Өндірісте өткен өмір

Өндірісте өткен өмір
30.05.2016
460
Қызметкерлер

Өндірісте өткен өмір

Ғалым Құрмашев, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, ӨЭМБ-ның № 9 учаске бастығы:

– Менің мұнай саласында табан аудармастан жұмыс істеп жүргеніме 36 жыл болыпты. Еңбек жолымды «Мангышлакнефть» басқармасында қатардағы инженер болып бастадым. «Жетібайнефть» басқармасында да жұмыс істедім. Одақ кезінде «Союзнефтьавтоматика» деген мекемеде бас инженерден басшылыққа дейін өстім. Қазіргі таңда «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты ӨЭМБ-ның №2 МГӨБ-сын ток көзімен қамтамасыз ететін №9 учаске бастығы болып жұмыс атқарып келемін.
Өздеріңізге белгілі, мұнай өндіру скважиналарының бәрі токпен жұмыс жасайды. Өзен кенорнын алып ағзаға теңейтін болсақ, ток образдап айтатын болсақ, ағзаны іс-әрекетке келтіріп отыратын қан іспетті. Жұмысымыз шынын айту керек өте қауіпті. Сондықтан, жігіттерге тапсырмамен қатар өкім де беріледі. Баршамыз еңбек қауіпсіздігін қатаң сақтаймыз. Біздің учаске өзімізге тиісті 267 скважинаны тоқпен қамтамасыз етеді. Учаскеге келген білікті жас мамандар  қажыр мен жастық лебін ала келді. Қасымдағы жігіттердің бәріне ризамын. Жұмысын тыңғылықты орындап келеді. Олардың әрқайсысы өздеріне тапсырылған аз шаруаның өзін ыждаһатпен атқарады. Бұлар: Мұрат Жанаев, Нұрсұлтан Мыңбаев, Берік Нұрмағамбетов, Ораз Аманқосовтар. Сондай-ақ, бүкіл саналы ғұмырында электромонтер болып абыройлы қызмет атқарып келе жатқан Бағилаш Ермұқанованы да ерекше атап өткім келіп отыр.
Өзімнің екінші отбасыма айналған ұжымда тәртіп, сыйластық, әдеп мықтап орныққан. Өндірістегі ұзақ жылғы тәжірибемде түйгенім: жұмыста ең бастысы тәртіп. Тәртіп кетсе, бәрі кетеді. Жауапкершілік те, өзара сыйластық та.
 Қазақстан мұнайының отаны Құлсарыдағы Қарашүңгіл деген жерде туылғанымды мақтан етемін. Жұмыс-жұмыс деп жүріп 62 жасқа келіп қалғанымызды да байқамай қалыппыз. Бұйыртса, бір жылдан соң, зейнеткерліктің де ауылы алыс емес. 
Қазір мұнайшылардың әлеуметтік жағдайының жақсарғанын көріп, риза боласың. Осыдан 30 жыл бұрын шоқпыт күпәйкені де, ала-құла, жамау-жасқау етікті киіп, табанымыздан су өтіп, сыз тартып жүрген кездерді талай бастан кешкен болатынбыз. Қазіргі әріптестерімнің арнайы киімдерінің сапалылығы мен ыңғайлылығы мені қатты қуантады.
 Меніңше, қазіргі кезде «Өзенмұнайгаз» сияқты алып компанияда жұмыс жасап жүрудің өзі жартылай бақыт, түсінген адамға. Адам тоқшылықтың қадірін біліп, барға қанағат ете білуі керек. Біз зейнеткерлікке жақындаған аға буын, соңымыздан өсіп келе жатқан оты да, ақылы да, қабілеті де бар жас мамандарды көріп, шүкіршілік етеміз. Қайткенде де өмір көші алға жылжи бермек! Ылайым, қазақтың көші тоқтамағай!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх