Геологиялық барлау жалғасуда

Геологиялық барлау жалғасуда
30.05.2016
372
Өндіріс

Геологиялық барлау жалғасуда

«Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты басқармалардың ең жасы – «Қайнармұнайгаз»  мұнай-газ өндіру басқармасы. 1995 жылы ашылған  бастапқыда Солтүстік Қотыртас кен алаңы игеруге берілді. Сол кездегі мұнай өндіру қоры 43 ұңғыма болса, бүгінде барлығы 477 ұңғыма бар. Қазіргі уақытта басқармаға қарасты Б.Жоламанов, Кенбай (Солтүстік Қотыртас, Шығыс Молдабек учаскелері), Уаз және Қондыбай – барлығы 4 кен орны игерілуде. Басқарма 2015 жылы мұнай өндіру жоспарын артығымен орындады. Бұған әрине геологиялық жұмыстардың дұрыс жүргізілуі  де себеп болды.

Басқарманың геология бөліміне қарасты әр кен орнында жоғары білімді геологтар қызмет етеді, соның ішінде Кенбай мұнай өндіру цехы бойынша 4 геолог, Б.Жоламанов кен орнында 1 геолог, Уаз, Қондыбай учаскесінде 1 геолог еңбек етуде. Басқармаға қарасты зерттеу цехында ұңғымаларға гидродинамикалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Мамандар жер асты қабаттарының қысымын, температурасын және де ұңғымалардың сұйықтық деңгейлерін анықтайды. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін мамандар арнайы өлшеуіш құралдармен, техникалармен жабдықталған. Геологтардың басты жұмысы мұнай-газды барлау, өндіру, мұнай өнімін арттыру, сулануынан сақтау режимін ұстану болғандықтан, осы өндіріс орнындағы геологиялық-техникалық шаралардың орындалуы және технологиялық режимді ұстап отыру, әрбір ұңғыманың мұнай өндіруін, су айдауын тексеру, есептеу басқармадағы геология және мұнай кен орындарын игеру бөлімі арқылы жасалынады. 
Геолог-мамандар әр кен орнынан алынған мәліметтерді жинақтап, талдап ары қарай Атырау қаласында орналасқан ғылыми зерттеу институты «Каспиймұнайгаз» ЖШК-мен тікелей байланысып жұмыс жүргізіп отырамыз. «Каспиймұнайгаз» ЖШК, «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты барлық дерлік кен орындары жобасының авторы болып табылады. Ол жерде үлкен жоспарлы жұмыстардың жобалары құжатқа түсіріледі, мысалға, жаңадан бұрғыланатын ұңғымалар нүктесі, мұнай қорын есептеу, қайта есептеу, талдау, өндіріс нысандарына ұсыныстар беру және т.с.с. 
Басқармаға қарасты «Уаз» кен алаңына 2015 жылы ұңғымаларды онлайн жүйесінде  басқаруды жүзеге асыру үшін жасақталған «Уаз цифрлы интеллектуалды кен орны концепциясы» сынамалы жобасын енгізу шеңберінде ұңғымаларға сандық интеллектуалды басқару станциясы енгізілді. Бұл кен алаңында мұнай өндіру қорында 37 ұңғыма бар, соның ішінде электрлі бұрандалы сорап 23 ұңғыма, штангалық тербелмелі сорап 11 ұңғыма, бұрқақты әдіспен 3 ұңғыма бар. Басқарма геологтарының ең басты міндеті өнімді арттыру, өзіндік құнды азайту, ұңғымаларды ұзақ мерзімде пайдалану үшін жұмыстану. Бұл бағытта «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы геолог-мамандары жемісті еңбек етіп келеді. 
Геологиялық зерттеу шараларына келсек, биыл Тайсойған блогы бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асырылмақ. Зерттеулерге сәйкес, Тайсойған блогының солтүстік жағында орналасқан Шығыс Мәтенқожа, Балғұт, Айыртау-1, Байзақ, Қарақұдық геологиялық құрылымында мұнай нышандары байқалады. Ол жерлердің геологиялық құрылымын егжей-тегжейлі зерттеу және мұнай-газ перспективаларын анықтау мақсатында Тайсойған блогында 500 қима шақырым көлемде 2Д нүктесі бойынша сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу ұсынылып, сонымен қатар, Уаз кен алаңының оңтүстік-батыс бағытында У-22 және солтүстік-батыс бағытында У-24 сынама ұңғымаларды бұрғылау жоспарланып отыр. Жоба мақсаты мұнай-газ шөгінділерін анықтау, оның ішінде бор, юра және триас қабаттарын  бағалау болып табылады.
Сондай-ақ, мұнай-газ өнімдерін арттыру және жобалық жоспарды орындау мақсатында биыл 12 мұнай ұңғымасының құрылысын аяқтау жоспары бар, яғни, Уаз кен алаңынан 7 мұнай өндіру ұңғымасын, Б.Жоламанов кен орнынан 4 және Қондыбай кен алаңынан 1 мұнай өндіру ұңғымасын қазу жоспарланып отыр. Жұмыс нәтижелі болған жағдайда мұнай өндіру көлемінің де артары да сөзсіз.

Шынболат Оңғарсынов, 
«Қайнармұнайгаз» МГӨБ басшысының геология және мұнайгаз кен орындарын игеру 
жөніндегі орынбасары

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх