктер бар. Айталық, бұрын кеніштегі мұнай өндіру операторлары ұңғымалардың, құбырлардың, топтық өлшеуіш қондырғылардың ақауларын күнделікті бірнеше мәрте жүріп аралайтын-ды. Яғни, ұңғыманың сұйықтық беруі, тереңдік сораптарының жұмысын, қысымын, ұңғылардың тоқтап қалуын ұңғыманың басына барып анықтайтын. Ал, енді жаңа жүйеге сәйкес, бұл жұмыстардың бәрі автоматты түрде анықталады. Бұл операторлардың бұрынғыдай жоғарыдағы жұмыстарды қолмен жасауын шектеп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді әрі еңбек жағдайы да жақсарып қалды деген сөз. Сорапханада өндірілген мұнайды айдау жүйесі өртке қарсы дабыл қаққыштармен және «Бизон» автоматты өрт сөндіру қондырғысымен жабдықталған. Бұл өрт шығу қауіптілігін азайтады.  
Мұрат Биғалиев, еңбек қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі бөлімі бастығының орынбасары, «ЕМГ» АҚ

Әлемдік тәжірибе

Интеллектуалды кен орындар технологиясы он жылға жуық уақыттан бері қолданылып келеді. Әлемде оны әртүрлі атаулармен көптеген ірі мұнай өндіру компаниялары пайдаланады:

► Shell – «Ақылды кен орны», 
► Chevron  – «Интеллектуалды кен орны», 
► BP – «Болашақтың кен орны», 
► Petoro – «Ақылды операциялар», 
► Statoil – «Ықпалдастырылған операциялар», 
► Halliburton – «Шынайы уақыт жағдайында басқару», 
► Schlumberger – «Ақылды скважиналар» және т.б.

Қазақстанда интеллектуалды кен орны технологиясын Теңізшевройл өз жұмысында пайдаланады, алайда «Ембімұнайгаз» АҚ жобасының одан айырмашылығы, егер Теңіз бір кенорын болса, Ембіде жоба бір-бірінен алыс қашықтықта орналасқан көптеген кен орындарын қамтуы тиіс. Бірыңғай ықпалдастырылған жүйені құру, барлық геологиялық-технологиялық ақпараттарды шоғырландырады және диспетчерлікке, сондай-ақ орталық кеңсеге жолдауға, осылайша компанияның мейлінше тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх